Құрылыс саласында жүзеге асырылып жатқан ауқымды жұмыстар халықты заманауи тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар және қолайлы инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге қызмет етуде. Сонымен қатар, салынып жатқан жаңа тұрғын үйлер қауіпсіздік, сапа, экология және қала құрылысы талаптарына толық сай болуы қажет.

Таныстырылым барысында саладағы мемлекеттік қызметтерді жеңілдету, рұқсат беру үдерістеріндегі бюрократияны азайту, құрылыс нысандарын бақылауды цифрландыру және адам факторын қысқарту бойынша ұсыныстар қаралды.

Атап өтілгендей, қазіргі уақытта құрылысты бастау үшін рұқсат алу кезінде жалпы 8 құжат талап етіледі. Бұл үдеріс кей жағдайларда 3 айдан 12 айға дейін созылады. Осыған байланысты 2 құжатты талап ету тәртібін жою, тағы 2 құжатты цифрлық интеграция арқылы қалыптастыру ұсынылды. Нәтижесінде өтініш беру және қарау уақыты 7 есе қысқарып, тапсырыс берушілердің артық әурешілігі азаяды.

Жаңа тәртіпке сәйкес, жобалауға рұқсат пен сәулет-жоспарлау тапсырмасын беру үдерістері бір құжатқа біріктіріледі. «ShaffofAI» жүйесі арқылы бұл процесс адам қатысуынсыз, автоматты түрде жүзеге асырылмақ. Соның нәтижесінде 30 жұмыс күніне дейін созылатын үдеріс толық автоматтандырылады.

Жобалау-іздестіру, құрылыс-мердігер және сараптама ұйымдарын лицензиялау тәртібі де жаңартылады. Қазіргі кезде өтініш беру барысында 3-тен 30-ға дейін құжат тапсыру талап етіліп, шешім қабылдау 14 жұмыс күніне дейін созылады. Ұсынылып отырған жүйеде мәліметтер электронды базалар арқылы автоматты түрде тексеріліп, құжат тапсыру талабы алынып тасталады. Лицензияны рәсімдеу мерзімі 14 жұмыс күнінен 5 минутқа дейін қысқарады, ал шешім қабылдау үдерісі 97 пайызға жеделдейді.

Құрылыс нысандарын пайдалануға қабылдау үдерісі де жеңілдетіледі. Өткен жылы бұл бағытта берілген 20 мыңнан астам өтініш түрлі себептермен кері қайтарылған. Кемшіліктерді жою үшін тапсырыс берушілер 1 айдан 3 айға дейін уақыт жұмсап отыр.

Енді мемлекеттік нысандарды пайдалануға қабылдау кезінде талап етілетін құжаттар саны 3-тен 1-ге дейін қысқартылады. Техникалық және авторлық қадағалау қорытындылары, сәйкестік декларациясы және басқа мәліметтер цифрлық жүйелер арқылы қалыптастырылады. Бұл нысанды қабылдау мерзімін 2 айдан 15 күнге дейін қысқартуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, ғимараттың беріктігі мен өрт қауіпсіздігіне әсер етпейтін сәулеттік немесе жоспарлық өзгерістерге байланысты нысанды пайдалануға қабылдаудан бас тарту тәжірибесі қайта қаралады. Мұндай жағдайларда қажетті түзетулер енгізіліп, нысанды қабылдауға мүмкіндік жасалады.

Таныстырылымда құрылыс нысандарын онлайн бақылау мәселесіне де ерекше назар аударылды.

Қазіргі тәжірибеде құрылыс нысандарына бейнебақылау камераларын міндетті түрде орнату талабы жоқ. Осыған байланысты алғашқы кезеңде құны 3 миллиард теңгеден асатын әлеуметтік нысандарға, көпқабатты үйлерге, ірі сауда және өнеркәсіп объектілеріне, қонақүйлер мен туристік кешендерге камералар орнату ұсынылды.

Осы арқылы жобадан өз бетінше ауытқу жағдайларын ерте анықтау, құрылыс алаңындағы жұмысшылар есебін нақты жүргізу, «конвертпен» жалақы төлеудің алдын алу, көлеңкелі экономиканы қысқарту және еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету мүмкіндігі артады.

