Міне осы асқақ идеялар негізінде бой көтерген орталық халқымыздың мыңжылдық тарихын, жасампаздық әлеуетін, әлем өркениетіне қосқан үлесін, ұлы тұлғаларымыздың мәдени-рухани мұрасын терең зерттеп, кеңінен насихаттауға бағытталған.

Өзбекстандағы Ислам өркениеті орталығы өзінің сәулеттік ауқымы мен мазмұндық байлығына қарай ислам тарихы мен мәдениетін зерттеуге арналған әлемдегі ең ірі кешендердің бірі саналады.

Ол Ташкент қаласындағы Хазрет Имам кешені аумағындағы 10 гектар жерде орналасқан. Үш қабатты ғимараттың ұзындығы 161 метр, ені 118 метрді құрайды. Күмбезінің биіктігі 65 метр болса, жалпы пайдалану аумағы 42 мың шаршы метрден асады. Мұндай бірегей көрсеткіштер оны «Гиннестің рекордтар кітабына» енгізуге негіз бола алады.

Орталық ғимараты Президент Шавкат Мирзияевтің сәулеттік идеялары мен ұсыныстары негізінде жобаланған. Құрылыс барысында Мемлекет басшысы бірнеше мәрте келіп, кешеннің мазмұны мен келбетін жетілдіру жөнінде құнды ұсыныстарын берген. Әсіресе, 2025 жылы орталыққа бірнеше рет барып, экспозициялар мен инфрақұрылымды, ғылыми-ағартушылық бағыттарды дамыту бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.

Кешен ұлттық және дәстүрлі сәулет үлгісінде тұрғызылған. Төрт тараптан ашылатын басты портал арқылы круге болады. бұл порталдар мен ғимараттың сыртқы аркалары білім мен ағартушылықты, кеңпейілділік пен адамгершілікті, сондай-ақ ата-анаға құрмет секілді асыл құндылықтарды дәріптейтін Құран аяттары және хадистермен көркем безендірілген.

Төменгі қабатта балаларға арналған арнайы алаң, реставрация және цифрландыру зертханалары, музей экспонаттары мен сирек қолжазбаларды сақтайтын қорлар, заманауи кафетерий және вестибюльдер орналасқан.

Бірінші қабатта көлемі 8 350 шаршы метрлік көрме залы бар музей және 550 орындық конференц-зал бар. Ал екінші қабатта қолжазбалар мен баспа еңбектер қорына ие кітапхана, оқу залдары және халықаралық ұйымдар мен ғылыми орталықтарға арналған кеңістіктер қарастырылған.

Бүгін Шавкат Мирзиёев осы маңызды рухани-мәдени орталыққа тағы бір мәрте сапарлап, мұндағы жасалған жағдайлар, бай экспозициялар және жаңа бастамалармен танысты.

Мемлекет басшысы алдымен Құран залына кіріп, оның ерекше рухани атмосферасы мен бірегей көрмелерін тамашалады. Бұл залды, бейнелеп айтқанда, Өзбекстандағы Ислам өркениеті орталығының рухани жүрегі деуге болады.

Күмбез астында заманауи мэппинг-голограмма орнатылған. Онда ғарыш көрінісі бейнеленіп, жұлдыздар жарқырайды. Ерекшелігі – күмбез астында жұлдыздар композициясы Ташкент аспанында түнде көрінетін жұлдыздар картасы негізінде жасалған. Оны бейнелеу үшін 90 дана «сваровский» тасы мен 650-ден астам шам қолданылған, бұл залға айрықша салтанат дарытып тұр.

Мұнда Осман Мұсхафымен қатар, елімізге тиесілі 114 сирек Құран қолжазбасы жинақталған. Олардың қатарында саманилер, қараханилер, ғазнауилер, темуридтер, шайбанилер және басқа да дәуірлерге жататын құнды нұсқалар бар. Бұл жәдігерлер Шығыс кітап өнерінің теңдессіз үлгілері ретінде діни ғана емес, тарихи, ғылыми әрі көркемдік маңызға да ие. Залдағы заманауи сөрелерде халқымыз арасында көздің қарашығындай сақталып келген және орталық қорына тапсырылған түпнұсқа қолжазбалар да лайықты орын алған.

