«Үргеніш кластері» бес жыл бұрын құрылған. Бүгінде ол мақта шикізатын өсіруден бастап дайын киім тігуге дейінгі барлық үдерісті қамтитын тұтас жүйеге айналған. Бұл кластерде 3 мың адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Кәсіпкер 8 500 гектар алқапта өсірілген мақтаны 100 пайыз қайта өңдейді. Бұл мақсатта мақта тазалау және май шығару зауыттары жұмыс істейді.
Кейінгі уақытта кластердің жіп иіру және мата тоқу қуаты артты. Қосымша инвестициялар есебінен тағы екі кәсіпорын іске қосылды. Германия, Жапония және Түркиядан заманауи жабдықтар жеткізіліп, орнатылды.
Кәсіпорын жанынан оқу-тәжірибе орталығы құрылған. Тігінші және дизайнер мамандар алдымен осы жерде оқытылып, кейін жұмысқа қабылданады.
Осының нәтижесінде өндіріс көлемі айтарлықтай өсті. Жылына 10 800 тонна жіп иірімі және 3 миллион дана тігін бұйымдарын шығару қуаты қалыптасты.
Президент Шавкат Мирзиёев жаңа фабрикаларда болып, өндіріс процесі мен дайын өнімдермен танысты. Онда жұмыс істейтін тігінші әйелдермен сұхбаттасып, олардың айлық жалақысы мен еңбек жағдайларына қызығушылық білдірді.
Бұл жерде өндірілетін жоғары сапалы киім-кешектің басым бөлігі экспортқа жіберіледі. Кәсіпорынның жылдық экспорттық әлеуеті шамамен 28 миллион долларды құрайды.
Өнім түрі мен сапасын арттыру, экспорт ауқымын кеңейту және энергия үнемдеу арқылы өнімнің өзіндік құнын төмендету бойынша ұсыныстар берілді.








