Мемлекет тарапынан Қарақалпақстан экономикасын көтеруге, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға ерекше көңіл бөлінуде. Кейінгі жеті жылда облыста бұрын-соңды болмаған өзгерістер орын алды. Бұрындары 15 ауданнан 12-сі дотацияда болған Қарақалпақстан бүгінде өз кірісі бар өңірге айналды. Атап айтқанда, 15 триллион сум инвестиция есебінен 5300-ден астам жоба жүзеге асырылды. Арал теңізінің құрғақ аймағының орнына 1 800 000 га жасыл орман өсірілді. 51 мың отбасының тұрғын үй жағдайы жақсарып, 401 махаллада құрылыс және жөндеу жұмыстары аяқталды. Халықтың өмір сүру деңгейі көтерілді.

Қарақалпақстанда бизнеспен айналысу үшін ешбір аймақта жоқ ерекше мүмкіндіктер жасалған. Атап айтқанда, тартымды бизнес-ортаны құру және облыс тұрғындарына қосымша жайлылық жасау мақсатында пайда, айналым салығы, жер және мүлік салығы 2 есеге азайтылып, әлеуметтік салық 1 пайыз мөлшерінде белгіленген. Соның нәтижесінде кәсiпкерлердiң игiлiгiнде жылына 500 миллиард сум қалады.

Осы жұмыстарды жаңа кезеңге көтеру мақсатында соңғы екі жылда Қарақалпақстанда өнеркәсiп, ауыл шаруашылығы, кәсiпкерлiктi дамыту, махалла инфрақұрылымын жақсарту жөнiндегi 7 қаулы мен шешiм қабылданды. Бұл мақсаттарға 400 миллион АҚШ доллары мен 250 миллиард сум бөлінді.

Экономика салалары және, өңірлермен бірлесіп Арал маңындағы қалалар мен аудандарда көптеген жобалар жүзеге асырылуда.

Жиында 2023 жылы атқарылған жұмыстар сараланып, 2024 жылға арналған міндеттер талқыланды.

Бүгінде Қарақалпақстан халқының саны 2 миллион адамнан асты. Жыл сайын еңбек нарығына 50 мың адам келуде. Мемлекет басшысы оларды заманауи мамандықтарға оқытып, тиімді еңбек пен лайықты өмір сүру жағдайын қамтамасыз ету қажеттілігіне назар аударды.

Осы мақсатта биыл да ауқымды жұмыстар жоспарланып отыр. Атап айтқанда, өнеркәсіп көлемі 23 триллион сумға дейін артып, 2 триллион сумдық жаңа қуаттар ашылады. Тоқыма, электротехника, фармацевтика, құрылыс материалдары салаларында құны 5 триллион сумды құрайтын 24 ірі жоба іске қосылады.

2024 жылы облысқа 2 миллиард 100 миллион доллар шетелдік инвестиция тарту жоспарланған. Оның есесіне өнеркәсіпте 206, қызмет көрсету саласында 240, ауыл шаруашылығында 34 инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ. Оларда 13 мыңға жуық жалақысы жоғары жұмыс орындары ашылады.

Қарақалпақстанда өндiрiстiк, ауыл шаруашылығы, туризм және басқа да қызмет көрсету салалары дәйектi түрде дамып келедi. Мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, биылғы жылы экспорт көлемін 160 миллион долларға жеткізу көзделген.

Ауыл шаруашылығында жер өнімділігін арттыру үшін шетелдік гранттар тартылады. 6 мың гектар жерге су үнемдеу технологиясы енгізілсе, 31 мың гектар жер лазермен тегістеледі.

Махалла инфрақұрылымы мен тұрғын үйлер жөнделеді. Жоғары технологиялы медициналық қызметке мұқтаж науқастарды емдеуге 2,3 миллиард сум бөлінеді.

Сонымен қатар, азаматтардың бастамасымен жүзеге асырылатын жобаларға 182 миллиард сум, жыл бойы жергілікті бюджеттен тағы 40 миллиард сум бөлінбек. Шағын және орта бизнесті қолдау бағдарламалары аясындағы жобаларға 10 триллион сум бөлінеді.

Мемлекет басшысы жаңа жұмыс орындарын құру жоспарлары қолда бар әлеуетке сәйкес келмейтініне тоқталып, бұл тұрғыда қосымша мүмкіндіктерді көрсетті.

Мысалы, 51 индустриалды аймақта 775 миллиард сумдық 71 жобаны іске қосып, 1 мың жұмыс орнын ашуға болады. Немесе 10 мың гектар бос жерді сатылымға шығарып, 20 мың кәсіпкерді тартуға болады. Бұл 50 мың жұмыс орны деген сөз. Сондай-ақ 7,5 триллион сумдық жобалар есебінен кен орындарына өнеркәсіпті әкеліп, 10 мың адамды жұмыспен қамтуға болады.

Мемлекет басшысы бұл орайда үлкен мүмкіндіктердің бірі туризм екенін атап өтті. Қарақалпақстанда туризмді, әсіресе, оның эко, этно, зиярат бағыттарын дамыту бағдарламасын әзірлеу, туризм кластерін ұйымдастыру, осы салаға шетелдік мамандарды тарту жөнінде тапсырма берілді. Нөкіс аэропортын дамыту және әуе қатынасын арттыру, жаңа қонақүйлер салу, мұражайларды жаңғырту, жол бойындағы қызметтерді кеңейту міндеттері көрсетілді.

Германия, Оңтүстік Корея, Жапония, Түркия елдерінен сарапшылар шақырылып, жастарды шет тілі, ақпараттық технология, дизайн, қонақ үй қызметі сияқты заманауи мамандықтың 17 түріне оқытудың маңыздылығы сөз болды.

Жауапты азаматтар Қарақалпақстанды жұмыссыздықтан тыс аймаққа айналдыруға барлық мүмкіндіктер бар екенін айтып, бұл бағыттағы атқарылатын жұмыстарды белгілеп алды.