Президент Шавкат Мирзияев осы күнге орай Жеңіс саябағыны аралап, еске алу шарасына қатысты.
Бақ ішінде мұңлы әуен шырқалды. Мұндағы әрбір ескерткіш, бейне және жазу сұрапыл соғыстың шынайы келбетін бейнелеп, халқымыздың жеңіске қосқан үлесін көрсетеді. Бұл бақ дәл осындай мерекелік күндері, халыққа толы болады.
Соңғы жылдары қалыптасқан дәстүрге сай, Мемлекет басшысы «Ерлік дастаны» монументіне гүл шоқтарын қойды. Бұл ұлы ескерткіш – соғыста халқымыз тартқан азап, ерлік пен құрбандардың символы.
Құжаттарға сүйенсек, фашизмге қарсы қанды шайқастарға сол кезде 6 миллион 800 мың адамнан тұратын халқымыздың шамамен 2 миллионға жуығы қатысқан. Олардың ішінде 540 мыңға жуығы қаза тапқан, 158 мыңы із-түзсіз жоғалған, 50 мыңнан астамы концлагерьлердегі ауыр азаптан қаза тауып, 60 мыңнан астамы мүгедек болып оралған.
Өзбекстандық сарбаздар мен офицерлердің 214 мыңға жуығы жауынгерлік орден және медальдармен марапатталғаны – олардың ерлігінің дәлелі.
Соғыс жылдарында еліміз майданның сенімді тылына айналып, соғыс алаңына аса көп мөлшерде әскери техника, қару-жарақ, киім-кешек пен азық-түлік жеткізіліп тұрған. Аса ауыр жағдайда халық соғыс өңірлерінен көшірілген 1 миллион 500 мыңға жуық адамды, соның ішінде ата-анасынан айырылған 250 мың жетім баланы бауырына басып, мейірім көрсеткен.
– Бұл шынайы ерлік пен қаһармандық дастаны. Осындай күрделі де даңқты жеңіске лайық үлес қосқан қайсар халқымызбен қанша мақтансақ та жарасады. Бұл ерліктерді ешқашан ұмытпауымыз, жас ұрпаққа жеткізуіміз керек. Әсіресе, қазіргі алаңдатарлық заманда мұның маңызы өте жоғары. Біз Отан қорғауға күн сайын дайын болуымыз қажет, – деді Шавкат Мирзияев.
Өзбекстан Республикасы Президентінің 19 ақпандағы қаулысына сәйкес, Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің 80 жылдығы мен Еске алу және қадірлеу күні лайықты түрде аталып өтуде. Бүгінгі ұрпақтың тыныштығы, еліміздің тұрақтылығы үшін жанын қиған жандардың рухы құрметпен еске алынып отыр. Қазіргі таңда еңбек ардагерлері мен қарттарға да ерекше құрмет көрсетілуде.
Іс-шарада Өзбекстан Қарулы күштері, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың өкілдері, махалла белсенділері мен қариялар да қатысып, осы ескерткішке гүл шоқтарын қойды.
Мемлекет басшысы саябақта орнатылған «Естелік нұры» композициясын да аралап көрді. Ол Екінші дүниежүзілік соғыс пен тылда еңбек еткен өзбекстандық қаһармандардың рухына арнап салынған. Монумент – ұшып бара жатқан екі құс бейнесінде жасалып, аға және жас буын арасындағы сабақтастықты бейнелейді.
Бұл бейне тарихи мұра мен заманауи өнерді өзінде ұштастыра білген. Онда QR-сілтеме орнатылып, келушілер кешен мен соғыс қаһармандары туралы оқып, «Естелік нұры» кітабын жүктей алады.