Бірінші топқа смартфонға тәуелді екенін мойындағандар, екінші топқа тәуелділігі жоқтар енгізілді. Барлық қатысушылардың миы тыныш күйде МРТ арқылы зерттелді.
Зерттеушілерді әсіресе мидың терең бөлігінде орналасқан, эмоцияларды өңдеу, қауіп-қатерді анықтау және эмоциялық реакцияларды қалыптастыруда маңызды рөл атқаратын шағын құрылым – бадамша дене (амигдала) қызықтырды. Нәтижелер қандай болды деп ойлайсыз?
Гаджетке тәуелді адамдарда оң жақ амигдала мидың әлеуметтік ойлау мен эмоциялық естеліктерді өңдеуге қатысатын бөлігі – самай ұшымен тығызырақ байланысқан екен.

Сонымен қатар сананың негізгі қызметіне жауап беретін бөлігі (прекунес) және кіші мимен байланысы әлсіз болды. Мұндай әлсіз байланыс адамның өз ішкі жағдайына назар аударып, эмоцияларын түсінуін қиындататынын білдіреді.
Осындай өзгерістер сол жақ ми жартышарында да байқалды. Смартфонға тәуелді адамдардың сол жақ амигдала импульстарды тежеуге жауап беретін бөлікпен тығыз байланыста болады. Бұл эмоциялық реакцияларды басқаруда қиындық туғызады.
Ғалымдардың қорытындысы бойынша, адам миы эмоцияларды өзі басқарудың орнына оны сыртқы құрылғыға (гаджетке) жүктеуге үйреніп кетеді.
Авторлардың айтуынша, бұл әзірге зерттеудің бастапқы қорытындылары ғана. Нақты тұжырым жасау үшін сол адамдардың миын бірнеше жыл бойы бақылау қажет.