Өзбекстан-Әзербайжан стратегиялық әріптестік қарым-қатынастарын одан әрі тереңдету және көп қырлы ынтымақтастықты, ең алдымен, саяси, сауда-экономикалық, көлік-коммуникация және мәдени-гуманитарлық салаларда дамыту мәселелері талқыланды.

Мемлекет басшысы діні, құндылықтары, салт-дәстүрлері, тілі мен мәдениеті біртұтас халықтарымыздың қарым-қатынасы соңғы жылдары жоғары деңгейге көтерілгенін атап өтті.

Өзбекстан басшысы Әзірбайжан халқын белгілі мемлекет қайраткері, ұлттық көшбасшы Гейдар Әлиевтің 100 жылдығымен құттықтады.

Президенттер кеше екі елдің жетекші компанияларының қатысуымен өткен бизнес-форумның қорытындысын жоғары бағалады.

Сауда және өнеркәсіптік кооперацияда қарқынды өсім бар екені қанағаттанушылықпен атап өтілді. Кейінгі жылдары үшінші елдерден келетін қымбат импортты ұлттық өндірушілердің арзан әрі сапалы өнімдерімен алмастыру арқылы тауар айналымын 1 миллиард долларға жеткізуге барлық мүмкіндіктер бар екені көрсетілді.

Өнеркәсіптік кооперация туралы айта келе, Президенттер энергетика, металлургия, минералдық шикізат, машина жасау, электротехника, тоқыма өнеркәсібі, фармацевтика, агроөнеркәсіп және басқа да салалардағы маңызды жобаларды бірлесіп жүзеге асыру туралы берік келісімдерге қол жеткізілгенін құптады.

Осындай жобаларды қолдау үшін Бірлескен инвестициялық қор қаражатын белсенді пайдаланудың маңыздылығы атап өтілді.

Өңірлер арасындағы ынтымақтастықты дамыту, атап айтқанда, олардың өнеркәсіптік әлеуетін ескере отырып, жаңа кооперациялық жобаларды ілгерілету мақсатында облыс әкімдігі басшыларының тікелей байланысы мен тұрақты кездесулерін ұйымдастыру идеясы қолдау тапты.

Көшбасшылар көлік және транзит саласындағы ынтымақтастықты дамытудың стратегиялық маңыздылығын атап өтті.

Өткен жылы Баку порты арқылы Өзбекстан тауарларын тасымалдау көлемі екі есеге жуық артты. Өзбекстан бұдан былай жүк тасымалдауды арттыру үшін Әзірбайжанның заманауи көлік желісін пайдаланбақ.

Осы тұрғыда Транскаспий дәлізі аясында бірлескен логистикалық компания құру, сондай-ақ Баку қаласы мен үшінші елдер порттарында қойма инфрақұрылымы мен логистикалық орталықтарды құру мәселелері талқыланды.

Мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға бағытталған бірқатар келісімдерге қол жеткізілді, оның ішінде Мәдениет және кино күндері, шығармашылық және ғылыми зиялылардың, жастар ұйымдарының кездесулерін өткізуге келісілді.

Жиын барысында келіссөздердің күн тәртібіндегі мәселелер бойынша сыртқы саяси ведомстволар басшыларының, Үкіметаралық комиссия тең төрағаларының, көлік және энергетика, ауыл шаруашылығы және мәдениет министрлерінің баяндамалары тыңдалды.

Соңында Мемлекет басшылары бірлескен «жол карталарын» дайындап, қол жеткізілген келісімдерді тиімді жүзеге асыру тетіктерін белгілеуді тапсырды.