Ресми қызмет бар елдер картасында бұл мемлекет те енгізілді. 23 мамырдан бастап Қырғызстан Starlink картасында «бар» деп көрсетілді. Пайдаланушылардан қосылу мүмкіндігін тексеру және қызметке тіркелу үшін веб-сайтта нақты мекенжайды енгізу сұралады.

“Элкат” компаниясы жобаның 25 мамырдан бастап толыққанды белсенді кезеңге өткенін растады және өздерінің инфрақұрылымдық серіктес екенін мәлімдеді, деп хабарлады kaktus.media.

«Элкат» абоненттер жергілікті Қырғызстан IP-мекенжайын алатынын және барлық интернет-трафик терминалдарға тікелей Қырғызстанның егемен трафигі ретінде жасанды жерсерік арқылы жеткізілетінін атап өтті.

Бұған дейін Қырғызстанда Starlink жасанды жерсерігі интернетін іске қосу жұмыстары соңғы кезеңге жеткені хабарланған болатын. Сәуір айында Министрлер кабинеті сынақ жобасына қажетті барлық рұқсаттар алынғанын, ал Starlink талап етілген шарттарды орындап, өкілетті мемлекеттік органдармен келісімдерге қол қойғанын мәлімдеген еді.

«Элкат» компаниясының айтуынша, жасанды жерсерік интернетін енгізу шалғай және жетуі қиын елді мекен тұрғындарын жоғары жылдамдықтағы байланыспен қамтамасыз етуге, сондай-ақ мектептерді, медициналық мекемелерді және басқа да әлеуметтік нысандарды цифрлық ресурстарға қосуға мүмкіндік береді.

Starlink — SpaceX компаниясының жасанды жерсерігі интернет қызметі. Ол төмен орбитадағы жерсерік желісі арқылы интернетке қол жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл әсіресе сенімді жерүсті байланысы немесе талшықты-оптикалық инфрақұрылымы жоқ аймақтар үшін маңызды.