Мемлекет басшысы қатысушыларды мәдениеттер мен өркениеттер тоғысқан қонақжай Өзбекстан жерінде шынайы құттықтады. Сербия Президенті Александр Вучич, Словакия Президенті Петер Пеллегрини, ЮНЕСКО Бас директоры Одри Азуле, сондай-ақ шетел үкіметтері мен халықаралық ұйымдардың өкілдері, барлық делегацияларға конференцияға қатысқаны үшін ризашылығын білдірді.
Президентіміз сөзінің басында осынау кезекті сессияның соңғы 40 жылда алғаш рет ЮНЕСКО-ның Париждегі штаб-пәтерінен тыс жерде өтіп отырғанын атап өтті.
– Мұндай беделді форумның елімізде өтуін ұйымға мүше мемлекеттердің Жаңа Өзбекстанда жүзеге асырылып жатқан кең ауқымды және қарқынды реформаларға деген жоғары сенімінің айқын көрінісі деп қабылдаймыз, – деді Мемлекет басшысы.
Өзбекстан басшысы ЮНЕСКО 80 жылдық тарихында білім, ғылым, мәдениет және ақпарат салаларында жаһандық ынтымақтастықты нығайтуға, өзара сенім мен бірлікті арттыруға зор үлес қосқан беделді халықаралық институтқа айналғанын атап өтті.
Сонымен қатар халықтардың ұлттық ерекшелігі мен мәдени мұрасын сақтау, түрлі діндер арасындағы диалогты дамыту ісінде ЮНЕСКО рөлінің арта түскені айтылды.
– Біздің форумның адамзат тарихында гуманистік идеялар мен өркениетаралық диалогтың бесігіне айналған Самарқанд қаласында өтуі ерекше символдық мәнге ие, – деді Президент.
Мемлекет басшысы Самарқандтың ғылым, әдебиет және мәдениет ордасы ретіндегі бай мұрасын еске салды. Атап айтқанда, Коперник пен Кеплер еңбектерінің негізіне айналған атақты жұлдыздар кестесі жасалған Мырза Ұлықбек обсерваториясын еске салды. Президентіміз қатысушыларды Ұлы Жібек жолының інжу-маржаны, бейбітшілік пен достықтың символы болған Самарқанд рухымен сусындауға шақырды.
Геосаяси шиеленістер мен әскери қақтығыстардың тарихи ескерткіштер мен мәдени мұраға зиян тигізіп жатқаны, ал білім мен цифрлық технологияларды пайдалану мүмкіндіктеріндегі айырмашылықтардың жаһандық теңсіздікті күшейтіп отырғаны атап өтілді.
Өзбекстан Президенті осындай күрделі жағдайда ЮНЕСКО-ның басты міндеттерін жүзеге асыру үшін бірлік пен ынтымақты нығайтудың маңызы зор екенін атап өтті. Өзбекстан ұйымның ізгі мақсаттарына адалдығын және Шығыс пен Батыс, Солтүстік пен Оңтүстіктің арасындағы көпір ретінде сындарлы ынтымақтастыққа ашық екенін тағы бір мәрте растады.
Қазіргі уақытта Өзбекстан ЮНЕСКО-мен 2027 жылға дейінгі бес жылдық ынтымақтастық бағдарламасын жүзеге асырып отыр. Оның аясында ұлы ғалымдар мен мемлекет қайраткерлері – Әбу Райхан Беруни, Ахмед Фарғани, Әмір Темір, Әли Құшшы, Камолиддин Бехзадтың мерейтойларына арналған іс-шаралар өткізілді. Сондай-ақ Хорезм Мәмун академиясы сияқты ғылыми мекемелер мен «Алпамыс» эпосы секілді әдеби жәдігерлердің тарихи датасы кеңінен аталып өтті.
Бүкіләлемдік мұра тізіміне Хиуа, Бұхара, Шахрисабз және Самарқандқа Зарафшан–Қарақұм дәлізі бойындағы ескерткіштер қосылды. Ал Батыс Тянь-Шань мен Тұран шөлдерінің табиғи аумақтары өңірдің бірегей биоалуандығын көрсетеді.
Мемлекет басшысы Өзбекстанның «Шашмақам», «Катта ашула», «Лазги» биі, әския өнері, миниатюра, Наурыз мейрамы, атлас пен адрес тоқу дәстүрі секілді жиырмаға жуық материалдық емес мұрасы ЮНЕСКО тарапынан мойындалғанын еске салды. Ұйымның қолдауымен «Шығыс әуендері», мақам өнері, жыраулық, қолөнер және этноспорт фестивальдері тұрақты түрде өткізіліп келеді.
Өзбекстан бастамасымен қабылданған бірқатар маңызды құжаттар – «Хиуа үдерісі: Орталық Азиядағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту» резолюциясы, «Кіші жастағы балаларды қорғау және білім беру жөніндегі Ташкент декларациясы», сондай-ақ «Ақпаратқа еркін қол жеткізу жөніндегі халықаралық күнге байланысты Ташкент декларациясы» ерекше назар аударылды.
Елімізде ЮНЕСКО кафедралары мен серіктес мектептері жұмыс істеп жатыр. Ташкент және Ферғана қалалары Білім қалаларының жаһандық желісіне енген. Сонымен қатар жүздеген мәдени мұра нысандары заманауи технологиялар мен халықаралық стандарттар негізінде қайта қалпына келтірілді.
