Кеше Денсаулық сақтау министрі мен бас мердігер ретінде таңдалған Кореяның “Kyeryong” консорциумының басшысы арасында келісім-шарт жасалып, құрылыс жұмыстарына ресми түрде старт берілді.
Жобаның жалпы құны 149,8 миллион АҚШ долларын құрайды, соның 124 миллион доллары Корея Эксим банкі арқылы EDCF несие қаржылары, ал 25,8 миллион доллары Өзбекстанның үлесі саналады.
Құрылыстың нәтижесінде әлемдік стандартқа сай, IV дәрежелі, қуаты 300 орынды медициналық орталық салынады. Мұнда 700-ден астам медицина қызметкері үшін жаңа жұмыс орындары ашылады.
Жоба аясында 130-ға жуық өзбекстандық медицина қызметкері Корея Республикасында біліктілігін арттырады, 32 жоғары білікті корей маманы елімізге келіп жұмыс істейді.
Ауруханада жылына 8,5 мың жоғары технологиялық ота – жүрек-қан тамырлары жүйесі, трансплантология, нейрохирургия, оңалту, омыртқа ми және буын хирургиясы бойынша жүзеге асыру жоспарлануда.
Айта кетейік, бұған дейін 2020 жылы да Корея Республикасының EDCF қорының қатысуымен Орталық Азиядағы жалғыз Балалар ұлттық медициналық орталығы пайдалануға берілген болатын.








