Шараға Біріккен Араб Әмірліктерінің энергетика және инфрақұрылым министрі Сухайл әл-Мазруий, Түркия Республикасының энергетика және табиғи ресурстар министрі Алпарслан Байрактар, Әзербайжан Республикасының энергетика министрі Парвиз Шахбазов, Қырғыз Республикасының энергетика министрі Таалайбек Ибраев, сондай-ақ Дүниежүзілік банк, Еуропалық қайта құру және даму банкі, Азия даму банкі, Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі, Ислам даму банкі және өзге де қаржы институттарының өкілдері, сонымен қатар «ACWA Power» (Сауд Арабиясы), «Aksa Enerji», «Cengiz Enerji» (Түркия), «Masdar» (БАӘ), «China Energy», «Datang», «Sinoma», «Poly», «CNTIC», «Eagle Rise» (Қытай), «EDF», «Voltalia», «TotalEnergies» (Франция), «Siemens Energy» (Германия) және «Nebras Power» (Қатар) компанияларының өкілдері қатысты.

Жаңадан пайдалануға беріліп отырған нысандар – құны шамамен 11 миллиард долларды құрайтын 42 өндіріс, қуат сақтау жүйелері және өзге де инфрақұрылым жобалары – елімізде жүзеге асырылып жатқан ұлттық энергетикалық жүйенің әлеуетін күшейтуге бағытталған кең ауқымды стратегияның бір бөлігі саналады.

Қарақалпақстан, Бұхара, Қашқадария және Ташкент облыстарында жалпы құны 3,3 миллиард доллар болатын қуаттылығы 3500 мегаваттқа тең 16 күн, жел, жылу және гидроэлектр станциялары осы жобалар қатарында.

Толық қуатына шыққан соң бұл станциялар жылына 15 миллиард киловатт-сағат электр энергиясын өндіреді.

Нәтижесінде келесі жылы «жасыл» энергия өндірісі көлемі 23 миллиард киловатт-сағатқа жетеді. Бұл қуат Өзбекстан халқының жылдық электр энергиясына деген сұранысын толық қамтуға қызмет етеді.

Ең маңыздысы – таза энергияның есебінен табиғи газ тұтыну көлемі шамамен 7 миллиард текше метрге қысқарады. Атмосфераға шығатын зиянды заттар көлемі 11 миллион тоннаға азаяды.

Пайдалануға тапсырылып отырған жобалардың қатарында қуаттылығы 1245 мегаватт болатын 10 энергия сақтау жүйесі де бар. Бұл ең жоғары тұтыну кезеңдерінде қосымша 1,5 миллиард киловатт-сағат электр энергиясын желіге жіберуге мүмкіндік береді.

Қосымша ретінде іске қосылатын 11 ірі подстанция мен 420 километр жоғары кернеулі желілер жүйенің тұрақты жұмыс істеуіне қызмет етеді.

Жылына 15 мың трансформатор өндіретін «Angren Energo» және 155 гидроагрегат шығаратын «Uzhydopower» кәсіпорындарының құрылуы да еліміз экономикасына зор үлес қоспақ.

Мемлекет басшысы өз сөзінде бұл тарихи оқиғаның Өзбекстанның тұрақты даму жолындағы тағы бір нақты қадам екеніне сенім білдірді.

– Бүгін жедел қарқынмен өсіп келе жатқан экономикамыз бен халықтың сұранысы және қажеттілігін ескере отырып, энергетика жүйесінде ауқымды реформалар жүргізіп отырмыз. Біз бұл бағытта екі маңызды мақсат айқындалды. Біріншісі – барлық салалар мен өңірлер үшін сенімді әрі үздіксіз энергиямен қамтуды жолға қою. Екіншісі – осы жоспарымызды заманауи, экологиялық таза және қайта жаңғыртылатын балама қуат көздері негізінде жүзеге асыру, – деді Президентіміз.

