Халықтың тұрғын үйге деген сұранысын қанағаттандыру мақсатында соңғы 8 жылда елімізде 120 миллион шаршы метрден астам, яғни 600 мыңнан аса пәтер салынып, пайдалануға берілді. Тұрғын үй сатып алуға қолдау көрсету үшін 541 мың азаматқа 103 триллион сумға жуық жеңілдетілген ипотекалық несие мен субсидиялар бөлінді.
Құрылыс көлемінің ұлғаюы құрылыс материалдары өнеркәсібінің дамуына серпін беріп, көптеген өңірлердің экономикалық «драйверіне» айналды. Урбанизация деңгейі 1991 жылғы 40,3 пайыздан 51 пайызға жетті.
Мемлекет басшысы атқарылған жұмыстар әлі де жеткіліксіз екенін атап өтті. Республика бойынша жыл сайын шамамен 200 мың жаңа отбасы пайда болады. Бұл жаңа тұрғын үйлерге, жолдарға және әлеуметтік инфрақұрылымға сұраныстың одан әрі арта түсетінін білдіреді. Сонымен қатар, қазіргі таңда халықтың бір адамға шаққандағы орташа тұрғын үй аумағы 18,9 шаршы метрді құрайды. Бұл көрсеткішті кемінде 23 шаршы метрге жеткізу үшін 2040 жылға дейін жыл сайын салынатын жаңа тұрғын үйлер санын 280 мыңға дейін арттыру қажет.
Осы мақсатта урбанизация саласындағы басқару жаңа жүйе негізінде жолға қойылып, арнайы комитет құрылды. Оның алдына тұрғын үй құрылысының көлемін кезең-кезеңімен ұлғайту міндеті қойылды. Атап айтқанда, 2026 жылы – 140 мың, 2027 жылы – 150 мың, 2028 жылы – 160 мың пәтер салу жоспарланған.
Мемлекет басшысы бизнес пен стартаптарды дамытуға қолайлы жағдай жасау, өнеркәсіптік және IT кластерлерді қалыптастыру, еңбек өнімділігін арттыруда тиімді ұйымдастырылған урбанизацияның маңызы зор екенін атап өтті.
Таныстырылымда жер ресурстарын тиімді пайдалану мәселелеріне де ерекше назар аударылды. Халықаралық ұйымдардың есептеуінше, елді мекендердің ретсіз кеңеюі кейбір өңірлерде болашақта егістік жерлердің тапшылығына әкелуі мүмкін.
Осыған байланысты ескірген тұрғын үй қорын жаңарту, тұрғын үй құрылысында реновация үлесін арттыру қажеттігі атап өтілді. Реновация үлесін қазіргі 15 пайыздан 2040 жылға қарай 60 пайызға жеткізу, сондай-ақ «Жаңа Өзбекстан» массивтерінің санын 120-ға дейін ұлғайту қажет екені айтылды.
Қазіргі таңда құрылыс саласындағы рұқсат алу үдерістері 9 кезеңнен тұрып, орта есеппен 90–120 күн уақытты алады. Ал халықаралық тәжірибеде «құрылысқа дайын жер» тетігі арқылы бұл мерзім 7–15 күнді ғана құрайтыны көрсетілді.
Өзбекстанда аталған жүйені енгізу ұсынылды. Бұл тетікке сәйкес, барлық дайындық жұмыстары мен рұқсат құжаттары жер телімдері аукционға шығарылғанға дейін толық рәсімделеді. Соның нәтижесінде кәсіпкер аукционда жерді жеңіп алғаннан кейін қосымша құжат жинауға немесе түрлі келісімдерден өтуге мұқтаж болмай, қажетті рұқсаттардың барлығын автоматты түрде ала алады. Ал құрылысқа дайын емес жер телімдерін аукционға шығаруға жол берілмейді және барлық үдерістердің ашық, әрі қысқа мерзімде жүзеге асырылуы қамтамасыз етіледі.
Құрылыс сапасы, ең алдымен, жобалық құжаттарға байланысты. Осы тұрғыда «ТошбошпланЛИТИ», «УзшахарсозликЛИТИ», «УзГАШКЛИТИ», «Қишлоқ қурилиш лойиха» ұйымдарының қызметін түбегейлі жақсарту, жоғары білікті шетелдік мамандарды тарту және заманауи басқару жүйелерін енгізу қажеттігі атап өтілді.
Урбанизация және тұрғын үй құрылысы үдерістерін тиімді жоспарлау үшін цифрлық технологияларды кеңінен қолдану қажет. Осы мақсатта бас жоспар мен мастер-жоспарлардың бірыңғай дерекқоры, құрылысқа дайын жер телімдерінің базасы – «Жер банкі», көппәтерлі тұрғын үйлердің бірыңғай геоақпараттық базасы, «эскроу» жүйесі, құрылыс компанияларының рейтингі және өзге де элементтерді қамтитын «Тұрғын үй» ақпараттық жүйесін әзірлеу ұсынылды.
Мемлекет басшысы ұсынылған бастамаларды қолдап, салада жоспарлы, деректерге негізделген және ұзақ мерзімді тәсілдерді жүйелі түрде енгізуді, сондай-ақ айқындалған көрсеткіштердің орындалуын қамтамасыз етуді жауапты тұлғаларға тапсырды.