Әңгімелесу басында Мемлекет басшылары бір-бірін жақындап келе жатқан Наурыз мейрамымен шынайы құттықтап, мықты денсаулық, амандық және табыс, сондай-ақ бауырлас халықтарға бейбітшілік пен өркендеу тіледі.
Екіжақты жоғары деңгейде қол қойылған келісімдер мен уағдаластықтардың жүзеге асырылу мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Екі ел арасындағы саяси диалогты жалғастыру, экономиканың басым салаларындағы ынтымақтастық жобаларын ілгерілету, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық және өңіраралық байланыстарды жандандырудың маңыздылығы атап өтілді.
Сонымен қатар, наурыз айының соңында Тәжікстанда өтетін үшжақты кездесу, сондай-ақ сәуір-мамыр айларында Өзбекстанда өтетін «Орталық Азия плюс» форматындағы саммиттерге дайындық мәселелері талқыланды.