Жиын басында өткен жылғы макроэкономикалық нәтижелер сараланды. Елдің жалпы ішкі өнімі 7,7 пайызға өсіп, 147 миллиард доллардан асты. Экономикалық өсімнің жартысынан көбі қызмет көрсету саласының үлесіне тиесілі болды. Ауыл шаруашылығында бір гектардан түсетін орташа табыс 4,5 мың доллардан 5 мың долларға дейін көбейсе, еңбек өнімділігі 4,7 пайызға өсті.

Экономикаға озық, энергия үнемдейтін технологиялардың енгізілуі және жоғары қосылған құн беретін жобалардың көбеюі нәтижесінде бір жыл ішінде бір доллар қосылған құн өндіруге жұмсалатын энергия шығыны 15 пайызға азайды.

Мемлекет басшысы 2026 жылға белгіленген көрсеткіштерге тоқталып, 6,6 пайыздық экономикалық өсім арқылы ЖІӨ көлемін 167 миллиард долларға жеткізу жоспары геосаяси ахуал мен экономикалық ауытқуларды ескере отырып жасалған байыпты болжам екенін атап өтті.

Сонымен қатар әрбір министр, әкім және сала басшысы басқарудың жаңа тәсілдерін енгізіп, ресурстарды тиімді пайдаланып, дәстүрлі экспорт нарықтарына тәуелді болмай, жаңа бағыттар ашып, цифрландыру мен жасанды интеллект саласына мамандарды тартып, инновациялар енгізіп, жастарды жұмылдырып, «стартап-клубтар» ұйымдастырса, экономикалық өсімді одан әрі жеделдетуге толық мүмкіндік бар екені айтылды.

Жиын барысында стратегиялық кәсіпорындардың тиімділігі мен шығындарды қысқарту мәселелері де жан-жақты қаралды.

Ұлттық инвестициялық қорды басқаруға тартылған «Franklin Templeton» компаниясының талдауына сәйкес, корпоративтік мәдениетті нығайту, логистика, цифрландыру және энергия тиімділігі бағыттарында айтарлықтай резервтер бар. 19 стратегиялық кәсіпорын басшысына сатып алу жүйесі, логистика, цифрландыру және энергия тиімділігі бойынша нақты шаралар қабылдап, өнімнің өзіндік құнын 10–15 пайызға төмендету тапсырылды.

– Үнемдеу жоспары өндірісті қысқарту есебінен емес, өнімнің өзіндік құнын азайту арқылы жүзеге асырылуы тиіс, – деді Президент.

Сондай-ақ стратегиялық кәсіпорындарды «Бірыңғай қазынашылық» ақпараттық жүйесіне қосу, сатып алуларды тәуекел-талдау негізінде жіктеу арқылы тиімсіз шығындарға тосқауыл қоюдың маңыздылығы атап өтілді.

Өңірлік өнеркәсіпті дамытудағы келеңсіздіктер сынға ұшырады. Соңғы үш жылда республика өнеркәсібі 21 пайызға өскенімен, бірқатар аудандарда бұл көрсеткіш 10 пайызға да жетпеген. Кей өңірлерде несие ресурстары мен инвестициялар өсімі өнеркәсіп өсіміне сәйкес ықпал етпей отырғаны айтылды.

Облыс әкімдерінің бірінші орынбасарларына 12 ауданға барып, бір ай бойы жергілікті жерде жұмыс істеу, өндірісі төмендеген кәсіпорындарды қайта жандандыру және осы аудандарда өнеркәсіп өсімін қамтамасыз ету міндеті жүктелді.

Жалпы республика өнеркәсібін кемінде 8,5 пайызға өсіру бойынша салалық және өңірлік жоспарларды бекіту, бірінші тоқсан қорытындысы бойынша анықталған мәселелерге қарай басшылар қызметіне баға берілетін болады.

