Өзбекстан жастарын құттықтап, қолдау көрсету үшін осында Президент Шавкат Мирзиёев арнайы келді.
Конгресс орталығының кіреберісінде жастардың әртүрлі саладағы жобалары, жаңалықтары мен жетістіктерінің таныстырылымы өтті. Мәселен, «Жас инноваторлар» көрмесінде инженерия, цифрлық технологиялар, жасанды интеллект және ұшқышсыз құрылғылар ұсынылды. «Жасыл бастамалар» алаңында экология, баламалы энергетика мен ауыл шаруашылығына қатысты жобалар көрсетілді. «Креатив жобалар» бөлімінде қолөнер, дизайн, бейнелеу өнері, видео және продюсерлік бағыттағы жұмыстар орын алған. Ал «Жас кәсіпкерлер мен стартаптар» аймағында табысты жобалар жайында ақпарат берілді.
Атап айтқанда, ташкенттік Рустам Хамдамовтың «Billz» бағдарламасы шағын және орта бизнесті автоматтандыруға көмектеседі. Бүгінге дейін бұл жобаға Ұлыбритания, Сингапур және Түркияның кәсіпкерлері 6,6 миллион АҚШ доллары көлемінде инвестиция құйған.
Қарақалпақстандық жас фермер Шерзод Ниязимбетов органикалық қызанақ өсіріп, күнде кептіріп, қаптап, Италия мен Франция сынды елдерге экспорттауда. Оның кәсіпорнында 200-ге жуық адам жұмыс істейді.
Өзбекстан Президентінің 2019 жылғы қаулысымен құрылған Жастар академиясы құрамында 7 мыңнан астам жас ғалым бар. Көрмеде оларға да үлкен орын берілді. Ташкенттік Сайфулло Қодиров егін алқаптарын цифрлы картаға түсіріп, жоғарыдан дәрі шашуға мүмкіндік беретін дрондар жасап шығарған.
Ғалымдар арасында «Цифрлы ұрпақ қыздары» байқауының жеңімпаз қыздары да көзге түсті. Хорезмдік Лобар Абдуллаева онкологиялық ауруларды жасанды интеллект көмегімен анықтайтын «AI Scan» бағдарламасын жасаған. Қарақалпақстаннан Қумара Сағидоллаева күн энергиясымен жүретін шағын трактор, ташкенттік Абдуллах Жамолиддинов бақшаны автоматты түрде суғару жүйесін ойлап тапқан.
Мемлекет басшысы жастардың жобаларымен танысып, олармен сұхбат құрды.
– Жастарымыздың әрбір жетістігі – біз үшін қуат пен сенім, еліміздің болашағына тірек. Бүгінде балаларымыз заманауи салаларды меңгеріп, алда келеді. Біз оларды қолдап, сапалы білім беріп, жағдай жасасақ – бұдан да үлкен нәтижелерге жетеді, – деді Шавкат Мирзиёев.
Мемлекет басшысы министрліктер мен мекемелерге – жас өнертапқыштарды бейімдеп, жобаларын дамыту бойынша тапсырма берді.
Республикада осындай қабілетті ұл-қыздар көп. Бұл – білім беру, әсіресе STEAM бағыттарына көңіл бөлудің нәтижесі. Соңғы жылдары математика, физика, химия және ақпараттық технологияларға маманданған көптеген мектептер ашылды. «Бір миллион бағдарламашы» жобасы аясында 325 мыңнан астам жас оқытылды.
Жас кәсіпкерлер құрған 261 кәсіпорынның жылдық айналымы 100 миллиард сумнан асқан. Стартаптарды қаржыландыруға 145 миллион доллар көлемінде венчурлық инвестиция салынған.
Мереке аясында өткен кездесуде Президент жастарға жаңа, кең мүмкіндіктер ашып берді.












