Су тапшылығы сезілетін біздің аймақта оны қадірлеу және үнемдеу аса өзекті мәселе. Өзбекстанда бұл бағытта жүйелі түрде жұмыстар атқарылып, суару жүйелері жөнделіп жатыр және су үнемдейтін технологиялар енгізілуде.
Атап айтқанда, 2020–2024 жылдары осы мақсаттарға 60 триллион сум бюджет қаржысы және 622 миллион доллар көлемінде шетелдік инвестиция бағытталған. Нәтижесінде, 2020 жылы су үнемдейтін технология қолданылған алқаптар барлық суармалы жердің 4 пайызын құраса, 2025 жылға қарай бұл көрсеткіш 50 пайызға жетті.
Енді осы жұмыстардың заңды жалғасы ретінде 2025–2028 жылдарға арналған су ресурстарын басқару және ирригация секторын дамыту бағдарламасы әзірленді.
Таныстырылым барысында жауапты жетекшілер онда көзделген шаралар туралы ақпарат ұсынды.
Бағдарламада су ресурстарын ұтымды пайдалануға басымдық берілген. Осы мақсатта 2 551 шақырым ирригация желілерін қайта жаңғырту, сорғы станцияларындағы ескі жабдықтарды үнемді түрлеріне ауыстыру арқылы олардың жылдық электр энергиясы тұтынуын 6,8 миллиард кВт/сағаттан 6,2 миллиард кВт/сағатқа дейін азайту көзделген.
Жердің жағдайы да су шығынына тікелей әсер ететін маңызды фактор. Сондықтан бағдарламада су жеткізілу деңгейі төмен суармалы жерлер көлемін 424 мың гектардан 276 мың гектарға дейін қысқарту жоспарланған. Сондай-ақ әртүрлі деңгейде сортаңданған және жер асты суы деңгейі жоғары алқаптарды азайту көзделіп отыр. Нәтижесінде пайдаланудан шыққан 460 мың гектар жер қайта егін шаруашылығына қайтарылады.
Сонымен қатар, 1 миллион 400 мың гектар алқапта су үнемдейтін технологиялар, оның ішінде 293 мың гектарда тамшылатып суару жүйесі енгізіледі. 20 ірі нысанда бақылау-өлшеу құралдары жаңартылады.
Су есебін жүргізуде адами факторды азайту үшін 12 мың мелиоративтік бақылау ұңғымасында және 1 750 сорғыда заманауи мониторинг жүйесі енгізіледі. 12 ірі гидротехникалық нысан сандық технология негізінде автоматтандырылған басқаруға көшіріледі.
Бағдарлама нәтижесінде бетон қаптамалы каналдардың үлесі қазіргі 39 пайыздан 47 пайызға дейін өседі. Ирригация желілерінің сапасы жақсарып, су жоғалту азаяды. Үнемдеудің арқасында биыл 10 миллиард, ал 2028 жылға қарай 14 миллиард текше метр су үнемделеді деп күтіліп отыр.
Мемлекет басшысы ұсыныстарды мақұлдап, Өзбекстан Республикасында су ресурстарын басқару және ирригация секторын дамыту жөніндегі 2025–2028 жылдарға арналған бағдарламаны бекітті.
Тұсаукесерде сондай-ақ саланың тиімділігін арттыру, цифрландыру және жекеменшік сектордың қатысуын кеңейту мәселелері бойынша ақпарат берілді.
Қазіргі таңда облыстар, аудандар және шаруашылықтар деңгейіндегі 18 755 гидробекетті автоматтандыру басталды. Келесі кезеңде су бөлу нүктелерінде осындай жүйелер орнатылады.
Су шаруашылығын цифрландыруға ерекше көңіл бөлінді. Салаға қатысты 11 бағдарламаны біріктіретін бірыңғай платформа әзірлеу, IT-орталық пен Жағдайлар орталығын құру тапсырылды. Бұл ретте «Узбеккосмос» мүмкіндіктері кеңінен пайдаланылады.
5 200 сорғы электр және су есептегішпен жабдықталып, ірі сорғылар баламалы энергия көздеріне ауыстырылады. Алынған деректер цифрлық платформада жинақталып, суды пайдалану тиімділігі тұрақты түрде талданады.
Қазіргі таңда 2 612 су нысаны мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында берілген. Енді ірі сорғылар да жеке секторға ұсынылады. Олардың әрқайсысы үшін арнайы тартымды шарттар әзірленеді.
Өткен жылы аудандық ирригация бөлімдері негізінде 159 «Су жеткізу қызметі» мемлекеттік мекемесі құрылған еді. Енді олардың өз қаржысын дербес бөлу құқығын беру көзделген.
Салада көрсетілетін қызмет сапасы мен тиімділігін арттыру мамандардың біліктілігіне де байланысты. Осы мақсатта 200 орындық біліктілікті арттыру орталығын ашу жоспарланып отыр.
Президент салаға қатысты нормативтік құжаттарды жетілдіру, суды пайдалану тиімділігін арттыру және қоғамда суды үнемдеу мәдениетін күшейту бойынша тапсырмалар берді.






