Мемлекет басшысы құрылыс индустриясын дамыту бойынша жиын өткізді

    Президент Шавкат Мирзиёевтың төрағалығымен 23 қыркүйек күні құрылыс индустриясы мен құрылыс материалдары саласын дамыту шаралары бойынша бейнеселекторлық жиын өтті.

    Құрылыс – бұл экономика салаларының барлығына серпін беретін маңызды сала. Әрбір жоба құрылыс материалдары мен жабдықтарға, жұмысшылар мен мамандарға сұранысты арттырады. Жаңа кешендердің айналасында жаңа жұмыс орындары, инфрақұрылым және қызмет көрсету орындары ашылады.

    Кейінг жеті жылда құрылыс материалдары саласына 9 миллиард доллар инвестиция құйылып, 5 мыңға жуық жаңа кәсіпорын ашылып, 94 мың тұрақты жұмыс орны пайда болды. Өндіріс көлемі екі есе өсіп, жылдық айналымы 100 миллиард сумнан асатын кәсіпорындардың саны 150-ден асқан.

    Кейінгі бес жылда құрылыс көлемі екі есе артқан. 650 миллион долларлық жаңа өнімдер өндіріске енгізіліп, құрылыс саласындағы импорттың үлесі 31 пайыздан 25 пайызға дейін төмендеген.

    Құрылыс материалдарының экспорт нарығы кеңейіп, 58 елге жеткізіле бастады. Шетелде 20-дан астам сауда қоймалары мен 50-ден астам дүкендер ашылған. Биыл экспорт көлемін 1 миллиард долларға жеткізу көзделіп отыр.

    Сонымен қатар, салада мәселелер де бар, мүмкіндіктер де мол. Жиында Мемлекет басшысы осы жағдайларды талқылап, жаңа бастамалар мен міндеттерді атап өтті.

    Бүгінгі таңда елде жылына 140 мың тонна өнім шығаратын 7 базальт кәсіпорны жұмыс істейді. Бұл өнімді құрылыс саласында кеңінен қолдану нәтижесінде жаңа үйлер мен әлеуметтік ғимараттардың энергия шығыны 20 пайызға азайған.

    Алайда күн сәулесін шағылыстыратын шыны, вермикулит қоспасы сияқты материалдарды қолданып, энергия шығынын тағы екі есе қысқартуға болады. Ғимараттардың қасбетінде фибро талшықты панельдерді пайдалану да жақсы нәтиже береді. Оны өндіруге қажетті цемент пен байытылған құм елімізде жеткілікті.

    Саланың жауапты мамандарына құрылыс материалдарын өндіру бойынша маңызды тапсырмалар берілді. Атап айтқанда, Қувасайдағы «Кварц» кәсіпорнында 20 миллион долларлық, Жызақтағы шыны зауытында 10 миллион долларлық инвестициялық жобалардың жүзеге асырылатыны айтылды.

    Жалпы, кәсіпкерлермен бірлесіп, 3,5 миллиард долларды құрайтын 350 жаңа жоба жоспарланған. Бұл жобалар құрылысына және жұмыс істеуіне күн көрісі төмен отбасылардан 50 мың азаматты жұмыспен қамту көзделіп отыр.

    Құрылыс материалдарын дайындауда энергия шығынын азайту өте маңызды. Бұл өнімнің өзіндік құны мен нарықтағы бәсекеге қабілеттілігіне әсер етеді.

    Соңғы екі жылда бұл саладағы өндіріс 1,2 есеге өскенімен, осындай үнемдеу шаралар нәтижесінде энергия шығыны 1,3 есеге, ал энергия сыйымдылығы 1,6 есеге азайған. Мысалы, «Қызылқұмцемент» зауытында жылу алмасу жабдықтарын жаңарту арқылы жылына 37 миллион киловатт-сағат электр энергиясы үнемделді.

    Қазіргі уақытта озық шетелдік кәсіпорындар жылу энергиясын қайта пайдалану арқылы электр өндіру технологиясын белсенді қолдануда. Осыған байланысты энергия тұтынуы жоғары 34 кәсіпорында энергия аудиті аяқталып, жылына 300 миллион киловатт-сағат электр энергиясын үнемдеуге болатыны айтылды.

    Республика аумағында шығып жатқан 170 атаулы құрылыс материалдарының 97-сі бойынша ішкі сұранысты қанағаттандырып отыр. Дегенмен, нарық толық зерттелмей, осындай жобалар қайтадан жоспарланған.

    Осы себепті нарық толығымен қамтамасыз етілген құрылыс материалдарының тізімі жарияланатын болады. Ішкі және сыртқы қажеттіліктерге қарай жаңа өнімдер бойынша ұсыныстар дайындалып, ашық порталға орналастырылады. Жобалар «Узсаноатқурилишматериаллари» одағының ғылыми-техникалық кеңесінде қаралады. Бұл одақтың жанынан Корея тәжірибесіне негізделген сынақ зертханасы құрылады.

    Құм мен қиыршық тас кен орындарын аукционға шығару, кен орындарын заңсыз пайдалануға бақылауды күшейту бойынша нұсқаулар берілді.

    Жиында құрылыс саласындағы өзекті мәселелер де талқыланды.

