Форумға Өзбекстан Республикасы мен Біріккен Араб Әмірліктері үкіметтері, шетелдік мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың жоғары лауазымды өкілдері, мемлекеттік қызмет саласындағы жетекші сарапшылар және қоғамдық белсенділер қатысып отыр.
Мемлекет басшысы өз сөзінде форумды ұйымдастыруға көрсеткен көмегі үшін БАӘ-нің Үкімет істері жөніндегі министрі Мұхаммед бен Абдуллах әл-Гаргавийге шынайы ризашылығын білдіріп, осы ел халқы мен басшылығын жақындап келе жатқан мереке – Біріккен Араб Әмірліктерінің негізі қаланған күнімен құттықтады.
– Біз Жаңа Өзбекстанды құруда «Халық мемлекеттік органдарға емес, мемлекеттік органдар халқымызға қызмет көрсетуі керек» деген ізгі идеяны басты қағида етіп ұстанып келеміз, – деді Президент.
Елімізде тұрғындар мен бизнес үшін бюрократияны, артық әуре-сарсаңды және өзге де әкімшілік тосқауылдарды жоюға басымдық беріліп келеді. Мемлекеттік қызмет көрсету ұлттық жүйесін түбегейлі реформалау және цифрландыру, мемлекеттік органдар қызметін оңтайландыру, халық пен мемлекеттік құрылымдар арасында тікелей және ашық байланыс орнату бағытында кең ауқымды жұмыстар атқарылды.
Соңғы жылдары республикада бюрократияны қысқартуға бағытталған 9 жарлық пен қаулы қабылданды. Мемлекеттік қызмет көрсету орталықтары, Бірыңғай портал платформасы, «Цифрлық үкімет» секілді жүйелердің іске қосылуы нәтижесінде мемлекеттік қызметтер халық үшін бұрынғыдан да қолайлы, жедел және ашық бола түсті.
Атап айтқанда, 2017 жылы бар болғаны 444 түрлі мемлекеттік қызмет ұсынылса, бүгінде бұл көрсеткіш 1040-қа жетті. Көрсетілген қызметтер саны 10 есеге жуық өсіп, 55 миллионнан асты. 90-нан астам қызмет түрін проактивті және композит форматта көрсету жүйесі жолға қойылды.
Мысалы, тууға байланысты қызметтердің композит түрде көрсетілуі жыл сайын шамамен 1 миллион азаматқа қолайлылық туғызып отыр. Халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына әлеуметтік жәрдемақылар, сондай-ақ жасына байланысты зейнетақылар азаматтардың қосымша өтінішінсіз автоматты түрде тағайындалуда.
Цифрландыру нәтижесінде 30 қызмет түрін нақты уақыт режимінде алу мүмкіндігі жасалды. Биылдың өзінде 8 миллионға жуық қызмет автоматты түрде көрсетілді. Құжат алмасудың электрон форматына көшіру халыққа жылына 23 млрд сум үнемдеуге мүмкіндік беруде.
Сонымен қатар, бизнес өкілдері үшін де жеңілдіктер мен қолайлылықтар жасау мақсатында 160-тан астам лицензия мен рұқсатнама жойылды. 150-ден аса рұқсатнама бүгінде электрон форматта беріліп, 140 құжат пен түрлі анықтамаларды талап ету тәжірибесіне шектеу қойылды.
Мемлекеттік қызметтер экстерриториялық қағидаты негізінде көрсетіле бастады. Сондай-ақ, «Кәсіпті 15 минутта бастау» қағидасы тәжірибеге енгізіліп жатыр.
Мемлекет басшысы бүгін бюрократияны қысқартуға арналған арнайы бағдарлама бекітілгенін мәлімдеді. Бұл құжат ең алдымен мемлекет пен халық, мемлекет пен бизнес, сондай-ақ мемлекеттік құрылымдардың ішкі өзара қатынастарында бюрократияны жоюды және жан-жақты қолайлы мемлекеттік қызметтер экожүйесін қалыптастыруды көздейді.
– Біздің түпкі мақсатымыз – 2030 жылға қарай Өзбекстанды артық бюрократиядан толық арылған елге айналдыру, – деді Президент.