Айта кету керек, орталық іргетасы қаланғаннан бері 2025 жылға дейін оның қорындағы көне дереккөздер саны 2 мыңнан асып, сирек Құран қолжазбалары 60-тан көбейді. Бұл жәдігерлер халық арасынан жиналып, халықаралық аукциондар арқылы сатып алынған. Бұл жұмыстар ұлттық және діни мұрамызды қайта жаңғыртуға, әлемге тарыдай шашылған құнды жәдігерлерді елге қайтаруға, оларды ғылыми айналымға енгізіп, келер ұрпаққа аманат етуге бағытталған жүйелі әрі терең ізденістің айқын көрінісі болып табылады.

Мемлекет басшысына экспозициядан орын алған ерекше құнды қолжазбалар жөнінде де мәлімет берілді. Атап айтқанда, 1589 жылы хаттат Сұлтан Мұхаммед тарапынан сегіз қырлы пішінде көшіріліп, тұмар ретінде де пайдаланылған «Бозубанд» Құран қолжазбасы, XVII ғасырға тиесілі сафауилер дәуіріндегі каллиграфия мен кітап өнерінің кемел кезеңін көрсететін аса нәзік безендірілген нұсқа, 1872 жылы хаттат Мұхаммед ибн Абд әл-Хади мағриб жазу үлгісінде көшірген бірегей қолжазба, сондай-ақ XII–XIII ғасырлар тоғысында селжұқтар дәуірінде хаттат Мұхаммед Садиқ ибн Мұхаммед Шафий насх жазуымен көшіріп, жол арасына парсыша аудармасы берілген сирек нұсқа таныстырылды. Кейбір қолжазбаларда Самарқанд, Герат және Бұхара кітап өнерін дәріптейтін мектептерінің дәстүрлері айқын көрініс тапқаны атап өтілді.

Одан кейін Президентке музейге келушілерге жоғары сапалы қызмет көрсету жүйесі таныстырылды.

Орталықтың қысқа уақыт ішінде халықаралық беделді ұйымдар мен басылымдар тарапынан жоғары бағаланғаны айтылды. Атап айтқанда, орталық Францияның «Авиценна» сыйлығына ие болған, ал АҚШ-тағы Смитсон институтының «Smithsonian Magazine» басылымы нұсқасы бойынша 2026 жылы әлемде ең көп қызығушылықпен күтілген 10 музейдің бірі ретінде танылған. Сондай-ақ «Condé Nast Traveler» басылымы оны 2026 жылғы маусымда баруға ұсынылатын музейлер тізіміне енгізсе, «BBC Travel» оны әлемдегі ең көп күтілген музейлер қатарына қосқан.

Орталықта келушілерге халықаралық стандарттарға сай қызмет көрсету үшін түрлі ақпараттық материалдар, брошюралар мен кітаптар дайындалған. Өзбекстан музей тәжірибесінде алғаш рет халықаралық сарапшылардың қатысуымен заманауи химиялық-физикалық зертханада барлық музей жәдігерлерінің құрамы мен жасалу уақыты анықталып, олардың технологиялық паспорттары әзірленген.

Халықаралық ISO стандарттарына сәйкес экспонаттар цифрландырылып, бірыңғай электрондық платформаға енгізілген. ЮНЕСКО және ИКОМ талаптары, сондай-ақ әлемнің ең танымал музейлерінің тәжірибесі негізінде экспонаттарды жіктеу мен таңбалаудың 8 бағыттағы эталондары жасалған. Әрбір экспонатқа QR-код орнатылып, келушілер мобильді құрылғылар арқылы бастапқыда 3 тілде, кейін 8 тілде бейне және аудио ақпарат ала алады.

Таныстырылым барысында «Баршаға ашық музей» тұжырымдамасы негізінде орталықты әлеуметтік интеграция алаңына айналдыру мәселесіне ерекше назар аударылды. Алдағы уақытта барлық экспонаттарға арнайы электронды чиптер орнату, зағип жандар үшін экспонатқа жақындағанда автоматты түрде аудиогид қосылатын жүйе енгізу, сондай-ақ Bluetooth маяктары арқылы ғимарат ішінде еркін қозғалу мүмкіндігін жасау жоспарланған.

Сонымен қатар, Британ музейі, Лувр музейі және Метрополитен өнер музейі тәжірибесіндегідей робот-гидтерді, планшеттер арқылы аудио-видео таныстыруды, радиогидтер мен бағыттаушы құлаққаптарды қолдану көзделген.

