Өзбекстан 2030 жылға дейін экспорт көлемін 45 миллиард долларға жеткізуді мақсат етіп отыр. Бұл көрсеткішке қол жеткізу үшін дәстүрлі нарықтармен шектеліп қалмай, маржасы жоғары жаңа нарықтарға шығу қажеттігі атап өтілді.

Осы бағытта сыртқы нарықтардағы жетекші тұтынушылық сегменттер мен сұранысы жоғары өнімдерге терең талдау жүргізілген. Нәтижесінде құрылыс материалдары, жеңіл өнеркәсіп, электр техникасы, азық-түлік, тұрмыстық химия, машина жасау және металл өнімдері бойынша экспортты ұлғайтуға елімізде айтарлықтай қор мен мүмкіндік бар екені анықталды.

Таныстырылымда мүмкіндігі мол нарық саналатын мемлекеттермен жеңілдетілген сауда қатынастарын жолға қою, сауда-экономикалық байланыстарды күшейту, сондай-ақ экспорт-импорт көлемінің артуына сәйкес шекара өткізу бекеттерінің инфрақұрылымы мен өткізу қуатын кеңейту қажеттігі айтылды.

Мемлекеттік органдар өкілдері отандық өнімдердің сыртқы нарықтағы орны, сұранысы жоғары тауар түрлері, шетелдік серіктестермен жүзеге асырылып жатқан бірлескен жобалар және экспортты әртараптандыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы ақпарат берді. Қолда бар әлеуетті толық пайдалану, жаңа нарықтарды игеру және сыртқы сауда тетіктерін оңайлату тапсырылды.

Қазіргі таңда 81 мемлекеттік орган кәсіпкерлерге 739 түрлі қызмет көрсетіп келеді.

Алайда осы қызметтердің 576 түрі әр жерде жеке көрсетілгендіктен, кәсіпкерлердің құжат жинап, көптеген мекемені аралап жүр. Мысалы, ет өнімдерін өндіру үшін 17 кезеңнен өтіп, 10 мекемеге бару қажет.

Сонымен бірге бухгалтерия, салық, экспорт және сертификаттау бойынша кеңес беретін бірыңғай жеке сервис орталығы жоқ. Мұндай қызметтерді банктер, сақтандыру компаниялары, биржа, брокерлер мен логистика операторларының, сондай-ақ бизнес-білім беру мен тренинг бағдарламаларының жұмысы аясында біріктіруге болады.

Таныстырылымда кәсіпкерлерге арналған барлық мемлекеттік және жеке қызметтерді бір жерге шоғырландыратын «Бизнес серіктесі» орталықтарын құру ұсынылды.

Жоспарға сәйкес, Сауда-өнеркәсіп палатасы жанынан құрылатын бұл орталықтарда барлық мемлекеттік және жеке қызметтер «бір терезе» қағидаты бойынша бір жерде әрі бірыңғай электронды платформа арқылы көрсетіледі. Кәсіпкерлердің өтініштеріне тәулік бойы жауап беретін call-орталық та ұйымдастырылады.

Мемлекет басшысы ұсынысты қолдап, орталық кәсіпкерлік субъектісін құрудан бастап, оның жұмысын жолға қою, дайын өнімді сату және экспорттауға дейінгі барлық салаларды қамтуы қажеттігін атап өтті. Осы бағытта жауапты азаматтарға тиісті тапсырмалар берілді.