Жиында атап өтілгендей, бүгінгі таңда ақпараттық технологиялар, жасанды интеллект, робототехника, энергетика, электротехника, химия және қорғаныс өнеркәсібі сияқты стратегиялық салалардың қарқынды дамуы көп жағдайда мыс, уран, литий, вольфрам және басқа да маңызды металдардың қорына сүйенеді. Әлемдік нарықта бұл ресурстарға сұраныстың артуы, соның ішінде мыс концентраты нарығында тапшылықтың күшеюі мен бағаның өсуі күтіліп отырғаны тау-кен және металлургия саласындағы жобаларды жеделдетудің өзектілігін арттыра түсуде.

Осыған байланысты 2030 жылға дейін Өзбекстанда алтын өндіру көлемін 175 тоннаға, күмісті 500 тоннаға, уранды 15 мың тоннаға, ал мысты 500 мың тоннаға жеткізу жөнінде белгіленген мақсаттарға жету үшін барлық мүмкіндіктерді толық жұмылдыру қажеттігі айтылды.

Бұл бағытта әрбір ірі жобаны нақты кесте негізінде жүзеге асырып, қаржыландыру, құрылыс, логистика, технологиялық жабдықтау және кадрмен қамтамасыз ету мәселелерін өзара үйлесімді шешудің маңызы атап өтілді.

Отырыста алдымен Алмалық кен-металлургия комбинатында жүзеге асырылып жатқан стратегиялық жобалардың барысы сын тұрғысынан қаралды. Атап айтқанда, 3-мыс байыту фабрикасының келесі кезеңдерін жеделдету жөнінде нақты тапсырмалар берілді.

Сонымен қатар осы жобаның технологиялық жалғасы болып табылатын жаңа мыс балқыту зауытын салу мәселесі қарастырылды. Онда техникалық-экономикалық негіздемені аяқтау, шетелдік сарапшыларды тарту және қысқа мерзімде құрылыс жұмыстарын бастау жөнінде жауапты тұлғаларға нақты міндеттер жүктелді.

Комбинаттың болашақтағы қажеттіліктерін ескере отырып, 4-мыс байыту фабрикасының техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу үшін беделді халықаралық компанияларды тарту қажеттігі де атап өтілді. Бұл құжатта сумен қамтамасыз ету, теміржол, энергетикалық инфрақұрылым, экологиялық талаптар және жоғары тиімді технологияларды кешенді түрде қамту керектігі айтылды.

Жиында биыл салада 90 жоба аясында 2,2 миллиард доллар инвестиция тарту, 172,5 мың тонна мыс, 120 тонна алтын, 210,5 тонна күміс және 8 мың тонна уран өндіру міндеті белгіленгені атап өтілді.

Сонымен қатар бірқатар перспективалы кен орындары мен нысандар бойынша техникалық-экономикалық негіздемелерді жедел аяқтау және сараптама рәсімдерін жеңілдету туралы жаңа шешім мүмкіндіктерін тиімді пайдалану қажеттігі айтылды. Үкіметке осы жобалар аясындағы ұйымдастырушылық және құқықтық мәселелерді қысқа мерзімде шешу тапсырылды.

Энергетикалық ресурстарға сұраныс артып отырған жағдайда көмір өндіру және оны қайта өңдеу жобаларын жеделдету мәселесіне де ерекше назар аударылды. Халық пен өнеркәсіп кәсіпорындарын көмірмен қамтамасыз ету көлемін арттыру жөнінде тапсырмалар берілді.

Науаи кен-металлургия комбинаты қызметі аясында «Мұрынтау» кен орнын кеңейтудің келесі кезеңі, жаңа кен орындарын игеру, күрделі рудалардан алтын алу технологияларын енгізу, сондай-ақ кейбір ірі жобалар бойынша инвесторлармен ынтымақтастық механизмдерін қайта қарау жөнінде тапсырмалар берілді.

