Келіссөз басында жоғары мәртебелі мейман Мемлекет басшысына Дүниежүзілік банк тобының президенті Ажай Банганың сәлемі мен ізгі тілектерін жеткізіп, «Кедейліктен – өркендеуге» халықаралық форумының табысты ұйымдастырылуымен құттықтады.
Сұхбат барысында Дүниежүзілік банкпен стратегиялық серіктестікті, ең алдымен, Тұрақты даму мақсаттарының біріншісі – кедейлікке қарсы күрес саласында кеңейту мәселелері талқыланды.
Аталмыш жаһандық қаржы институтымен практикалық ынтымақтастықтың жоғары деңгейге жеткені атап өтілді. Бүгінде Өзбекстан осы банктің макроаймақтағы жетекші серіктестерінің бірі саналады. Жобалар портфелі 14 миллиард доллардан асып түсті.
Дүниежүзілік банктің белсенді қолдауы арқасында кедейлік деңгейін анықтау әдістемесі жасалды. Қазіргі таңда Өзбекстанда кедейлік пен теңсдік көрсеткіштерін бірлесіп диагностикалау жұмыстары жүргізілуде.
«Кедейліктен – өркендеуге» бағдарламасын іске асыру аясында әйелдер мен жастар үшін жаңа жұмыс орындарын құру, қала және ауылдық елді мекендердің әлеуметтік инфрақұрылымын жаңғырту, туризмді дамытуға бағытталған ортақ жобаны дайындау ұсынылды.
Сонымен қатар жеке сектор жобаларын алға жылжыту, орта мерзімді даму бағдарламаларын әзірлеу, халық санағын өткізу және басқа да басым бағыттарға айрықша назар аударылды.