Бұл жауапкершілігі шектеулі серіктестікте күріш өсіруден бастап оны терең өңдеуге дейінгі толық өндірістік тізбек жолға қойылған.
Бұрын күріш шаруашылығы бытыраңқы сипатта болғандықтан, диқандар мол табыс таба алмайтын. Әсіресе, өнімді өңдеу саласында көптеген қиындықтар туындайтын. Соңғы жылдары мемлекет тарапынан бұл бағытқа ерекше көңіл бөлініп, салада сапалық өзгерістер басталды, еңбек өнімділігі артты.
Қазіргі таңда Ташкент облысында күріш шаруашылығы саласында айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізілуде.
Биыл облыс бойынша 8,7 мың гектар алқапқа күріш егілді. Су үнемдейтін технологияларды енгізу мақсатында 3 мың гектар жер лазерлік тегістеуден өтті. Соның нәтижесінде 60 миллион текше метр су үнемделіп, тұқымдық шығын 522 тоннаға қысқарды.
Атап айтқанда, «TCT Rice» кластері 2 мың гектардан астам алқапта «Искандар», «Гүлістан», «Нөкіс» сұрыптарын егіп, күтіп-баптады.
Қазіргі уақытта 985 гектар жердің өнімі жиналып, орташа есеппен гектарына 65–70 центнерден, кейбір жерлерде 80–85 центнерден өнім алынды.
Мемлекет басшысы осы жерде фермерлер және ауыл шаруашылығы ардагерлерімен әңгімелесті. Олар жоғары өнімді сұрыптар мен жаңа агротехнологиялардың арқасында еңбектен табыс табу ынтасы артқанын атап өтті.
– Бүгінде біз барлық салада ғылымға, инновацияға, озық технологияларға сүйеніп жұмыс істеп келеміз. Ауыл шаруашылығында да нарық қағидаттарын енгізіп, табыс арттырмасақ, мұндай өнімділікке жете алмас едік. Соңғы уақытта табиғат өзгеріп, су тапшылығы күшейіп барады. Енді диқандар соған бейімделіп, тамшылатып суаруды меңгеріп, суды үнемдеп пайдалануды үйренуі қажет, – деді Президент.
Сондай-ақ шетелдік тәжірибені үйрену, ғылым арқылы еңбек өнімділігін арттырудың маңызы ерекше екені айтылды. Мемлекет басшысы жауапты мамандарға жоғары өнімді сұрыптарды көбейту, қайта өңдеу қуатын арттыру, су үнемдейтін технологияларды тиімді пайдалану және жаңа жұмыс орындарын ашу жөнінде нақты тапсырмалар берді.