Қырғызстанның төрағалығымен өтетін саммитке Қазақстан Республикасы, Тәжікстан Республикасы және Түркіменстан президенттері қатысады деп күтілуде.

Аймақ елдері басшылары кездесуінің күн тәртібінде сауда, көлік-логистика, өнеркәсіптік кооперация, инновациялар, азық-түлік қауіпсіздігі, туризм, мәдени-гуманитарлық алмасуды қоса алғанда, түрлі салалардағы практикалық ынтымақтастықты одан әрі кеңейту мәселелері қаралады.

Орталық Азияның тұрақтылығы мен дәйекті дамуына төнетін заманауи қауіптер мен тәуекелдерге қарсы тұрудағы ынтымақтастықты нығайтуға ерекше назар аударылатын болады.

Саммит соңында бірқатар маңызды көпжақты құжаттар қабылдануы көзделген.

Айта кетейік, Орталық Азия елдері басшыларының Консультативтік кездесулерін өткізу туралы бастаманы Өзбекстан Республикасы Президенті Шавкат Мирзияев 2017 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 72-сессиясында көтерген болатын.

Аймақ басшыларының бірінші саммиті 2018 жылдың наурыз айында Нұр-Сұлтанда, екінші саммиті 2019 жылдың қарашасында Ташкентте, үшінші саммиті өткен жылдың тамыз айында Түркіменстанның «Аваза» ұлттық туристік аймағында өтті.