Кездесу басында Олжас Бектенов Мемлекет басшысына Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сәлемін және ең ізгі тілектерін жеткізді.

Жоғары деңгейдегі кездесулерде қол жеткізілген уағдаластықтар аясында Өзбекстан-Қазақстан арасындағы стратегиялық әріптестік пен одақтастық қатынастарды одан әрі дамыту мен нығайтудың өзекті мәселелері талқыланды.

Тауар айналымының тұрақты өсіп келе жатқаны атап өтілді. Автомобиль жасау, электр техникасы, тоқыма өнеркәсібі, металлургия, фармацевтика, құрылыс, ауыл шаруашылығы салаларындағы жобалар сәтті іске асырылып жатыр.

Өзара сауданы ұлғайту және басым салаларда, соның ішінде өңірлік деңгейде өнеркәсіптік кооперацияның ұзақ мерзімді бағдарламасын қалыптастыру бойынша екі ел үкіметтері тарапынан үйлестірілген шаралар қабылдау маңызды екені атап өтілді.