Түркия басшысы Режеп Тайып Ердоған Өзбекстанға келді

    Билік 8 Noyabr 2023 1836

    Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайып Ердоған 8 қарашада Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёевтің төрағалығымен өтетін Экономикалық ынтымақтастық ұйымының он алтыншы саммитіне қатысу үшін Өзбекстанға келді.

    Мәртебелі мейманды Ташкент халықаралық әуежайында Өзбекстан Республикасының Премьер-Министрі Абдулла Арипов және басқа да ресми тұлғалар қарсы алды.

    Осы орайда Өзбекстан мен Түркия арасындағы жан-жақты стратегиялық серіктестік қарым-қатынастарын одан әрі нығайтуға, көп қырлы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге жоғары деңгейде көңіл бөлініп отырғанын атап өткен жөн.

    Жоғары деңгейде қол жеткізілген келісімдердің жүзеге асырылуы бүгінде өз жемісін беруде. Мұны елдер арасындағы өзара сауда көрсеткіштері айтарлықтай өскенінен де байқауға болады. Жеңілдетілген сауда келісімі осы жылдың 1 шілдесінде күшіне енді. Бірлескен кәсіпорындар саны екі мың бес жүзден асты.

    Экономикалық ынтымақтастық ұйымының кезекті саммиті осындай қарым-қатынастардың кең ауқымды әрі дәйекті жалғасуы үшін маңызды саналады.

    Президент Шавкат Мирзиёевтің төрағалығымен өтетін ЭЫҰ саммитіне қатысу үшін осы уақытқа дейін Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Әлихан Смайылов, Пәкістан Уақытша үкіметінің басшысы Анвар ул-Хак Какар және Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров Ташкентке келген.