Жапония Премьер-министрі Санаэ Такаичи төрағалық еткен іс-шараға Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмон және Түркіменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов те қатысты.

Күн тәртібіне сәйкес, Орталық Азия мемлекеттері мен Жапония арасындағы «жасыл экономика» және орнықты даму, өзара байланыстылық пен өңірлік ынтымақтастықты нығайту, адами капиталды дамыту секілді басым бағыттарда өзара тиімді әріптестікті кеңейту мүмкіндіктері талқыланды.

Мемлекет басшысы өз сөзінде бұдан 20 жыл бұрын дәл осы Күншығыс елі «Орталық Азия плюс» диалогының бастамашысы болғанын атап өтті. Ұлы Жібек жолы дәуірінен бастау алған тығыз сауда және мәдени байланыстар, ұқсас салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар, рухани, мәдени және отбасылық құндылықтар Орталық Азия мен Жапония арасындағы көпқырлы ынтымақтастықты дамытуға берік негіз саналады.

— Біз Орталық Азия елдері тәуелсіздік алған кезеңнен бері Жапонияның сенімді серіктес болып келе жатқанын, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, инфрақұрылымын, өнеркәсібі мен энергетикалық базасын жаңғыртуға, ғылым мен білімді, кадрлық әлеуетті нығайтуға қомақты үлес қосып отырғанын жоғары бағалаймыз. Сондықтан Орталық Азия мемлекеттері Жапонияның өңір өміріне одан әрі кең әрі белсенді қатысуына мүдделі, — деді Шавкат Мирзиёев.

Өңірдің табиғи ресурстарға байлығы, әлемдік көлік, сауда және энергетикалық бағыттардың тоғысындағы стратегиялық орналасуы, Орталық Азия елдері экономикасының қарқынды өсімі, сондай-ақ интеграция мен өзара жақындасудың белсенді үдерістері Жапониямен кооперация үшін қолайлы жағдай қалыптастырып отыр.

— Бірлескен күш-жігеріміздің арқасында жаңа белестерді бағындырамыз деп сенемін. Данагөй жапон халқы айтқандай, егер күш бірлесер болса, тауды да орнынан қозғауға болады, — деді Өзбекстан басшысы.

Мемлекет басшысы саммиттің күн тәртібіне көше отырып, «Орталық Азия + Жапония» форматы аясындағы ынтымақтастықты дамыту жөніндегі өз көзқарасын ортаға салды.

Ең алдымен, Мемлекет басшылары деңгейіндегі саммиттерді екі жылда бір рет өткізу ұсынылды. Бұл ынтымақтастыққа жаңа серпін бермек. Осындай келесі кездесулердің бірін Өзбекстанда өткізуге дайындық айтылды.

Жапонияның әділет және құқық саласындағы ынтымақтастық бойынша жаңа тұрақты механизм құру, сондай-ақ келесі жылы Токиода әділет министрлерінің алғашқы кездесуін өткізу жөніндегі бастамасы қолдау тапты.

Мемлекет басшысы Өзбекстанның «Орталық Азия – Жапония 2040» ынтымақтастық стратегиясын әзірлеуді ұсынып, бұл құжатқа аймақ елдерінің орнықты дамуына көмектесу мен оларды жаһандық экономикалық үдерістерге терең интеграциялауға бағытталған нақты бағдарламалар мен жобаларды енгізуді қолдайтынын атап өтті.

Жаңа идеялар мен ұсыныстарды әзірлеу, ынтымақтастықтың ауқымды күн тәртібін қалыптастыру мақсатында елдердің жетекші талдау орталықтары қатысатын Сарапшылар форумын құрудың маңыздылығы атап өтілді. Форумның алғашқы отырысын келесі жылы Ташкентте өткізу ұсынылды.

Өзбекстан басшысы Жапонияның қаржы институттарының Орталық Азиядағы сауда-экономикалық және инвестициялық жобаларды қолдауын кеңейтуін жоғары бағалады.

