Хусниддин Шарапов биылғы жылдың 23 мамырында Қашқадария облысының Китоб ауданында 9 жастағы баланың өмірін сақтап қалған болатын.

Мәліметке сәйкес, шамамен сағат 17:00-де «Боғбон» махалласы аумағынан ағып өтетін Қашқадария өзенінің жағасында велосипед теуіп жүрген бала тепе-теңдігін жоғалтып, суға құлап кеткен.

Оқиға орнында болған Төтенше жағдайлар басқармасының қызметкері Хусниддин Шарапов дереу өзенге секіріп, баланы құтқарып қалған.

Құтқарушының батылдығы мен жанқиярлығы лайықты бағаланып, ол Төтенше жағдайлар министрлігінің «Үздік қызметі үшін» төсбелгісімен және ақшалай сыйлықпен марапатталды.