Егер сіз бала кезіңізде ата-анаңызға аязды күні мектепке дейін 300 метр жолды жаяу жүрудің қаншалықты қиын екеніне шағымданған болсаңыз, онда Қытайдың Юньнань провинциясындағы Ничжухэ ауылындағы жағдайды көрмегеніңіз анық. Гуанчжай бастауыш мектеп-интернаты тау шыңында, теңіз деңгейінен 1650 метр биіктікте орналасқан.
2022 жылға дейін бұл географиялық тұйық аймақ жергілікті тұрғындарды сыртқы әлемнен іс жүзінде толық оқшаулап келген. Мектеп оқушылары нағыз тау жолымен жүруге мәжбүр еді. Олар тік жартастардың бойындағы қауіпті соқпақтармен бір бағытта шамамен үш сағат бойы жоғары көтеріліп, мектеп-интернатқа жететін. Кейін дәл сол жолмен кері қайтатын.
Аймақты туристік аймаққа айналдыру туралы шешім қабылданған кезде жағдай өзгерді. 2022 жылы мұнда аспалы жол мен «Синъюнь баспалдағы» деп аталатын алғашқы экскурсиялық лифт іске қосылды. Жартастар бойымен өтетін қауіпті үш сағаттық өрлеу 30 минутқа дейін қысқарды. Ал құрылыс жүріп жатқан кезде Қытайдың бұқаралық ақпарат құралдары бұл жүйені «аспандағы автобус» деп атаған.
Туристер ағынының артуына байланысты 2024 жылғы қазанда мұнда жаңа құрылыс жұмыстары басталды. Негізгі конструкция 2025 жылғы қыркүйекте аяқталды. Ал бір жарым жылға созылған ауқымды жұмыстардан кейін Үлкен каньондағы екінші лифт ресми түрде пайдалануға берілді. Бұл туралы Қытайдың «Жэньминь жибао» газетінің ағылшын тіліндегі басылымы хабарлады.
Жобаға шамамен 68 миллион юань инвестиция салынды. Енді жартастың бойында қатар орналасқан екі алып көтергіш құрылғы бар. Бұл — Қытайдағы осындай бірегей сәулеттік-ландшафтық нысан. Жаңа лифт бұрынғысына қарағанда 20 метр биік, оның биіктігі 288 метрді құрайды. Жолаушылар кабинасы толығымен мөлдір, 360 градусқа шолу жасауға мүмкіндік береді және секундына бес метр жылдамдықпен қозғалады. Бұл туралы vokrugsveta.ru басылымы хабарлады.
Инвесторлар үшін бұл жоба — таза бизнес. Екі лифтінің жалпы өткізу қабілеті сағатына 1200 адамға жетті. Соның арқасында туристік аймақтың тәулігіне қабылдай алатын келушілер саны 4000-нан 15 000 адамға дейін артты.
Ал жергілікті тұрғындар мен Ничжухэ және Гуанчжай ауылдарындағы оқушылар үшін осы жоғары технологиялық жүйелердің барлығы тегін жұмыс істейді.
Мектеп-интернатқа баратын жолдың әрбір кезеңі балалардың діттеген жеріне қауіпсіз әрі уақытылы жетуіне арналған. Алдымен балалар Пули ауылында арнайы бағыттағы автобусқа отырады. Автобус оларды лифтінің төменгі станциясына дейін жеткізеді. Одан кейін оқушылар мөлдір кабинаға отырып, тау шыңына жақын орналасқан алаңқайға көтеріледі. Жоғарыға шыққан соң оларды аспалы жол күтіп тұрады. Арнайы кабинамен шатқалдың үстінен тағы бес минут жүріп өтіп, мектептің есігіне жетеді. Осы «жасыл дәліз» бойында полиция қызметкерлері мен еріктілер балаларға жол көрсетіп, оларды сүйемелдеп жүреді.
Балаларға үлкен мүмкіндіктер ашумен қатар, лифтілер тау қойнауына жол ашып, жергілікті тұрғындар үшін жаңа жұмыс орындарын құрды. Сондай-ақ фермерлік өнімдерді сатуды ұйымдастыруға көмектесті. Мұның бәрі тұтас ауданның әлеуметтік-экономикалық жаңғыруына серпін берді.