Тарихы терең, мәдениеті бай бұл өлкеде туризм қарқынды дамып келеді. Соңғы жылдары Хорезмге іскерлік мақсаттағы сапарлар да көбейген. Алайда, Үргеніш халықаралық әуежайының қазіргі қуаттылығы – сағатына небәрі 400 жолаушыға қызмет көрсету – жолаушылар ағынының артуына тосқауыл болуда. Осыған байланысты әуежайды жаңғырту және оны кәсіби басқаруға беру көзделіп отыр.

Сапар аясында Президентке аталмыш жобаның жай-күйі жөнінде мәлімет берілді.

2024 жылғы 1 тамызда жарияланған халықаралық ашық тендер екі кезеңде өтті. Франция, Корея, Түркия, Қатар секілді елдерден сегіз компания қатысып, нәтижесінде Корея Республикасының Incheon International Airport Corporation компаниясы жеңімпаз деп танылды.

Мемлекет басшысы компания және жоба жетекшілерімен сұхбаттасты.

Компания президенті Инчхон халықаралық әуежайының жолаушы өткізу қабілеті бойынша әлемде үшінші орын алатынын, сервистік қызмет бойынша да алдыңғы қатарда екенін атап өтті. Ол Үргеніш әуежайы компанияның екінші нысаны болатынын айтып, оны жаңғырту мен басқаруға қатысты жоспарларымен бөлісті.

Президент бұл серіктестікті жоғары бағалап, екіжақты тиімді ынтымақтастықты кеңейту қажеттігін айтты:

– Хорезмде қазірдің өзінде заманауи қонақ үйлер, демалыс және сауда орталықтары салынып жатыр. Алдағы уақытта туристер санын 5 миллионға дейін жеткізуді көздеп отырмыз. Егер әуежай да осы мақсатқа сай жаңғыртылса, бұл өзара пайдалы болмақ, табыс та еселене түседі, – деді Шавкат Мирзиёев.

Шетелдік авиакомпаниялармен бірлесіп ұшақтар әкеліп, рейстер санын арттыру жайында пікір алмасылды. Сондай-ақ, кореялық тәжірибені негізге ала отырып, қызмет көрсету сапасын арттыру, отандық мамандарды оқытып, біліктілігін жетілдіру қажеттігі атап өтілді.

Жобаның жалпы құны 223 миллион АҚШ долларын құрайды. Осы қаржы аясында жаңа ұшу-қону жолағын салу, жолаушылар және жүк терминалдарын құру, ICAO (Халықаралық азаматтық авиация ұйымы) талаптарына сәйкес жарық және сигналдық жүйелер орнату, арнайы техникаларды сатып алу көзделіп отыр.

Құрылыс және қайта құру жұмыстары 2025–2027 жылдары аралығында жүзеге асырылады. Нәтижесінде әуежай Boeing 747 және Airbus 350 секілді ірі ұшақтарды қабылдай алатын болады. Жаңа аэровокзалдың жалпы аумағы 39 мың шаршы метр болады, ол сағатына 1 300 жолаушыға дейін қызмет көрсете алады.

Мұндай заманауи инфрақұрылымның іске қосылуы Үргеніш әуежайын өңірдегі ең ыңғайлы әуе бағыттарының біріне айналдырып, Хорезмнің шетелдік туристер үшін тартымдылығын арттырады әрі Өзбекстанның авиация саласының дамуына да елеулі үлес қосады.

Жобаның аясында бой көтеретін жаңа терминалдың тұсаукесері де өтті. Мемлекет басшысы оның ішкі және сыртқы келбеті ұлттық нақышта болуын қамтамасыз ету жөнінде нақты ұсыныстарын білдірді.

Осы жерде Президент журналистермен де сұхбаттасты. Хорезмге келген сапарының мақсаты – өңірдің экономикалық көрсеткіштерін көтеру, 2 миллионнан астам халықтың өмір сүру жағдайын жақсарту, жаңа жұмыс орындарын ашу және тұрғындардың табысын арттыру екенін атап өтті.