 

Соңғы жылдары энергетика жүйесіне 35 млрд доллар көлемінде шетелдік инвестиция тартылып, 9 мың мегаватт жаңа қуаттар іске қосылғаны атап өтілді.

Нәтижесінде электр энергиясын өндіру көлемі 2017 жылғы 60 млрд киловатт-сағаттан биыл 85 млрд киловатт-сағатқа жетті.

Қуаты шамамен 5 мың мегаватт болатын күн және жел электр станциялары, 400 мегаватттық гидроэлектр станциялары пайдалануға берілді. Жалпы генерация қуаттарының құрылымында «жасыл» энергияның үлесі биыл 30 пайызға жеткізілмек.

Бұдан бөлек, жеке секторда, халық үйлерінде және әлеуметтік сала нысандарында 2 мың мегаватттық шағын күн панельдері орнатылды. Олар арқылы жылдың өзінде қосымша 2 млрд киловатт-сағатқа жуық баламалы энергия өндірілді. Сондай-ақ республика бойынша 69 мың шақырым электр желілері, 14 мың трансформатор және жоғары кернеулі қосалқы станциялар жаңартылды.

Саладағы мұндай өзгерістер жергілікті кәсіпорындардың дамуына да зор серпін беруде. Биылғы жылдың басынан бері осы кәсіпорындар жаңа салынып жатқан электр станциялары мен желілерге 700 млн доллардың құрылыс материалдарын, металл конструкцияларын, кабель өткізгіштерін, электр жабдықтарын жеткізді, сонымен бірге жобалау-инжиниринг және құрылыс қызметтерін көрсетті.

Мысалы, «Нарин» каскадындағы гидроэлектр станциясының қуаты 38 мегаваттты құрайтын алғашқы гидро станциясы толықтай жергілікті өнімдерді пайдалану арқылы іске қосылды.

Мемлекет басшысы энергетика саласында қол жеткізілген зор жетістіктер мен белестерде инвесторлар мен еліміздің халықаралық әріптестерінің өлшеусіз үлесі бар екенін атап өтті.

Өзбекстан басшысы алдағы 5 жылда 150 млрд доллардан астам шетелдік инвестициялар есебінен мыңдаған өнеркәсіптік және инфрақұрылымдық нысандар іске қосылып, жоғары табысты жұмыс орындары құрылатынын мәлімдеді.

IT, жасанды интеллект және «заттар интернеті» сияқты жаңа бағыттардағы компанияларға қолайлы орта қалыптастыру мақсатында заманауи суперкопьютер кластері мен деректер орталықтарының санын көбейту көзделген.

Осы мақсатта Сауд Арабиясының «DataVolt» компаниясы 3 миллиард доллар инвестиция есебінен қуаты 500 мегаватт болатын деректер орталығын құру жобасын іске асыруға кірісті.

Мұндай ірі көлемдегі жұмыстар электр энергиясына деген сұраныс пен қажеттілікті кем дегенде 1,5 есеге арттырады. Осы себепті Президент алдағы уақыттағы жоспарларға тоқталып өтті.

Бірінші, электр энергиясына деген өсіп жатқан сұранысты қамтамасыз ету үшін 2030 жылға дейін қосымша 17 мың мегаваттан астам жаңартылатын энергия қуаттарын іске қосу жоспарлануда. Нәтижесінде «жасыл» энергияның жалпы генерациядағы үлесі 54 пайызға жетеді.

Жаңа қуаттарды бірыңғай энергетика жүйесіне қосу үшін жоғары кернеулі 6 мың шақырым электр желісі тартылады. Атап айтқанда, келесі жылдың өзінде 1 мың шақырым желі жүргізіліп, қосалқы станциялардағы қуат 6 мың мегаватқа арттырылады.

