Президент Ұлттық эстрада институтында болды

    Президент Шавкат Мирзиёев Өзбекстан мемлекеттік консерваториясы жанындағы Ботир Закиров атындағы Ұлттық эстрада институтының қызметімен танысты.

    Бұл білім ошағы Мемлекет басшысының 2020 жылғы 2 желтоқсандағы шешімі негізінде Өзбекстанның халық әртісі Ботир Закировтың туғанына 85 жыл толуы аясында құрылды. Мәдени-ғылыми мұраны пайдалану, ұлттық эстрада өнерін дамыту, білікті орындаушылар мен педагогтарды даярлау, заманауи әндер тудыру – институттың басты міндеті.

    Өткен жылы институтқа 500 орындық жаңа ғимарат салынып, пайдалануға берілді. Мұнда оқуға, шығармашылықпен айналысуға барлық жағдай жасалған. Аудиториялар қажетті музыкалық аспаптар және жабдықтармен жабдықталған.

    Институтта эстрадалық вокал өнері, аспапта орындаушылық, техноген өнер, композиторлық өнер, өнертану, дирижерлық сынды мамандықтар бойынша мамандар даярлануда. Мұнда бүгінде 479 студент білім алуда. Оларға ұстаздар мен халық әртістері сабақ береді.

    Мемлекет басшысы сабақ барысын бақылап, оқытушылар және студенттермен сұхбат құрды.

    – Ең алдымен, барша өнерпаз жастарымызды осындай оқу ордасымен құттықтаймын. Неліктен біз бұларды істеп жатырмыз? Өнеріміздің ұлан-ғайыр мұрасын дәріптеп, жастарымыздың қабілеті қандай екенін әлемге паш ету үшін. Институтқа Ұлттық өнеріміздегі феномен –Ботир Зокировтың есімін беруіміз тегін емес. Бұл жерде біз оның лайықты ізбасарларын тәрбиелеп, талантын шығаруды мақсат етіп отырмыз, – деді Мемлекет басшысы.

    Оқу орнының кітапханасында сегіз мыңнан астам әдебиет пен ноталар бар. Сондай-ақ ұлттық эстрада өнері бойынша ғылыми-практикалық және шығармашылық зерттеулер жүргізу үшін ғылыми орталық құрылған.