Шараға Ауғанстаннан 150 кәсіпкер, ал Өзбекстаннан 50-ден астам компания өкілдері қатысты. Кездесулер азық-түлік өнеркәсібі, құрылыс материалдары, фармацевтика, тоқымашылық және ауыл шаруашылығы сияқты бағыттарда ұйымдастырылды.

Өзбекстанның Сауда-өнеркәсіп палатасы хабарлауынша, форумның ашылуында Балх облысының әкімдігі, Өзбекстанның Сауда-өнеркәсіп палатасы, сондай-ақ Ауғанстанның Сауда және инвестиция палатасы өкілдері сөз сөйледі.

Атап өтілгендей, 2025 жыл бойы Кабул мен Мазари-Шариф қалаларында өткен іс-шараларда шамамен 400 өзбек компаниясы қатысып, жалпы құны 250 миллион АҚШ доллардан асатын келісімшарттарға қол қойылған.

Қазіргі таңда Ауғанстан базарында Өзбекстанның Сауда үйлері қызмет атқаруда. Атап айтқанда, Кабул қаласындағы сауда үйі шоурум мен қоймаға ие болып, құрылыс материалдары мен азық-түлік өнімдерін ұсынуда. Мазари-Шарифтегі сауда үйі құрылыс материалдары, азық-түлік, медициналық құрал-жабдықтар, фармацевтика және электр техникасы өнімдеріне мамандандырылған.

2025 жылдың қорытындысы бойынша екі мемлекет арасындағы сыртқы сауда айналымы 1,8 миллиард АҚШ долларын құрап, 2024 жылмен салыстырғанда 50 пайызға артқан.

Кездесу қорытындысында тараптар 205 миллион доллар көлеміндегі бастапқы келісімдерге қол жеткізді. Аталған бизнес-миссия жаңа ынтымақтастық бағыттарын айқындауға, сауда көлемін ұлғайтуға және инвестициялық әлеуетті дамытуға қызмет етеді деп күтілуде.