Өзбекстан Президенті елшілерден сенім грамоталарын қабылдады

    7 мамырда Өзбекстанда жаңадан тағайындалған шетел елшілерінің сенім грамоталарын салтанатты түрде тапсыру рәсімі өтті.

    Өзбекстан Республикасының Президенті Венгрия елшісі Йожеф Рожа, Иран Ислам Республикасының елшісі Мұхаммедәли Искандари, Чехия Республикасының елшісі Любомир Фреборт, Оман Сұлтандығының елшісі Вафа әл-Бусаиди, Алжир Халық Демократиялық Республикасының елшісі Мохамед Иркиден сенім грамоталарын қабылдады.

    Мемлекет басшысы шетел дипломатиялық миссияларының басшыларын тағайындалуларымен құттықтап, Өзбекстан мен олар өкілдік ететін елдерді жақындастырудағы және көпқырлы ынтымақтастықты дамытудағы маңызды рөлін атап өтті.

    Өзбекстан Президенті жаһандық геосаяси және экономикалық мәселелер шиеленісіп, тұрақты дамуға қауіп төніп тұрған қазіргі кезеңде елдер арасында сындарлы диалог орнату, достық және өзара тиімді қарым-қатынас орнатуда дипломаттардың қызметі маңыздырақ болып отырғанын атап өтті.

    «Өзбекстан – 2030» стратегиясы Өзбекстан Республикасының сыртқы саясатының ең басым бағыттарын білдіреді. Атап айтқанда, әлемнің барлық елдерімен достық және ынтымақтастық қарым-қатынасын нығайту, экономикамызға шетел инвестициясын тарту, өндіріс пен экспорттық әлеуетті арттыру, жеке секторға барынша қолайлы жағдай жасау.

    – Бүгінгі Өзбекстан – әлемге ашылып келе жатқан, шетелдік әріптестерімен ұзақ мерзімді және жан-жақты қарым-қатынастарды дәйекті түрде дамытып келе жатқан бейбітшілік сүйгіш, әділетті әлеуметті мемлекет, – деді Мемлекет басшысы.

    Мемлекет басшысы Өзбекстан экономикасының кейінгі жеті жылда екі есе өскені, инвестиция көлемінің, тауар айналымының ұдайы өсіп, экспорт географиясының кеңейіп жатқанына назар аударды. Әлемдік жетекші компаниялар мен танымал брендтер Өзбекстан нарығына белсенді түрде енуде.

    Күні кеше 93 мемлекет өкілдерінің қатысуымен өткен үшінші Ташкент инвестициялық форумы мен Шетелдік инвесторлар кеңесінің отырысының сәтті өтуі – соның айқын дәлелі.

    Өзбекстан бұдан былайда халықаралық аренада ашық, прагматикалық және белсенді сыртқы саясатты дәйекті түрде жалғастыратынын атап өткен Мемлекет басшысы елшілердің назарын олар өкілдік ететін елдермен қарым-қатынастарды сапа және мазмұн жағынан жаңа деңгейге көтеру маңыздылығына аударды.

    Венгрия елшісіне арнаған сөзінде Мемлекет басшысы Будапешт Өзбекстанның Еуропадағы маңызды және уақыт сынынан өткен сенімді серіктесі екенін атап өтті.

    – Соңғы жылдары Премьер-Министр Виктор Орбанмен бірлескен күш-жігеріміздің нәтижесінде біздің қарым-қатынасымыз стратегиялық әріптестік деңгейіне көтерілді, – деді Мемлекет басшысы.

    Сондай-ақ, екіжақты тауар айналымы екі есеге өсті, бірлескен кәсіпорындар саны артып келеді, өткен жылы Будапештте Өзбекстан елшілігі ашылды, Венгрияның жоғары оқу орындарында «Stipendium Hungaricum» бағдарламасы бойынша жүзден астам өзбекстандық студенттер білім алуда. «OTP Bank», «Bonapharm», «Gedeon Richter», «Meditop» сияқты бірқатар жетекші венгр компаниялары мен банктері Өзбекстан нарығында табысты жұмыс істеуде.

    Ташкент пен Будапешт арасындағы әуе рейстерінің басталуы іскерлік байланыстар мен туристік алмасуларды одан әрі жандандыруға қызмет ететініне сенім білдірілді.

    Мемлекет басшысы Иран мен Өзбекстан арасындағы қарым-қатынастар мыңдаған жылдық тарихи тамырлардан қуат алатынын атап өтті. Бүгінгі Иран – экономикалық, мәдени және интеллектуалдық әлеуеті зор ел. Жоғары деңгейдегі тарихи сапарлар мен кейінгі жылдарда қол жеткізілген маңызды уағдаластықтар біздің қарым-қатынастарымыздың жаңа өсу кезеңін ашты.

