Қаланың халық саны мен аумағы ұлғайып келе жатқан қазіргі кезеңде жол инфрақұрылымын дамыту, көлік қозғалысын жеңілдету Ташкент үшін аса өзекті мәселе саналады. Осы мақсатта соңғы жылдары қаланың әр бөлігінде заманауи көпірлер салынып, жолдар қайта жөндеуден өтіп жатыр.

Шота Руставели көшесі Ташкент қаласы аудандарын жалғайтын негізгі магистральдардың бірі. Көлік қозғалысын оңтайландыру мақсатында оның «Мирабад» көшесінен «Чоштепа» көшесіне дейінгі шамамен 7 шақырымдық бөлігі қайта жаңғыртылды.

Енді бұл жол 10 қозғалыс жолағына бөлінген, олардың 6-да жеңіл және жүк көліктері, екі арнайы бағытта автобустар қатынайды, ал қалған екі жолақ көліктердің уақытша тоқтауы үшін арналған.

Мемлекет басшысы мемлекеттік және қоғамдық ұйым өкілдерімен бірге автобустың ішінде жүріп, жаңартылған жолдың жағдайымен танысты, жолаушылармен шынайы сұхбат құрды.

Көшенің ортасындағы арнайы автобус жолақтары дамыған елдердің тәжірибесіне сүйене отырып, алғаш рет Ташкент қаласында BRT (Bus Rapid Transit) — жолаушылар тасымалының жылдам жүйесі негізінде енгізілді. Бұл қоғамдық көліктің қозғалыс қарқынын арттырып, жолаушыларға айтарлықтай қолайлылық тудырды.

Жалпы құны 19,2 миллион долларды құрайтын осы жобаның нәтижесінде жолаушылар ағыны сағатына 2,5 мыңнан 6 мың адамға дейін артты. Сондай-ақ, тәулігіне 40 мың автокөлік өтетін мүмкіндік жасалып, орташа қозғалыс жылдамдығы сағатына 23 шақырымнан 30 шақырымға дейін өсті.

Ең маңыздысы қозғалыс қауіпсіздігі күшейіп, жол-көлік оқиғаларының саны азайды.

Жоба аясында 21 жаңа автобус аялдамасы мен 463 «ақылды» бағдаршам орнатылды. Интеллектуалды көлік жүйесі енгізілді, ал жол жиегінде көлік қоюға арналған орындар қарастырылды.

Сонымен қатар, велосипед жолақтары, көгалдандыру аймақтары мен суару және дренаж жүйелері салынды.

Осы жерде Ташкент қаласында арнайы автобус жолақтарын кеңейту және қаланың шеткі аудандарында көлік тораптарын ұйымдастыру жобаларының таныстырылымы өтті.

– Егер метро салмағанымызда және жаңа автобустар әкелмегенімізде, бүгін Ташкентте көлік қозғалысы әлдеқайда қиын болар еді. Сондықтан халықтың ризашылығын қамтамасыз ету үшін жолдарды реттеп, қоғамдық көлікті дамытып жатырмыз. Мұндай істер барлық қалаларымызда жалғасады, – деді Президент.

Мемлекет басшысы жауапты тұлғаларға қоғамдық көлікті дамыту, кептелістерді азайту және қаланы Жаңа Ташкентпен тиімді байланыстыру жөнінде нақты тапсырмалар берді.

Шота Руставели көшесінің жаңа бейнесі Ташкенттің келбетін айшықтап қана қоймай, астананың заманауи әрі интеллектуалды көлік жүйесіне сенімді қадам басқанын көрсетті.