Жасалған қолайлы жағдайлар мен берілген жеңілдіктердің нәтижесінде кейінгі сегіз жылда облысқа 3 миллиард АҚШ доллары көлемінде шетелдік инвестиция тартылып, 4 мың өнеркәсіп кәсіпорны іске қосылды. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі екі есеге артып, биыл 17,2 триллион сумға жетеді деп күтіліп отыр. Былғары-аяқкиім, зергерлік бұйымдар, құрылыс материалдары және фармацевтика секілді жаңа салалар қалыптасты.
Кедейлік деңгейін төмендету бағытында да оң нәтижелерге қол жеткізілді. Биыл 126 мың отбасы кедейлік санатынан шығарылып, кедейлік деңгейі 9,3 пайыздан 5,6 пайызға дейін төмендеуі көзделген. «Тупаланг» су қоймасынан құбыр тарту арқылы «Шеробод», «Бойсун», «Бандихон», «Музработ», «Олтинсой», «Ангор», «Жарқорған» және «Денов» аудандарында тұратын 2 миллион тұрғынның ауызсу мәселесі толық шешілді.
Соған қарамастан, табиғи ресурстары мол әрі инфрақұрылымы жеткілікті бола тұра, Сұрхандария облысы өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, қызмет көрсету және туризм салаларында бірқатар өңірлерден артта қалып отырғаны айтылды. Атап айтқанда, облыстағы өнеркәсіп өндірісінің көлемі Сырдария облысына қарағанда 1,5 есе, Жызақ облысынан 1,8 есе және Хорезм облысынан 2 есе төмен.
Жеміс-көкөніс экспорты да Самарқанд, Ташкент облысы, Ферғана және Хорезм өңірлерінің көрсеткіштерінен төмен. Облыстағы жер қойнауындағы қазба байлықтар 600 миллиард АҚШ долларына бағаланатыны, алайда бұл әлеуеттің тіпті 10 пайызы да толық пайдаланылмай отырғаны айтылды.
Осыған байланысты облысты инвестиция, жұмыс орны, халық табысы мен экспорт қарқыны ең жылдам өсетін өңірге айналдыру міндеті жүктелді.
Жиында келесі жылы облыста анықталған 114 кен орнының қорлары негізінде жаңа жобаларды орындау қажеттігі атап өтілді. Алдағы жылы осы кен орындарында жалпы құны 3,2 миллиард доллар болатын 91 жобаны бастау, оның ішінде 2 миллиард долларлық бөлігін пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Сондай-ақ драйвер жобалардың инфрақұрылымына 175 миллиард сум бөлініп, соның есебінен 1 триллион 200 миллиард сумдық 36 жоба негізінде 9 мың жаңа жұмыс орны ашылады.
Туризм саласы талқыланған кезде облыста небәрі 47 қонақүй жұмыс істейтіні, 4 және 5 жұлдызды немесе брендтік қонақүйлердің жоқтығы сөз болды. «Бойсун», «Сангардак» және «Омонхона» секілді туристік әлеуеті жоғары аумақтардың мүмкіндіктерін толық пайдаланып, қонақ үйлер санын арттыру, жаңа туристік бағыттар мен нысандарды дамыту қажеттігі айтылды.
Ауыл шаруашылығында жеміс-көкөніс өндірісінің 60 пайызы «Денов», «Шеробод», «Қумқорған», «Жарқорған», «Музработ» және «Сариосиё» аудандарына тиесілі екені атап өтілді. Келесі жылы «Ангор», «Қизириқ», «Термез», «Узун» және басқа да мамандандырылған аудандарда экспортты арттыруға бағытталған нақты жобалар әзірлеу тапсырылды.
Жиында Сұрхандария облысының әкімі осы мүмкіндіктерді іске қосу жөніндегі жоспарларын таныстырды.
Мемлекет басшысы өңірде жолдарды жөндеу, тұрғын үй салу және әлеуметтік инфрақұрылымды жақсарту бойынша да тиісті тапсырмалар берді.