Президент фармацевтика саласы бойынша тұсаукесермен танысты

    Билік 23 May 2024 1893

    Президент Шавкат Мирзиёев 23 мамыр күні фармацевтика саласының жетістігі мен алдағы жоспарлары туралы тұсаукесермен танысты.

    Экономика мен халық денсаулығын сақтауда маңызды орын алатын бұл салаға ерекше көңіл бөлініп, қажетті құқықтық және ұйымдастырушылық жағдайлар жасалуда. Биылғы жылдың басында ғана осыған байланысты екі құжат қабылданды. Атап айтқанда, Мемлекет басшысының 10 қаңтардағы қаулысына сәйкес 2024-2025 жылдарға арналған фармацевтика саласын дамыту және инвестициялық жобаларды жеделдету бойынша «Жол картасы» бекітілді. 23 қаңтарда қабылданған қаулы фармацевтика саласын реттеу бойынша қосымша шараларды белгіледі.

    Осы саладағы жаңа жобаларға 100 миллион доллар көлеміндегі арзан ресурс бөлінді. Сонымен қатар, «Асака банк» тарапынан 200 миллион доллар тартылды.

    Осы мүмкіндіктердің нәтижесінде өткен 4 айда 30,5 миллион долларды құрайтын екі жоба іске қосылып, 160 жұмыс орны ашылды. 1,5 триллион сум өнімі өндіріліп, 51 миллион долларлық экспорт жасалды.

    Бірақ бұл нәтижелер әлі де жеткіліксіз. Мүмкіндік те, жоспар да орасан.

    Атап айтқанда, биыл 400 миллион доллардың өнімін өндіріп, экспортты 200 миллион долларға жеткізу жоспарланған. 2 миллиард долларды құрайтын 147 жоба іске басталып, оның 28-і биыл іске қосылуы көзделген. Жоспар бойынша 450 түрдегі жаңа өнімді локализациялау қажет.

    Мемлекет басшысы осы мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, ішкі нарықтың сұранысын жергілікті өніммен қамтамасыз ету деңгейін арттыру қажеттігін баса айтты.

    Өндірісті халықаралық стандарттарға көшіру, баға мен сапа арақатынасын қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударылды. Осы мақсатта салада биылғы жылы цифрландыруды 65 пайызға жеткізу, келесі жылы оны толығымен аяқтау міндеті қойылды. Бағаны кем дегенде 20 пайызға төмендетуге болатыны айтылды. Салаға білікті мамандарды даярлау жөнінде тапсырмалар берілді.

    «Tashkent Pharma Park» инновациялық фармацевтикалық кластерінің қызметін жеделдету және құны 470 миллион доллар болатын 12 жобаны іске қосу шаралары қарастырылды.

    Сондай-ақ фармацевтика саласына инвесторлар тарту арқылы жаңа жобаларды ұлғайту туралы ақпарат берілді.