— Орталық Азияның бай табиғи және кадрлық ресурстарын Жапонияның өнеркәсіптік әрі технологиялық әлеуетімен ұштастыра отырып, өзара толықтыру мен нығайтуда нақты нәтижеге қол жеткізе аламыз деп сенемін, — деді Шавкат Мирзиёев.

Осыған байланысты Орталық Азияның инфрақұрылымы мен өнеркәсібін дамытуға арналған инвестициялық қор құру ұсынылды. Оның негізінде «Сапалы инфрақұрылым» бағдарламасын, сондай-ақ жапон технопарктерінің Орталық Азия желісі — өнеркәсіптік кооперация, жергіліктендіру және технологиялар трансфері жөніндегі өңірлік платформаны іске қосуға болады.

Бүгінде цифрлық трансформация экономикалық өсім мен тұрақтылықтың шешуші факторына айналып отырғанын ескере отырып, Мемлекет басшысы «Орталық Азия – Жапония» цифрлық хабын — цифрлық шешімдер, жасанды интеллект, «заттар интернеті», киберқауіпсіздік және инновациялық экономика салаларындағы көпжақты ынтымақтастық платформасын құрудың маңызын атап өтті.

Жоғары жылдамдықты теміржолдар мен автомобиль жолдарын салу, көлік дәліздерін цифрландыру, әуежайлар мен логистикалық орталықтар құрылысы жобаларына Жапонияның инвестициялары, технологиялары мен сарапшыларын тартуға қызығушылық білдірілді.

«Жасыл» энергетика саласындағы әріптестік аясында когенерация технологияларын енгізу, энергия шығындарын қысқарту, зиянды газдарды шығармау бойынша бірлескен жобаларды іске асырудың маңызы айтылды. Ташкентте Жаңартылатын энергетика саласы бойынша мамандар даярлайтын өңірлік орталық құру ұсынылды.

Мемлекет басшысы экология саласында Орталық Азияда ауа сапасын жақсарту жөніндегі бірлескен бағдарламаны іске қосу, климаттың өзгеруіне қарсы күрес бойынша ортақ іс-қимылдар бағдарламасын қабылдау, сондай-ақ Диалог аясында қоршаған ортаны қорғау ведомстволары басшыларының жаңа форматтағы кездесулерін ұйымдастырудың маңыздылығын айтты.

Жапонияның сейсмикалық қауіпсіздік саласындағы озық тәжірибесін ескере отырып, аймақта сейсмикалық тұрақтылықты бағалау және арттыру жөніндегі бірлескен бағдарламаны іске қосу, Ташкент қаласында жапон стандарттары мен хаттамалары бойынша инженерлер, сәулетшілер және құтқару қызметі мамандарын даярлайтын Аймақтық біліктілікті арттыру орталығын ашу ұсынылды.

Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейту мақсатында келесі жылы Өзбекстанда «Орталық Азия + Жапония» форматында білім министрлерінің алғашқы отырысын, сондай-ақ аймақ жетекші университеттері ректорларының алғашқы форумын өткізу, жастар қауымдастықтары арасында ұзақ мерзімді байланыстарды қалыптастыруға бағытталған Жастарды дамыту жөніндегі аймақтық желілік бағдарламаны қабылдау жоспарлары ұсынылды.

Халықаралық саясат пен аймақтық қауіпсіздік мәселелеріне тоқтала отырып, Өзбекстан басшысы Орталық Азия елдері мен Жапонияның Ауғанстанды бейбіт, тұрақты әрі жасампаз даму жолына түскен мемлекет ретінде көруге ұмтылыстарының ортақтығын атап өтті.

Ауған халқына қолдау көрсету ісінде көп жылдан бері жетекші донор әрі серіктес елдердің бірі болып келе жатқан Жапонияның дәйекті ұстанымы жоғары бағаланды.

Өзбекстан Президенті сөзінің соңында күн тәртібіндегі барлық мәселелер бойынша қабылданатын қарарларды қолдайтынын білдірді.


Саммитте басқа Мемлекет басшылары да сөз сөйледі. Іс-шара соңында Токио декларациясы қабылданды.