Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа Әлішер Науаиға мүсін орнату бастамасы үшін шынайы ризашылығын білдіре отырып, Қазақстан астанасының төрінде ғажайып монументтің бой көтеруі бауырлас қазақ халқының Өзбекстанға деген терең құрметінің айқын көрінісі екенін атап өтті.
– Ұлы ақын, көрнекті философ Әлішер Науаидың шығармашылық мұрасы – тек өзбек халқына ғана емес, бүкіл әлемге тиесілі бірегей байлық. Науаи шығармалары XVI ғасырда-ақ итальян және неміс тілдеріне аударылып, бүгінде дүние жүзінің дерлік барлық тілдерінде жырланады. Ғасырлар бойы өмірдің қайталанбас энциклопедиясы саналатын оның шығармалары миллиондаған адамдарды таң қалдырып, шабыттандырып келеді, – деді Өзбекстан Президенті.
Хазірет Әлішер Науаидың үлкен қызметі – ол өзбек әдебиеті мен өзбек әдеби тілінің негізін қалаушысы.
Мүсіні Ташкенттің орталық алаңдарының біріне сән беріп тұрған қазақ халқының ұлы перзенті, қазақ әдебиетінің негізін қалаушы Абай Құнанбаев Шығыстың басқа да ұлы ақындары қатарында Әлішер Науаиды өзінің ұстазы санаған.
Науаи мен Абай шығармашылығы – мәңгілік, достық, махаббат пен адалдық поэзиясы. Олардың философиялық көзқарастары ұлттың рухани өсуіне таптырмас қор саналады.
2020 жылы қазақтың көрнекті ақыны марқұм Несіпбек Айтұлы Әлішер Науаидың ең басты шығармасы – «Хамсаны» қазақ тіліне аударып, жарыққа шығарған және бұл кітаптың алғы сөзін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі жазған.
– Әлішер Науаи мүсіні екі халық арасындағы достық пен бауырластықтың тағы бір жарқын символына айналып, оның мұрасы әлі де талай ұрпақты үлкен жетістіктерге жетелейтініне сенімдімін, – деді сөзінің соңында Өзбекстан Президенті.