Алдымен Ташкент қаласында атқарылған жұмыстар қорытындыланды. Соңғы жылдары қалада ауқымды өзгерістер болғаны атап өтілді.

Кейінгі тоғыз жылда Ташкент қаласының экономикасына 20 миллиард доллардан астам тікелей шетелдік инвестиция тартылып, 5 мыңға жуық ірі жоба іске қосылды. Жан басына шаққандағы тікелей шетелдік инвестиция көлемі 2017 жылғы 71 доллардан 2,2 мың долларға дейін өсті.

Құрылыс жұмыстары, жаңадан салынған сауда, сервис және ойын-сауық нысандары «түнгі экономиканың» дамуына серпін берді. Тәулік бойы жұмыс істейтін сауда және қызмет көрсету объектілерінің саны 3 мыңнан асты.

Ташкентке 1 мың заманауи электробус пен автобус жеткізіліп, 168 жаңа бағыт ашылды. Қосымша 33 шақырым метро желісі мен 21 жаңа станция салынды. «Яшнобод», «Миробод», «Сергели», «Янгихаёт» және «Юнусобод» аудандарындағы 1 миллионға жуық тұрғынға метро қызметі қолжетімді бола түсті.

Жалпы алғанда, Ташкент қаласының экономикасы соңғы тоғыз жылда 2,5 есеге өсіп, биылғы жылы 27 миллиард долларға жетеді. Ал жан басына шаққандағы табыс 4,4 мың доллардан 8,6 мың долларға дейін артты.

Соның нәтижесінде кедейлік деңгейі жыл басындағы 7,3 пайыздан 1 пайызға, ал жұмыссыздық 4,5 пайыздан 3,5 пайызға төмендейді. Яғни Ташкент қаласында кедейлік пен жұмыссыздық табиғи деңгейге түседі.

Ташкент қаласының тұрақты халқы жыл сайын орта есеппен 100 мың адамға өсіп, 2030 жылға қарай 3,5 миллионнан асады деп күтіліп отыр. Сонымен қатар, жалпы өңірлік өнімді 52 миллиард долларға жеткізу, жан басына шаққандағы табысты шамамен екі есеге арттыру жоспарланған.

Осы межелерге жету үшін қала әкімі мен оның орынбасарлары, 12 аудан әкімі тынымсыз ізденіп, тұрғын үй қоры, көлік, энергетика, білім беру және денсаулық сақтау, қызмет көрсету инфрақұрылымдарын әлемнің заманауи мегаполистері үлгісінде қайта қарауы қажет екені атап өтілді.

Осыған байланысты мұндай мегаполистерді басқарған тәжірибелі мамандарды қала әкіміне кеңесші ретінде тарту туралы ұсыныс мақұлданды. Олардың көпжылдық тәжірибесін пайдалана отырып, Ташкентті қаржы, озық технологиялар, мәдениет пен туризм орталығына айналдыру қажеттігі айтылды.

Мемлекет басшысы әлі де шешімін күтіп тұрған мәселелер көп екенін атап өтіп, бірқатар жаңа бастамаларды алға тартты.

– Ең алдымен, қала тұрғындарын алаңдататын экология, жоғары табысты жұмыс орындарын құру және сапалы басқару мәселелері бойынша қала басшылары өз көзқарасын өзгертуі тиіс.

– 2026 жыл Ташкент қаласы үшін «Жедел даму және халық табыстарының өсуі жылы» болады. Бұл идеяны орындау мақсатында ауқымды бағдарлама қабылданады, – деді Президент.

Елорда аудандары үш бағыт бойынша дамытылып, 2026 жылы 9 миллиард доллар, ал екі жыл ішінде 20 миллиард доллар тікелей шетелдік инвестиция тарту көзделіп отыр.

Атап айтқанда, «Сергели», «Янгихаёт» және «Бектемир» аудандарында жоғары технологиялы өнеркәсіп пен логистика салалары «өсу нүктелері» болады. Мәселен, келесі жылы «Сергели» ауданында аумағы 120 мың шаршы метрді құрайтын, құны 70 миллион доллар болатын заманауи агрологистикалық және қойма кешені іске қосылады.

«Янгиаёт» ауданындағы «Янги авлод» өнеркәсіп аймағында электротехника, тоқыма, автомобиль жасау және азық-түлік салаларында 2 миллиард долларлық жобалар орындалып жатыр. Бұл аймақ «Янгихаёт» пен «Бектемир» аудандарындағы 640 гектар жер есебінен кеңейтіледі. Соның нәтижесінде жалпы құны 3 миллиард доллар болатын, экологиялық талаптарға сай және жоғары технологиялы жаңа жобаларды іске қосу тапсырылды.

Ал «Учтепа», Чиланзар», «Яккасарай», «Шайхантахур» және «Алмазар» аудандарында қызмет көрсету саласы, креативті экономика, дизайн және туризм негізгі инвестициялық бағыттарға айналады.

«Мырзо Ұлықбек», «Юнусабад», «Мирабад» және «Яшнабад» аудандарында жасанды интеллект, стартаптар, финтех, қаржы, медицина және білім беру салаларын қамтитын жалпы құны 1 миллиард долларды құрайтын жобалар іске қосылады.

Биыл Ташкент қаласында 26 көше тәулік бойы жұмыс істейтін болды. Аталған көшелерде 1200 сауда және қызмет көрсету нысанын орналастыру есебінен 5 мың тұрғын тұрақты табысқа ие болды. Келесі жылы тағы 18 осындай көше ұйымдастыру жоспарланып отыр.

Қазіргі таңда елордада 75 мектеп пен сонша балабақшаға, сондай-ақ 23 спорт нысанына қажеттілік бар.