Өзбекстан басшысы Самарқандтағы конференция аясында бірқатар қосымша іс-шаралар – Бұхарада заманауи өнер биенналесі, Ташкентте Мектепке дейінгі білім беруді дамыту жөніндегі өңірлік орталықтың ашылуы, Әбу Райхан Беруни атындағы ЮНЕСКО–Өзбекстан халықаралық сыйлығын табыстау рәсімі және музей ісінде жасанды интеллектті қолдануға арналған конференцияның өтіп жатқанын атап өтті. Сондай-ақ Өзбекстан жоғары білім саласындағы біліктіліктерді өзара мойындауға қатысты Жаһандық конвенцияға қосылатынын мәлімдеді.
Мемлекет басшысы ЮНЕСКО қызметінің негізгі бағыттарын ілгерілетуге арналған жаңа бастамалар ұсынды.
Инклюзивті білім беруді дамыту мен жасанды интеллект технологияларын енгізу негізгі басым бағыттардың бірі ретінде атап өтілді. Президентіміз ЮНЕСКО аясында ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған инклюзивті білім беру платформасын құруды және Дүниежүзілік кәсіби білім саммитін өткізуді ұсынды. Өзбекстан ЮНЕСКО қамқорлығымен «Жасанды интеллект – мектеп» атты пилоттық жобаны жүзеге асыруға және Жасанды интеллект этикасы жөніндегі халықаралық сарапшылар форумын ұйымдастыруға дайын екенін білдірді.
Өзбекстан Президенті материалдық емес мәдени мұраны сақтау мәселесіне де ерекше назар аударды. Халық ауыз әдебиеті, қолжазбалар, архивтік және тарихи құжаттар сияқты бірегей мұраларды қорғау мен оларға қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында құрылған ЮНЕСКО-ның «Дүниежүзілік жады» бағдарламасын дамытуға мүдделілік білдірді.
Осыған байланысты 19 қарашаны Халықаралық деректі мұра күні деп жариялау және ЮНЕСКО құрылымында Цифрлық мұра жөніндегі халықаралық институт құру бастамалары көтерілді.
Мемлекет басшысы 2027 жылы Бұхарада ЮНЕСКО-ның «Шығармашылық қалалар желісі» аясында Қолөнер мен халықтық қолданбалы өнер жөніндегі халықаралық конгресс өткізуді ұсынды.
Мемлекет басшысы гендерлік теңдік пен қыз-келіншектердің көшбасшылық қабілеттерін дамыту мақсатында ЮНЕСКО Қыз-келіншектер көшбасшылығы академиясын құруды және Самарқандта бүкіл әлемнің белгілі зерттеушілері, өнер қайраткерлері, педагогтары мен новаторлары қатысатын қыз-келіншектердің білім, мәдениет және ғылым салаларындағы жаһандық форумын өткізу бастамасын ұсынды.
Сондай-ақ климат дағдарысымен күрес мәселесі күн тәртібінің өзегіне айналды.
Өзбекстан басшысы климаттың өзгеруі мәдени мұраға теріс әсер етіп отырғанын айтып, «ЮНЕСКО-ның экологиялық астанасы» атты жаһандық бастама құруды және ЮНЕСКО Атқарушы кеңесінің жаһандану мен климаттық өзгеріс жағдайында мәдени мұраны сақтау туралы резолюциясын әзірлеуді ұсынды. Өзбекстан бұл тақырыпта Хиуа қаласында халықаралық симпозиум өткізуге дайын екенін айтылды.
Виртуалды кеңістікте жалған ақпараттардың таралуына қарсы тұру, қоғамдық пікірді қорғау және кемсітушілікке жол бермеу де басты бағыттардың бірі ретінде айқындалды. Президентіміз Балалар мәдени контентінің халықаралық фестивалін өткізу және ЮНЕСКО-ның медиасауаттылықты дамыту жөніндегі кешенді стратегиясын әзірлеуді ұсынды.
Мемлекет басшысы діндер арасындағы ынтымақты нығайту, радикализм мен исламофобияға қарсы күресу, сондай-ақ ислам мәдениеті мен ағартушылығын әлемге кеңінен таныту қажеттігін атап өтті: «Төзімділік, өзара түсіністік пен татулық сияқты жалпыадамзаттық құндылықтарды насихаттау бүгінде бұрынғыдан да маңызды».
Өзбекстандағы бірегей жобалар — Ислам өркениеті орталығы, Имам Бұхари, Имам Матуриди, Имам Термизи және Бахауддин Нақшбанд ғылыми-зерттеу орталықтарының әлеуетінен мүмкіндігінше пайдалану ұсынылды.
Өзбекстан Президенті форум ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын айқындауға, өзара сенім мен жаһандық серіктестікті нығайтуға және тұрақты дамуды ілгерілетуге серпін беретініне сенім білдірді.
– ЮНЕСКО-ның мәңгілік дәстүрлері мен құндылықтарынан қуат алатын «Самарқанд рухы» ортақ өркендеуге ұмтылуға шақырады, – деді Шавкат Мирзиёев.
Сөзінің соңында Мемлекет басшысы форум қатысушыларына табыс пен жемісті жұмыс тілеп, бейбітшілік, достық және өзара түсіністіктің нышаны болып саналатын Самарқанд қаласында конференцияның өтуі ерекше символдық мәнге ие екенін атап өтті.
Бұл Өзбекстанның жоғары халықаралық беделін, өркениеттер диалогын дамытуға, өзара түсіністікті нығайтуға және адамзаттың мәдени мұрасын сақтау ісіне қосқан үлесін айқындайды.
Ашылу рәсімінің соңында Өзбекстан мен шетелдің өнер шеберлері әзірлеген концерттік бағдарлама ұсынылды. Онда симфониялық оркестр, хор ұжымы және ұлттық ансамбльдің орындауында өзбек классикалық әуендері мен әлемдік музыка жауһарлары заманауи өңдеуде шырқалды.