Құрылыста техникалық және авторлық бақылаудың тиімділігін арттыру мәселесі де қаралды. 2025 жылы техникалық және авторлық бақылаушылар нысандарда 42 мың кемшілікті тіркесе, инспекторлар кейін қосымша тағы 250 мыңнан астам заңбұзушылықты анықтаған. Бұл кей жағдайларда бақылау жұмыстарының жеткілікті деңгейде тиімді ұйымдастырылмай отырғанын көрсетеді.

Осыған байланысты «Шаффоф қурилиш» платформасында техникалық және авторлық бақылаушылардың тізілімі мен рейтинг жүйесін енгізу ұсынылды. Олардың қызметі қашықтан бақыланып, іс жүргізу құжаттары электронды форматқа көшіріледі. Рейтинг көрсеткіші төмен бақылаушылар қайта даярлауға жіберіліп, жоғары нәтиже көрсеткендердің сертификат мерзімі ұзартылатын болады.

Құрылыс материалдарының сапасын бақылауда да тиімді тетіктер енгізіледі. Нысанға жеткізілген әрбір құрылыс материалы «nazorat.mc.uz» платформасы арқылы электронды түрде тіркеліп, сапасын растайтын құжаттар міндетті түрде жүйеге жүктеледі. Сапасыз материал пайдаланған құрылысшыларға әкімшілік жауапкершілік белгілеу ұсынылды.

Зертханалық сынақтар бойынша да жаңа тәсілдер қарастырылуда. Алыс аймақтардағы құрылыс нысандарында сынақтарды уақытылы өткізу үшін жылжымалы құрылыс-сынақ зертханаларын ұйымдастыру ұсынылды. Бұл қамтуды екі есеге арттырып, нәтижелерді жедел анықтауға және стандарт талаптарының сақталуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Таныстырылымда заңсыз құрылыстардың алдын алу мәселесі де жан-жақты қаралды. 1 сәуірдегі жағдай бойынша республикада 3 мың 791 заңсыз құрылыс нысаны анықталған. Оның 1 мың 933-і өнеркәсіптік аймақтарда орналасқан. Кейбір нысандарда жерге құқық, жобалауға рұқсат немесе сараптама қорытындыларының жоқ екені белгілі болған.

Мұндай жағдайлардың алдын алу үшін жерге құқық берілген сәттен бастап азаматтар мен заңды тұлғаларға құрылыс талаптары туралы электронды ескертулер жіберу, «Онлайн махалла» және «Шаффоф қурилиш» жүйелерін біріктіру, рұқсатсыз құрылыс салғандарға жауапкершілікті күшейту ұсынылды.

Көппәтерлі тұрғын үй қорын басқарудағы бақылауды күшейту мәселесі де талқыланды.

Қолданыстағы заңнамада көпқабатты үйлердегі тірек конструкцияларын өз бетінше бұзғандарға жедел шара қолдану тетігі жеткіліксіз. 2023 жылы мұндай 563 жағдай тіркелсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 2 мың 484-ке жеткен.

Әсіресе пайдалану мерзімі 50 жылдан асқан үйлерде өз бетінше қайта жоспарлау қауіпті салдарға әкелуі мүмкін. Елде мұндай үйлер саны 15 мың 270-ті құрайды. Осыған байланысты мұндай нысандарда қайта жоспарлау мен қайта құруды шектеу, тірек конструкцияларын бұзғандарға тікелей айыппұл салу құқығын инспекцияға беру ұсынылды.

Кадрлық әлеуетті арттыру мәселесі де назар аударылды.

Ташкент, Наманган және Қаршы қалаларындағы жоғары оқу орындарында Австрияның Вена және Италияның Сапиенца университеттерімен бірлескен білім беру бағдарламаларын іске қосу, болашағы зор мамандарды дамыған елдерге тағылымдамадан өткізу және алған білімдерін тәжірибеге енгізу жүйесін қалыптастыру міндеті жүктелді.

Мемлекет басшысы саладағы жаңашылдықтар нақты тәжірибемен тығыз байланысты болуы тиіс екенін атап өтіп, өңірлік студияларда осы салада қызмет ететін кәсіпкерлердің пікірлерін тыңдады. Ұсыныстарды қолдап, жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар берді.