Екінші, шетелдік инвестицияларды мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде кеңінен тарту. Биылдан бастап жекеменшік әріптестік қағидаттары электр энергиясын өндірумен қатар, оны тұтынушыларға жеткізу ісінде де қолданылып отыр.

Атап айтқанда, Түркияның «Aksa Elektrik» компаниясымен Самарқанд өңірлік электр желілерін жеке басқаруға беру жөнінде келісімге қол жеткізілді.

Бұл компания жоба аясында желіні операциондық басқаруға алып, инвестиция құяды, желілерді жаңғыртады және шығындарды кезең-кезеңімен екі есеге дейін қысқартады. Нәтижесінде жыл сайын орта есеппен 20 миллион доллар үнемделеді.

Осы тәжірибе негізінде келесі жылы Жызақ және Сырдария, 2027 жылы Наманган және Ташкент облыстарының электр желілерін басқару да инвесторларға ұсынылады.

Үшінші, халықтың баламалы энергия көздерін пайдалануын белсенді қолдау.

Жаңа жылда 300 махалла аумағында халықпен кооперация негізінде қуаты 107 мегаватт болатын күн станциялары орнатылады. Бұл әлеуметтік жоба 30 мың күн көрісі төмен отбасының «жасыл» энергиямен қамтылуына мүмкіндік береді. Олар өз қажеттілігінен артылған энергияны желіге беріп, табыс таба алады.

Биыл ел кәсіпкерлері 40 мегаватттық шағын және микро ГЭС-тер салды. Нәтижесінде 120 миллион киловатт-сағат электр энергиясы өндіріліп, олар қосымша табыс көзіне ие болды.

Келесі жылы тағы 65 мегаватттық шағын және микро ГЭС-тер салынады. Бұл жобалар есебінен 80 мың үйдің электрмен қамтылуы түбегейлі жақсарады.

Төртінші, жуырда Бразилияда өткен COP-30 климат конференциясында еліміз Париж келісімі аясында маңызды міндеттеме алды: Өзбекстанда 2035 жылға дейін зиянды газдар шығарындылары 50 пайызға қысқартылмақ.

Осы бағытта Дүниежүзілік банкпен бірлесіп, әлемде алғаш болып инновациялық «iCRAFT» жобасы іске қосылды. Аталған жоба аясында Өзбекстан тарапынан азайтылған 23 миллион тонна парниктік газдар көлемі есепке алынды. Халықаралық деңгейде көміртек бірліктерін саудалау жолға қойылды.

Айта кету керек, биылдың өзінде 17 ірі өнеркәсіп кәсіпорны «жасыл» энергия бойынша халықаралық сертификаттау жүйесіне өтті. Келесі екі жылда мұндай кәсіпорындар саны 100-ге жеткізіледі.

Бесінші, көрші мемлекеттермен бірыңғай энергетика нарығын құру бойынша әріптестікті нығайту.

Өңірдің гидроэнергетикалық әлеуетін тиімді пайдалану және оны бірлесіп басқару мақсатында келесі жылы Қырғызстан және Қазақстанмен «Қамбарата ГЭС-1» жобасын қаржыландыру басталады.

Мемлекет басшысы Еуропаға электр энергиясын экспорттау жөніндегі «жасыл дәліз» жобасы аясында тығыз ынтымақтастық жасап жатқан Әзербайжан мен Қазақстан басшылығының нақты күш-жігерін ерекше атап өтті.

– Бүгін іске қосып жатқан барлық жобаларымыз экономикалық өсуді қамтамасыз етіп, болашақ ұрпақтарымыз үшін жаңа мүмкіндіктер есігін ашады. Осындай белсенді қадамдар мен бастамалар арқылы біз жаңа үлгідегі заманауи энергетика жүйесін толық қалыптастырамыз, – деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Іс-шара соңында Өзбекстан Президенті символдық тетікті басып, 42 энергетикалық нысанның іске қосылуына және келесі 21 нысанның құрылысын ресми түрде бастап берді.