 

Өзбекстанда жылына 650 мың дана автокөлік өндіру қуатына ие 4 ірі кәсіпорын бар екені айтылып, биыл 300-ден астам жергілікті кәсіпорынмен кооперация негізінде тағы 763 бөлшек шығаруды бастау және автомобиль өндірісін 510 мыңға жеткізу қажеттігі көрсетілді. Халық сұранысын ынталандыру мақсатында автонесиелердің пайыздық мөлшерлемесін төмендетіп, көлемін арттыру тапсырылды.

Инвестицияларды тарту және жобаларды тиімді іске асыру бойынша жаңа басқару тәсілі арқылы орындалады.

Жоспар бойынша биыл 50 миллиард доллар көлемінде шетелдік инвестиция тарту көзделген. Жаңа жобалар ең алдымен жоғары қосылған құны бар және экспортқа бағытталған өнім өндіруге, ресурстарды тиімді пайдалануға әрі жоғары табысты жұмыс орындарын ашуға ықпал етуі тиіс екені атап өтілді.

Министрлер мен әкімдерге 2026 жылғы инвестициялық бағдарламаға енгізілетін әрбір жобаның нарығы, экспорты, қосылған құны және құрайтын жұмыс орындарын толық талдау тапсырылды.

Инвестициялық жобалар енді тек іске қосумен шектелмей, олардың толық қуатта жұмыс істеуі, жоғары қосылған құн қалыптастыруы және сыртқы нарыққа шығуы қатаң бақылауға алынады. Осыған орай әрбір жобаны іске қосылғаннан кейін үш жыл бойы мониторинг жасайтын «Бірыңғай ұлттық жоба басқаруы» платформасы құрылады.

Өткен жылы ұйымдастырушылық мәселелерге байланысты 55 ірі жоба кешіккені айтылып, биыл құны 165 миллиард доллар болатын 377 стратегиялық жоба ерекше бақылауға алынатын болады.

Шетелдік сапарлар аясында 135 миллиард долларлық келісімдерге қол жеткізілген. Солар қатарында Түркиямен 9 миллиард, Пәкістанмен 1 миллиард 428 миллион долларлық инвестициялық келісімге қол қойылғаны айтылды.

Инвестиция көлемінің артуына байланысты құрылыс саласын дамыту міндеті қойылды. Биыл құрылыс көлемін 400 триллион сумға жеткізіп, салада кем дегенде 17 пайыз өсу болмақ. Әлеуметтік және өндірістік инфрақұрылымға бюджеттен бөлінетін 40 триллион сум құрылыс, құрылыс материалдары, металлургия және электротехника кәсіпорындары үшін үлкен нарық екені атап өтілді.

Сонымен қатар, өңірлердегі «Біріңғай тапсырыс беруші қызметі» инжиниринг компанияларының бақылауын күшейту, Қарақалпақстан, Самарқанд және Ферғана облыстарында тапсырыс беруші қызметіне тәжірибе ретінде жеке секторды тарту маңызды екені атап өтілді.

Энергия тиімділігін арттыру бойынша да нақты тапсырмалар берілді.

Шағын және орта кәсіпорындардың жылдық энергия тұтынуының көлемі ескеріліп, осы санаттағы кәсіпорындарда энергия тиімділігі бойынша жаңа жүйе енгізіліп, үш жылдық бағдарлама әзірленеді. 2026 жылы шағын және орта кәсіпорындарда 100 миллион текше метр газ бен 500 миллион киловатт-сағат электр энергиясын үнемдеу шараларын қабылдау қажеттігі айтылды.

Сонымен қатар, республикадағы 917 мың жарық шамының жылына 330 миллион киловатт-сағат электр энергиясын тұтынатыны және күндіз де жағулы жағдайлары кездесетіні айтылып, жарық бағаналарына кішігірім күн панелі, батарея және күн жарығына қарай өздігінен қосылып-өшетін датчик орнатуды бастау тапсырылды.

Жиында мемлекеттік сатып алуларда жергілікті өндірушілер үлесін арттыру мәселесіне де айрықша назар аударылды.