Бағдарлама аясында 2030 жылға дейін орындалатын маңызды міндеттер айқындалды. Атап айтқанда, мемлекеттік қызмет түрлері 1,5 мыңға дейін, электронды қызметтердің үлесі 95 пайызға дейін жеткізіледі. Келер жылдың өзінде 250 қызмет электрон форматына көшіріледі. Мысалы, автокөлік құралын тіркеу, қосылған құн салығын қайтару сияқты қызметтерді онлайн пайдалану мүмкіндігі іске қосылады.
Жаңа Өзбекстанда «Қағазсыз үкімет» жүйесіне толық өтіліп, қағаз айналымынан түгелдей бас тартылады. Қолданыстағы 40 миллион құжаттың 25 миллионы, одан кейінгі жылдың өзінде 5 миллионы цифрландырудан өтеді.
Проактивті және композит қызметтердің саны 400-ге жеткізіледі. Ал келер жылдың өзінде осындай 180 қызмет түрі енгізіледі.
– Нәтижесінде азамат өтініш жасамай-ақ, оған қызмет көрсетілетін жүйеге өтеміз, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен бірге, барлық мемлекеттік қызметтер толық инвентаризациядан өткізіледі. Мұнда өзара қайталанатын, қажетсіз әрі азаматтарға ауыртпалық түсіріп келген талаптар жойылады.
Лицензия мен рұқсатнама беру, коммуналдық желілерге қосылу, құрылыс саласындағы 300-ден астам мемлекеттік қызмет оңтайландырылатын болады. Мысалы, төрт коммуналдық желіге бір ғана бірыңғай өтініш негізінде қосылу мүмкіндігі жасалады.
Қызмет көрсету мерзімдері айтарлықтай қысқартылып, артық құжаттар мен мәліметтерді талап ету тәжірибесі жойылады.
100-ден астам мемлекеттік қызметтің көрсету мерзімі 50 пайызға қысқарады. 110-нан астам ақпарат пен құжатты талап ету толық жойылады.
Мемлекеттік қызметтер порталы, «Лицензия» жүйесі, «Бір терезе» кеден платформасы және колл-орталықтар толықтай жасанды интеллект негізінде жұмыс істеуге көшеді.
Жыл сайын министрліктер мен ведомстволардың қызметі арнайы цифрлық платформа арқылы бағаланатын болады. Ең үздік нәтиже көрсеткен органдар мен қызметкерлерді ынталандыру тәртібі енгізіледі.
Бағдарлама нәтижелілігін тұрақты мониторинг жасау, министрліктер мен ведомстволардың бюрократияны қысқарту жөніндегі әрекеттерін үйлестіру мақсатында арнайы Бағдарлама кеңсесі жұмыс істейді.
Халық пен бизнес өкілдері үшін бағдарламаға тікелей ұсыныстар мен жаңа бастамалар енгізу, сондай-ақ өз тарапынан министрлік пен ведомстволардың бағдарлама аясындағы қызметін бағалау мүмкіндігі жасалады. Бұл мақсатта 3 миллион доллар көлемінде сыйақы қоры құрылады.
Осы қор есебінен бюрократияны жою жөнінде жаңа бастама ұсынған азаматтар, бизнес өкілдері және мемлекеттік қызметшілер арнайы ақшалай сыйлықпен марапатталады.
Сонымен қатар, қосымша номинациялар бойынша да ынталандыру тетіктері енгізіледі.
– Бюрократияны жою – мемлекеттің халыққа қызмет етуге бағытталған басты міндеті. Біз азамат мемлекеттік органға емес, мемлекеттің өзі әрбір азаматқа барып, оның мәселесін шешетін жүйені бірлесіп қалыптастыруымыз керек. Бұл – Жаңа Өзбекстан мемлекеттік басқаруының заманауи және адамға жақын бейнесі болуы қажет, – деді Президентіміз.
Осыдан кейін Мемлекет басшысы символдық батырманы басып, Бюрократияны жою бағдарламасын ресми түрде іске қосты.
Ашылу рәсімінен кейін Президент форум тақырыбы мен ұсынылған бастамалардың маңызы жөнінде қоғам өкілдерімен сұхбаттасты. Елімізде «Адам қадірі үшін» қағидасы барлық реформалардың негізіне айналып отырғаны, бюрократияны жою реформаларының түпкі мәні – әрбір шешім, әрбір қызмет, әрбір үдеріс тек адам мүддесіне қызмет етуі тиіс екені атап өтілді.