Өзбекстанға орташа қашықтыққа ұшатын жаңа ұшақ әкелінді

    Кезектегі «Airbus A320neo» «Uzbekistan Airways» әуе компаниясының паркін толтырды.

    «Uzbekistan Airways» авиакомпаниясының хабарлауынша, орта қашықтыққа ұшуға арналған әуе лайнер ұзақ мерзімді лизинг негізінде China Aircraft Leasing Group Holdings Limited (CALC) компаниясынан сатып алынған.

    168 орынға арналған «Airbus A320neo» Куала-Лумпурдан Ташкентке «Uzbekistan Airwaysтің» дәстүрлі ливериясында әкелінді. Әуе кемесі ұлттық әуетасушы және CALC лизинг компаниясы арасындағы ұзақ мезімді ынтымақтастықтың басталуы саналады.

    Бүгінгі күні «Airbus A320neo» түрдегі әуе кемесі орта қашықтықтағы лайнерлер арасында ең танымал әрі ең жақсысы болып табылады. Айта кетерлік жайт, алдыңғы буын лайнерлерімен салыстырғанда карбонат ангидрид шығару деңгейі 50 пайызға төмендегеніне байланысты ұшақ бәсекелестері арасында ең экологиялық таза деп саналады.

    «Uzbekistan Airways» әуе компаниясына алғаш «Airbus A320neo» ұшағын Орталық Азия аймағындағы бірінші серіктесіміз ретінде ұсынғанымыздан қуаныштымыз. «Uzbekistan Airways» компаниясының сенімі мен қолдауының арқасында CALC Өзбекстанның ұлттық әуе компаниясымен ынтымақтастықты жолға қойып, Азия аймағында жаңа мүмкіндіктерге ие болуда», - деді CALC бас атқарушы директоры Майк Пун.

    Ұлттық әуе компаниясы жаңа ұшақты Ташкент қаласы мен облыстардан ұшатын рейстерге пайдалануды жоспарлап отыр.