Саммитке Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиев, Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмон, Түркіменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов пен Армения Республикасының Премьер-министрі Никол Пашинян қатысты.
Биылғы жылғы ынтымақтастықтың қорытындылары шығарылып, алдағы 2023 жылға арналған басым міндеттер талқыланды. Сондай-ақ өңірлік және халықаралық маңызы бар өзекті мәселелер бойынша пікір алмасылды.
Бүгінде Өзбекстан ТМД аясында үш бағытта: саясат пен қауіпсіздік, экономикалық және гуманитарлық салаларда ынтымақтастықты дамытуда.
ТМД кеңістігінде толыққанды еркін сауда аймағын қалыптастыру және көлік саласындағы өзара тәуелділікті нығайту басым міндеттер қатарында.
Азық-түлік, энергетикалық және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған ұлттық бағдарламалар мен стратегияларды іске асыру бойынша өнеркәсіптік кооперацияны тереңдетуге және күш-жігерді біріктіруге ерекше назар аударылады.
Соңғы жылдары Өзбекстан Достастық аясындағы қатысуын күшейтіп, 40-тан астам көпжақты келісімдерге қол қойды және ТМД-ның 23 салалық органдарына қосылды.
2022 жылы Өзбекстанның Достастық елдермен тауар айырбастау үштен біріге өсіп, 1 мыңнан астам бірлескен кәсіпорын құрылды.