Айтылғандай, 300 триллион сомдық мемлекеттік сатып алуларда жергілікті өнімдердің үлесі 68 пайызға жеткенімен, Алмалық комбинаты, «Узтрансгаз», «Ұлттық электр желілері», «Uzbekistan Airports» және «Өзбекстан әуе жолдары» жүйелерінде бұл көрсеткіш 40 пайызға да жетпейтіні атап өтілді. Сондай-ақ кәсіпкерлер мемлекеттік сатып алу, сараптама және сертификаттау процестерінде бюрократияның көп екенін, кейбір басшылар әлі күнге дейін «шетелдікі сапалы» деген ескі көзқарастан бас тартпай отырғанын айтып отыр.

Енді министрлер, сала басшылары мен әкімдер әрбір жоба бойынша келіссөз, тендер, құрылыс және шикізат қамтамасыз ету кезеңдерінің барлығында жергілікті өнімдер үлесін арттыруға жеке жауапты болады.

Экономикалық өсімді сыртқы нарықтар арқылы қамтамасыз ету мәселесі жиналыстың жеке бағыты болды.

Президент «ішкі нарықтағы сұраныстың өзі арқылы жоғары экономикалық өсімді қамтамасыз ету мүмкін емес» екенін айтып, министрлер, сала басшылары және әкімдердің негізгі міндеті – жаңа өнімдер арқылы жаңа нарықтарға шығу екенін мәлімдеді.

Өткен жылы экспорт 22 пайызға өсіп, 24 миллиард долларға жеткеніне қарамай, көптеген басшылар экспортта ескі әдістен бас тарта алмай отырғаны мысалдар арқылы көрсетілді. Енді экспортқа қойылатын талап тек көлем бойынша емес, жаңа өнімдер мен жаңа нарықтар бойынша да анықталатын болады.

Ішкі нарықта баға тұрақтылығын қамтамасыз ету, инфляцияға әсер ететін факторларды алдын ала анықтап, нақты шешімдер табу міндеті де белгілі болды.

Қаңтар айында жылдық инфляция 7,2 пайызды құрағаны, оның 45 пайызы азық-түлік өнімдеріне, әсіресе 13 пайызы ет бағасына байланысты қалыптасқаны атап өтілді.

Экономика және қаржы министрлігі жанындағы Салалық нарықтар мен еңбектің өнімділігі орталығына инфляция бойынша ішкі және сыртқы тәуекелдерді алдын ала анықтап отыру, әр аптада аудан және қала нарықтарын талдау, сұраныс болжамын жасау және әр тоқсанда негізгі азық-түлік өнімдері балансының қорытындысын шығару міндеті жүктелді.

Келесі аптадан басталатын қасиетті Рамазан айы қарсаңында ішкі нарықта баға тұрақтылығын қамтамасыз ету бұрынғыдан да маңызды екені атап өтіліп, диқан базарлары мен ірі сауда кешендерінде арзандатылған азық-түлік жәрмеңкелерін ұйымдастыру туралы тапсырма берілді.

Ауыл шаруашылығында да баға тұрақтылығын қамтамасыз ету және халық кірістерін арттыруға бағытталған міндеттер белгілі болды.

Ет өнімінде импортқа тәуелділікті азайту үшін азық-түлік қорын нығайту қажеттігі айтылды. Мысал ретінде «Муборак» ауданында 5 мың гектар жерге жүгері егіле бастағаны айтылды. Биыл тағы да 60 мың гектар жерде осы жұмыстарды ұйымдастыру тапсырылды. Осы арқылы қосымша 350 мың малға кепілдендірілген азық қорын жасау жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, өткен жылы 772 мың тонна картоп импортталғаны ескеріліп, биыл 4,5 миллион тонна картоп өнімін алу қажеттігі айтылды.

Келесі аптадан басталатын қасиетті Рамазан айы алдында диқан базарлары мен ірі сауда кешендерінде арзандатылған азық-түлік жәрмеңкелерін ұйымдастыру тапсырылды.

Жиналыста салалық және өңірлік басшылардың баяндамалары тыңдалды.