Аудан әкімдері жыл сайын өз қаражаты есебінен бір мектеп, бір балабақша және бір спорт нысанын салуы тиіс. Ал қалған 15 мектеп пен балабақша, сондай-ақ 11 спорт нысаны инвестициялық бағдарлама аясында бой көтереді.

Биылдан бастап Ташкент қаласының әр ауданында бір мектепте білім сапасын арттыруға бағытталған «Ташкент тәжірибесі» енгізілді. Атап айтқанда, 7–11-сыныптардан 1500 оқушы іріктеліп, оларды IT, медицина, бизнес, инженерия секілді бағыттарда тереңдетіп оқыту жолға қойылды. Оқушылардың білім үлгеріміне қарай мұғалімдерге ай сайын 20 миллион сумға дейін жалақы төленіп жатыр.

Бұл тәжірибені кеңейтіп, мұндай мектептердің санын келесі жылы 24-ке, ал 2027 жылы 33-ке жеткізу міндетін жүктелді.

Ірі мегаполистердегідей, енді елордада да көлік жүйесін бірыңғай тәсілмен басқаратын орталық құрылады. Бұл орталық әрбір көше мен қиылыстағы көлік және жаяу жүргінші ағынын жасанды интеллект көмегімен талдап, кептелістер мен жол-көлік оқиғаларының алдын алумен айналысады.

Келесі жылы елордаға кіреберістегі екі бақылау бекеті қала сыртына көшіріліп, үшеуі қайта жаңғыртылады. Бұл аумақтарда кемінде 3,5 мың жүк көлігіне және 5,5 мың жеңіл автокөлікке арналған тұрақтар, сондай-ақ тұрғындарға арналған кемпингтер салынады.

Ең бастысы, бұл орындар қоғамдық көлік желісімен байланыстырылады. Ташкент қаласына келетін қонақтар көліктерін осы жерлерде қалдырып, жылдам әрі қауіпсіз қоғамдық көлікпен қатынай алады.

Қала әкімдігіне келесі жылы бірыңғай басқару жүйесі бар 100 «ақылды» даңғылды іске қосу, кәсіпкерлермен бірлесіп 30 мың автотұрақ салу, 300 аялдаманы жаңғырту, 40 шақырым жаяу жүргінші жолын және 20 шақырым веложол салу, 100 шақырым жолды жөндеу, сондай-ақ «Юнусабад» пен «Яшнабад» ауданында жол өткелдері мен тоннельдер салу тапсырылды. Сонымен қатар 200 электробус сатып алу көзделген.

Әлемнің ірі қалаларындағыдай, елордада да экология мәселесінің өзектілігі артып келеді.

Қаланың төрт аумағында жасанды көлдер мен су айдындарын салу жобаларын әзірлеп, жұмысты бастау тапсырылды. 1 маусымға дейін әр ауданда ұзындығы 5 шақырым болатын үш көлеңкелі серуен көшесі пайдалануға беріледі. Әр 10 махаллаға бір жасыл саябақ салу бойынша арнайы бағдарлама іске қосылады.

2026 жылы қалада 18,5 шақырым канал жағалауы нығайтылып, бұл аумақтарда жасыл белдеулер мен демалыс аймақтары құрылады.

Сондай-ақ «Бектемир», «Сергели» және «Янгихаёт» аудандарынан өтетін Шыршық өзенінің 16 шақырым бөлігі нығайтылып, нәтижесінде қосымша 800 гектар жер ашылады. Онда 200 гектар «жасыл белдеу», 250 гектар ішкі жолдар, серуен аймақтары, жаяу жүргіншілер және веложолдар салу жоспарланған.

Қаланың дренаж жүйесінің мастер-жоспары әзірленіп, келесі жылдан бастап құрылыс жұмыстары басталады. Бағдарлама аясында 150 шақырым жабық дренаж, 197 шақырым канал мен коллекторды жөндеу, 63 шақырым жаңа канал салу көзделген. Бұл шаралар қалада салқын микроклимат қалыптастыруға бағытталған.

Жаңбыр суын жинайтын 17 нысан салынады. Мұндағы сулар ағаштар мен жасыл аумақтарды суаруға пайдаланылады.

Ташкент қаласындағы барлық коммуналдық ұйымдар мен төтенше қызметтер тәулік бойы жұмыс режиміне көшіп, апаттардың алдын алу және оларды жедел жою, қоғамдық қауіпсіздікті күшейту жөнінде тапсырма берілді.

– Елорда – мемлекеттің саяси, әкімшілік, экономикалық және мәдени орталығы. Оны басқару, дамыту және қорғау бойынша ерекше тәсілдер қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Осыған байланысты Ташкент қалалық кеңесіне артық орындалған кірістің жергілікті бюджетке қайтарылатын бөлігінің 20 пайызын аудандарға бөлу, сондай-ақ Ташкент қаласы және аудан әкімдеріне жергілікті кеңестермен келісу арқылы бос қаражатты депозитке орналастыруға рұқсат беру ұсынылды.

Ташкент қаласының қызметінің құқықтық, экономикалық және ұйымдастырушылық негіздерін айқындайтын «Өзбекстан Республикасының елордасының мәртебесі туралы» заңды қабылдау уақыты келгені атап өтілді.

«Махалла жетілігінің» тиімділігін арттыруда елорда алдыңғы қатарда болуы тиіс екені айтылды. 2026 жылдан бастап Ташкентте жаңа жүйе енгізіледі – «махалла жетілігі» толықтай қала әкімдігі қарамағына өтеді.

– «Жетілік» есеп берумен емес, адамдардың тұрмысын жеңілдетумен айналысуы қажет, – деді Президент.

Жиын барысында елорда мен аудан әкімдерінің баяндамалары тыңдалып, кәсіпкерлермен ашық диалог өтті.