Алдын ала есеп бойынша, орталыққа күніне орта есеппен 5 мыңға жуық азамат келеді деп күтілуде. Орталық пен музейдің толыққанды жұмыс істеуі үшін 400-ден астам қызметкер қажет екені, қазіргі таңда 100-ден астам арнайы дайындықтан өткен бақылаушы мен 30-дан астам экскурсовод жұмыс істейтіні, сондай-ақ 10 елден келетін туристер үшін арнайы гид мәтіндері әзірленгені айтылды.

Осыдан кейін Мемлекет басшысы орталықтың екінші қабатында Өзбекстан мұсылмандары басқармасы қызметіне жасалған жағдайлармен танысты.

Сапар барысында Президент орталық кітапханасын да аралап көрді.

Кітапхананың жалпы аумағы 3 105 шаршы метрді құрайды. Қазіргі таңда оның қорында 45 150-ден астам әдебиет бар, оның ішінде 2 609-ы – сирек басылымдар. Сонымен қатар кітапханада 350 мың электрондық ресурс сақталған. Ол бір мезетте 310 пайдаланушыға қызмет көрсете алады. Ғалымдар мен профессорларға арналған 4 арнайы бөлме қарастырылып, олардың ғылыми жұмыс істеуіне барлық заманауи жағдай жасалған.

Кітапхана бөлімдерінің бірі 22 ағартушы жәдид қайраткерлерінің мұрасына арналған. Ондағы кітап сөрелерінде жәдидтердің фотопортреттерімен қатар, олардың еңбектері мен қызметіне қатысты сирек басылымдар да қойылған.

Сонымен қатар, кітапхана қорын Өзбекстанның ұлы ойшыл ғалымдарының өмірі мен шығармашылығы, олардың қалыптастырған ғылыми мектептері туралы сирек басылымдармен толықтыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, ұлы ғұламалардың қолжазба және литографиялық еңбектерінің алғашқы басылымдары, олардың ғылыми мұрасын зерттеуге арналған бірегей зерттеулер мен түсіндірмелер сатып алынып, қор құрамына енгізілген. Бұл игі бастамалар шетелдік аукциондар, ғылыми мекемелер, жеке коллекциялар және халық тарапынан жеткізілген мұралар есебінен үздіксіз жалғасуда.

Кітапхана сөрелерінен Еуропаның сирек басылымдары да лайықты орын алған. Олардың қатарында латын тілінде жазылған мұсылман әулеттері, түркі халықтарының тарихы, Шығыс өркениетіне қатысты энциклопедиялар, Хорасан мен Мауераннахрға арналған саяхатнамалардың ХХ ғасырға дейін жарық көрген нұсқалары бар. Сонымен қатар, жеке коллекциялардан сатып алынған қолжазбалар, Насируддин Рабғузийдің «Қисас ул-анбия» еңбегі, Әлішер Науаидің XIX ғасырдың басында Ташкентте көшірілген диуандары, Мәуләна Жәлел ад-Дин Руми шығармаларының түркі тіліндегі аудармалары секілді сирек дүниелер кітапхана мазмұнын одан әрі байыта түскен.

Кітапханада мүмкіндігі шектеулі жандарға да барлық жағдай қарастырылған. Атап айтқанда, көру қабілеті әлсіреген немесе зағип жандарға арналған арнайы бөлмелер, заманауи бағдарламалар мен құрылғылар орнатылған. Олар үшін Брайль қарпіндегі мыңнан астам әдебиет қоры жасақталған. Өзбекстанда алғаш рет дәл осы кітапханада дыбыс өткізбейтін арнайы кабиналар ашылып, пайдаланушыларға онлайн байланыс кезінде құпиялылық пен жайлылық қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, «Sonic chair» секілді заманауи аудио құрылғы тек ел көлемінде ғана емес, бүкіл Орталық Азияда алғаш рет осы жерде енгізілген.

Кітапхана аумағында оқырмандар үшін жасыл аймақ, көшірме жасау қызметі, жеке жұмысқа арналған арнайы бөлмелер және балаларға арналған ерекше алаңдар ұйымдастырылған.

Одан кейін Мемлекет басшысы орталық жанынан құрылған халықаралық ғылыми-ағартушылық платформа қызметімен танысты.