Металлургия бағытында «Узметкомбинат» кәсіпорнында өндіріс көлемін арттыру, ішкі шикізат базасын тиімді пайдалану, бәсекеге қабілетті өнім түрлерін көбейту және нарық сұранысына сай металл парақтарын өндіру мәселелері қарастырылды. Бұл бағытта шикізатпен қамтамасыз ету, өнім түрлерін әртараптандыру және жаңа нарықтарды игеру жөнінде нақты шаралар белгіленді.

Жиналыста Технологиялық металдар комбинатының қызметіне де тоқталып, өнеркәсіп үшін маңызды металдар мен күрделі қорытпалар өндірісін кеңейту, селен, теллур, ұнтақ металлургиясы бөлшектері және жоғары қосылған құны бар басқа да өнімдерді өндіру жобаларын жеделдету тапсырылды.

Сала кәсіпорындарында өзіндік құнды төмендету және шығындарды қысқарту мәселелері де талқыланды. Жауапты тұлғаларға бір өнім бірлігінің өзіндік құнын азайту, энергия тұтынуды қысқарту, ресурстарды үнемді пайдалану және ай сайын нақты нәтижелерге қол жеткізуге бағытталған бағдарламалар әзірлеу тапсырылды.

Мемлекеттік сатып алу және кооперация саласында жергілікті компонент үлесін арттыруға ерекше назар аударылды. Осыған байланысты жобалар мен сатып алуларда жергілікті өнім үлесін биыл 2 миллиард доллардан асыру жөнінде нақты көрсеткіштер белгіленді.

Сондай-ақ геологиялық барлау жұмыстарын күшейту, қосымша қорларды анықтау, жаңа кен орындары мен инвестициялық блоктарды инвесторларға ұсыну, көмірсутекке перспективалы аумақтарды экономикалық айналымға енгізу мәселелері талқыланды. Бұл бағытта биыл алтын, күміс, мыс, уран және мырыш қорларын айтарлықтай арттыру тапсырылды.

Кеңесте салада жүзеге асырылып жатқан 22 миллиард долларлық жобалар аясында 38 мың жаңа жұмыс орны ашылатыны, соның ішінде 7,5 мың инженер мен 14 мың орта буын мамандарына қажеттілік туындайтыны айтылды. Осыған байланысты салалық жоғары оқу орындары мен техникумдардың қызметін жаңа талаптарға сәйкес ұйымдастыру, білім беру бағдарламаларын заманауи технологияларға бейімдеу, дуалды оқыту жүйесін кеңейту және дипломдық жұмыстарды өндірістік міндеттермен байланыстыру жөнінде тапсырмалар берілді.

Бұдан бөлек, жоғары оқу орындарындағы ғылыми зерттеулерді комбинаттардағы практикалық технологиялық шешімдерге бағыттау, ғылыми нәтижелерді өндірісте қолдану, студенттер үшін оқу-тәжірибелік полигондар ұйымдастыру және өнеркәсіп кәсіпорындарындағы цехтарды тәжірибе мен зерттеу жұмыстарына бейімдеу тапсырылды.

Жаңа жобалар аясындағы өзекті ғылыми тақырыптардың тізімін ашық жариялау жүйесін енгізу жүктелді. Бұл зерттеулерге саладағы бес жоғары оқу орнымен қатар техникалық бағыттағы барлық мемлекеттік және жеке жоғары оқу орындары мен ғылыми ұйымдар қатыса алады.

Отырыс соңында тау-кен, металлургия, химия және мұнай-газ сияқты базалық салалардағы ірі жобалардың орындалуын жүйелі бақылау мақсатында Президент басшылығымен Өнеркәсіп кеңесін құру туралы айтылды. Кеңес аясында ірі кәсіпорындарды халықаралық стандарттар негізінде трансформациялау, өндіріс шығындары мен энергия тұтынуды азайту, шикізатты терең өңдеу, жергілікті компонент үлесін арттыру, барлық процестерді цифрландыру, жасанды интеллект енгізу, инвестиция мен экспортты көбейту жөніндегі айлық жоспарлар бекітіледі.

Жауапты басшыларға бұл жоспарлардың орындалуын ай сайын өңірлерге барып, кәсіпорындар деңгейінде сын тұрғысынан талқылап отыру, мәселелерді жедел шешу және әр тоқсан сайын есеп беріп отыру тапсырылды.