    Кейінг жеті жылда елімізде шамамен 100 миллиард долларлық құрылыс жұмыстары жүргізілді. Бұл саладағы жұмыс көлемі жыл сайын орташа есеппен 7-8 пайызға өсуде.

    Әлемде құрылыс индустриясы күн сайын дамып, жаңа технологиялар мен инновациялар тәжірибеге еніп жатыр. Алайда елімізде әлі де ескі стандарттар мен тәсілдер сақталып отыр.

    Қазіргі заманғы әдістерден қалып қоймау үшін қала құрылысының нормалары мен ережелерін үнемі жаңартып отыру қажет екені атап өтілді.

    Белгілі болғандай, аймақтарда туризм, сауда және қызмет көрсету салаларын дамыту мақсатында шағын аумақтардың мастер-жоспарлары дайындалуда. Мысалы, Бұхара және Науаи облыстарында бұл жұмыстар қарқынды жүріп, алғашқы жер телімдері кәсіпкерлерге сатылған. Алайда кейбір облыстарда бұл үдеріс әлі де баяу екені атап өтілді.

    Облыс әкімдеріне аймақтарды кешенді дамыту және урбанизациялау бойынша 48, туризм аймақтарын құруға бағытталған 20, ал жол бойында сауда және қызмет көрсету орындарын кеңейту бойынша 68 мастер-жоспарды жеделдету тапсырылды.

    Құрылыс сапасына ерекше назар аударылды. Кейбір сапасыз жобалар халықтың наразылығын тудырып жатқаны айтылды.

    Әрбір салынып жатқан нысанды күнделікті қадағалау талабын енгізу белгіленді. Осы мақсатта Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын қадағалау инспекциясының аймақтық басқармаларында штабтар құрылатын болады. Мемлекеттік қаражат есебінен салынатын әрбір ғимаратқа бейнебақылау камералары орнатылып, ақпарат инспекцияға онлайн түрде жеткізіліп отырады.

    Сондай-ақ, заңсыз құрылыстарға қатысты махалла басшылары мен қоғамдық бақылауды күшейту көзделген. Әрбір құрылыс нысанының алдына «QR» кодты ақпарат жазып қойылады. Ол болмаса, құрылыс заңсыз деп есептеледі.

    Жауапты азаматтарға құрылысқа бақылау жасауда жаңа цифрландырылған жүйе құру және тиісті инспекцияның жұмысын жетілдіру туралы тапсырмалар берілді.

    Әрбір облыста құрылған Қала құрылысының кеңестері жұмысына қатысты да көптеген шағымдар айтылды. Кеңеске енгізілген жобаларды қарастыру және келісу айлар бойы созылып кетіп жатыр.

    Осы себепті бұл кеңестермен байланысты барлық үдерістерді толығымен цифрландыру қажеттігі айтылды. Енді барлық жобалар «Шаффоф қурилиш» платформасы арқылы электронды түрде енгізіледі. Кеңес мүшелері жобаны сол платформа арқылы электронды түрде келіседі. Жобаны қарау мерзімі 15 күннен аспайды.

    Тұрғын үйлер құрылысы барысында алаяқтық пен түсініспеушіліктер орын алып жатыр. Сондықтан, енді тұрғын үй сатып алу үшін кепілдік беретін «эскроу» жүйесі енгізілетін болады.

    Бұл жүйеде девелоперлер өздері салған үйлерді сату үшін банктермен келісімшарт жасасады. Пәтер алатын адамдар өз ақшаларын құрылысшыға емес, тікелей банкке тапсырады. Банктер жинақталған қаражатты құрылысшыға ресурс ретінде береді. Яғни, банктер құрылысшы мен сатып алушы арасында «көпір» қызметін атқарып, үйді уақытында әрі сапалы салып, иесіне тапсыруды қамтамасыз етеді.

    Мамандарға осы жаңа тәртіптерді кезең-кезеңімен енгізу бойынша нұсқаулар берілді.

    Құрылыс сапасы қызметкерлердің білімі мен дағдыларына да байланысты. Сондықтан, енді құрылыс саласындағы жұмысшылардың біліктілігін бағалайтын жүйе енгізілетін болады.

    Бұл жүйеде мамандықтарға біліктілік деңгейі мен жұмыс орындарына нақты талаптар белгіленеді. Оны меңгеру үшін талапкерлер кәсіби білім беру мекемелерінде оқытылатын болады. Тәуелсіз немесе шәкірт ретінде үйреніп, біліктілік емтиханынан өткен мамандар оқу курсын аяқтамай-ақ сертификат алады.

    Дәл сондай жүйе жоба ұйымдастырушылары үшін де болады.

    Мемлекет басшысы жиналыста талқыланған мәселелер бойынша кәсіпкерлердің ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Жергілікті шикізаттарды қайта өңдеу, бәсекеге қабілетті өнімдер әзірлеу, міндетті сертификаттау жүйесін енгізу арқылы бәсекелестік ортаны қалыптастыру, құрылысқа жұмысшыларды жеңілдетілген тәртіппен тарту сияқты көптеген ұсыныстар бойынша мамандарға нұсқаулар берілді.

    No date selected
    September 2024
    1
    2
    3
    4
    5
    6
    7
    8
    9
    10
    11
    12
    13
    14
    15
    16
    17
    18
    19
    20
    21
    22
    23
    24
    25
    26
    27
    28
    29
    30
    Use cursor keys to navigate calendar dates