    Барлық деңгейдегі өзара байланыстар белсенді болды. Екіжақты тауар айналымының көлемі артып, бірлескен кәсіпорындардың саны 300-ге жетті. Атап өтілгендей, тараптар тауар айналымын 1 миллиард долларға жеткізу бойынша нақты жоспарларды белгіледі.

    Өзбекстан Иранмен тау-кен, энергетика, химия өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау және фармацевтика салаларындағы ынтымақтастық аясын кеңейтуге мүдделі.

    Көлік дәліздері мен транзит саласындағы ынтымақтастық әлеуетін толық пайдалану маңыздылығы атап өтілді.

    Президент Чехия Республикасы Өзбекстанның Еуропалық Одақтағы дәстүрлі және маңызды серіктесі екенін атап өтті. Өткен жылы үкіметтік делегациялардың өзара сапарлары екіжақты қарым-қатынасымызды жаңа деңгейге көтерді.

    Өткен жылдың өзінде өзара сауданың екі есеге артқанының өзі ынтымақтастықтың зор мүмкіндіктері бар екенін растайды. Өзбекстанда өнеркәсіп, инфрақұрылым, медицина, құрылыс материалдарын өндіру салаларында Чехияның жетекші компаниялары табысты жұмыс істеуде. «Ташкент-Прага» рейсі ашылып жатыр.

    Келісілген инвестициялық жобаларды толық іске асырудың және өнеркәсіптік кооперация бағдарламасын қабылдаудың маңыздылығы атап өтілді. Чехия Экспорт банкі мен Экспортқа кепілдік беру және сақтандыру корпорациясының Өзбекстанның банктік және қаржы нарығына шығу жоспарлары жоғары бағаланды.

    Президент Оман Сұлтандығы Өзбекстанның Таяу Шығыс аймағындағы маңызды серіктестерінің бірі екенін атап өтті. Қасиетті Ислам діні, ұқсас дәстүрлер мен құндылықтар ынтымақтастығымыздың берік негізі болып табылады.

    – Ташкентте Сұлтан Хайсам Әл Саидтың қатысуымен ашылған Шығыстану институтының тамаша кітапханасы – елдеріміз арасындағы достықтың айрықша белгісі, – деді Мемлекет басшысы.

    Екі ел арасындағы ынтымақтастығы әлі пайдаланылмаған үлкен әлеуетке ие. Жақында Үкіметаралық комиссияның отырысын өткізу, Кәсіпкерлер кеңесін құру қажет екені айтылды.

    Ауыл шаруашылығы, көлік-логистика, телекоммуникация, тоқыма өнеркәсібі, туризм сияқты салалар ынтымақтастығының келешегі зор. Өзбекстан-Оман инвестициялық компаниясының мүмкіндіктерін тиімді пайдаланудың маңыздылығы атап өтілді.

    Өзбекстан Президенті Алжирдің араб-мұсылман әлемінде қарқынды дамып келе жатқанын, экономикалық әлеуеті зор мемлекет және Африка құрлығындағы болашағы зор серіктес екенін атап өтті. Алжир Ташкентте өз елшілігін ашқан алғашқы араб елі.

    Жоғары деңгейдегі кездесулер ұйымдастыру, саяси консультациялар тетігін енгізу, екіжақты қарым-қатынастарға тың серпін беретін Үкіметаралық комиссияның бірінші отырысын өткізу қажет екені баса айтылды.

    Мұнай-газ, энергетика, ауыл шаруашылығы және туризм салаларында нақты инвестициялық жобаларды әзірлеу және жүзеге асыру үшін делегациялардың өзара сапарларын ұйымдастыру қажеттігі айтылды.

    Салтанатты жиын соңында Мемлекет басшысы елшілерге абыройлы жұмыстарына зор табыс тілеп, еліміздің өңірлерін аралап, республикада жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысуға шақырды. Бұл ынтымақтастықты нығайтуға қызмет ететіні сөзсіз деп атап өтті.

    Дипломаттар жылы қабылдауға және олардың нәтижелі жұмыс істеулеріне жасалған жағдайға ризашылықтарын білдіріп, Өзбекстанмен көп қырлы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға күш-жігерлерін жұмылдыратындықтарын атап өтті.

    No date selected
    May 2024
    1
    2
    3
    4
    5
    6
    7
    8
    9
    10
    11
    12
    13
    14
    15
    16
    17
    18
    19
    20
    21
    22
    23
    24
    25
    26
    27
    28
    29
    30
    31
    Use cursor keys to navigate calendar dates