Айта кету керек, «Өзбекстан Республикасы Судьялар жоғары кеңесі туралы» Заңның 9-бабына сәйкес, кеңес төрағасы сот төрелігін жүзеге асыруға кедергі келтіріп отырған факторлар және сот жүйесіндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің жай-күйі туралы жыл қорытындысы бойынша Өзбекстан Республикасының Президентіне ақпарат ұсынуы тиіс.

Мемлекет басшысының 2025 жылғы 26 желтоқсандағы Олий Мажлиске және Өзбекстан халқына Жолдауында сыбайлас жемқорлыққа жол беру – реформаларға жасалған сатқындық екені атап өтіліп, биыл елде оған қарсы күрес бойынша «төтенше жағдай» жарияланған болатын.

Осыған байланысты соттар мемлекеттік биліктің дербес тармағы ретінде «сыбайлас жемқорлықтан арылған» жүйеге айналуда үлгі болуы тиіс.

Сот тәуелсіздігін қамтамасыз ету және судьяларды сыртқы қысымнан қорғау үшін Судьялар жоғары кеңесі тікелей жауапты саналады. 2025 жылы арнайы Жарлық қабылданып, Кеңеске жаңа өкілеттіктер берілді. Сот жүйесіне жоғары білікті кадрлар даярлау жүйесін түбегейлі жетілдіру мақсатында Кеңес жанынан Әділ сот академиясы құрылды.

Өткен жылы Кеңес тарапынан 135 үміткер алғаш рет судья лауазымына тағайындалды, 286 судья қайта тағайындалды, 241 тергеу судьясынан тұратын корпус қалыптастырылды.

Осы кезеңде 59 судьяның өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылды. Атап айтқанда, судьялық антты бұзғаны және Судьялар әдеп кодексінің талаптарын сақтамағаны үшін 19 судья қызметінен босатылды, 3 судья қылмыстық жауапкершілікке тартылды, 58 судьяның лауазымы төмендетілді. Судьялық өкілеттік мерзімі аяқталған 33 судья келесі мерзімге лайықсыз деп табылды, 266 судья тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Өткен жылы сот қызметіне араласу жағдайлары бойынша Бас прокуратураға 5 ұсыныс енгізілді. Сонымен қатар, Кеңестің ресми веб-сайтында судьяның қол сұғылмаушылығының бұзылуы туралы жедел хабарлама жолдауға мүмкіндік беретін арнайы тетік іске қосылды.

Судьялардың тәуелсіздігі мен қол сұғылмаушылығын қамтамасыз ету аясында өңірлік соттар төрағалары шығарған 6 мыңнан астам бұйрық зерделеніп, 231 бұйрықта 314 судьяға сот төрелігіне қатысы жоқ міндеттер жүктелгені анықталды. Оларды жою бойынша нақты шаралар қабылданды.

Осыған байланысты судьяларды өзіне тән емес міндеттерден босату мақсатында сот аппараты қызметкерлерімен жұмыс, материалдық-техникалық қамтамасыз ету және барлық ұйымдастыру мәселелеріне жауап беретін «сот әкімшілігі» институтын құру үшін озық шетелдік тәжірибе зерттеледі.

Судьялардың тәуелсіздігі мен қол сұғылмаушылығын қамтамасыз ету үшін Судьялар тәртіптік алқасын құру арқылы судьяларға қатысты тәртіптік жаза қолданудың бейтарап тәртібін енгізу ұсынылды.

Сондай-ақ судьялар мен олардың отбасы мүшелерінің мүлкін декларациялау жүйесін енгізу, сот аппараты қызметкерлері арасында сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған комплаенс-бақылау жүйесін енгізу, сот аппараты қызметкерлерін жұмысқа қабылдаудың ашық тәртібін қалыптастыру бастамалары көтерілді.

Бұдан бөлек, елде қыз-келіншектерді жан-жақты қолдау жөніндегі мемлекеттік саясат аясында сот жүйесінде гендерлік теңдікті қамтамасыз ету мәселесі талқыланды. Атап айтқанда, 10 наурыз – Халықаралық әйел судьялар күнін атап өту жоспары белгіленді.

Мемлекет басшысы ұсыныстарды қолдап, сот билігінің тәуелсіздігін, судьялардың қол сұғылмаушылығын қамтамасыз ету және сот төрелігін жүзеге асыруға кедергі келтіретін факторларды жою бағытындағы жүйелі шараларды дәйекті түрде жалғастыру жөнінде бірқатар тапсырмалар берди.