Белгілі болғандай, бұл алаң аясында бірқатар беделді халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық жолға қойылып отыр. Атап айтқанда, АЙСЕСКО, ИРСИКА, Оксфорд ислам зерттеулері орталығы, Франциядағы Темурийлер қоғамы және ТУРКСОЙ ұйымдарымен бірлескен кеңселер ашылған. Бұл өз кезегінде отандық және шетелдік ғалымдардың бірлесе зерттеу жүргізуіне, ортақ жобаларды іске асыруына және ағартушылық бастамаларды кеңейтуіне мүмкіндік береді.

Сапар барысында Мемлекет басшысы орталыққа тарту етілген және шетелден сатып алынған құнды тарихи жәдігерлер көрмесін де тамашалады.

Президент тапсырмасына сәйкес, шетелдегі мәдени мұраларды Өзбекстанға қайтару жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Өткен жылы Ұлыбританиядағы «Sotheby’s» және «Christie’s» аукцион үйлері арқылы, сондай-ақ арт-дилерлер мен жеке коллекционерлерден 700-ден астам жәдігер сатып алынған. Бұдан бөлек, түрлі ұйымдар мен демеушілер тарапынан мыңнан астам тарихи бұйым сыйға тартылған. Олардың басым бөлігі музейдің бірінші қабатындағы экспозициядан орын алған.

Экспозицияда саманилер, қараханидтер, ғазнауилер, темурилер және басқа дәуірлерге тиесілі сирек жәдігерлер кеңінен ұсынылған. Солардың ішінде X ғасырдың соңына жататын, алтын жалатылған және самани қолбасшысы Әбу Мансур Сабуктекин есімі жазылған күміс табақ, самани дәуірінің күміс тостағандары мен мыс сиясауыттары, Алтын Орда билеушісі Өзбекхан кезеңінде жасалған фируза тастармен көмкерілген әйел белдігі, XIX ғасырдағы османлы кезеңіне тән «Алла» және «Мұхаммед» есімдері кестеленген зерлі бұйымдар ерекше назар аудартады.

Сондай-ақ Мемлекет басшысына темурилер дәуірінің қыш өнері үлгілері, Мәдина қаласындағы Пайғамбарымыз қабіріне жабылған XIX ғасырға тән жібек жамылғы, Қағба есігінде ілінген тарихи хизам үлгісі, «ана-сүзана» секілді ірі тоқыма туындылар, Әмір Темір дәуірінде көшірілген ірі Умар Ақто Құранының бөліктері, темурилер дәуірінің сәулет ескерткіштеріне тиесілі қыш тақта (көшін) сынықтары, сондай-ақ Бабырлар дәуіріне жататын қару-жарақтар — дулыға, қалқан, қылыш және сауыт бөлшектері жөнінде де мәлімет берілді.

Экспозицияда Әмудария қазынасына қатысты табылған жәдігерлер де ұсынылған. 1877 жылы Бұхара әмірлігі аумағынан табылып, бүгінде Британ музейі қорында сақталған бұл бірегей қазынаның жекелеген бөліктері Лондондағы сауда үйлері арқылы елге қайтарылған. Олардың қатарында VIII–IX ғасырларға тән соғды шабандозы бейнеленген алтын пектораль және Бактрия дәуірінен жеткен, салмағы 666 грамм болатын жылан пішінді ерекше білезіктер бар.

Орталыққа сыйға тартылған жәдігерлер де экспозициядан лайықты орын алған. Атап айтқанда, Америкада тұратын шығыстанушы ғалым Александр Наймарк Пахлавон Махмуд қолжазбасын тарту еткен. Бұл туынды Мұхаммед Рахимхан Феруздің жеке қолтаңбасымен көшірілгені анықталып, оны зерттеу барысында 70-тен астам жаңа рубаи табылған. Сонымен қатар, әр кезеңге тиесілі теңгелер, әшекейлер, медальондар және Майский қазынасына қатысты заттар да көрмеге қойылған.

Жалпы, бұл сапар барысында аталған орталықтың ұлттық тарих пен мәдени мұраны терең зерттеу, сақтау және кеңінен насихаттау, ислам дінінің шынайы гуманистік әрі ағартушылық мәнін ашып көрсету, сондай-ақ ата-бабаларымыз қалдырған ұшан-теңіз ғылыми-рухани қазынаны әлемге танытудағы әлеуеті айқын көрінді.

Сапар соңында Мемлекет басшысы Ислам өркениеті орталығының Құрметті қонақтар кітабына қолтаңба қалдырды.