Бұл талапты АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын алу орталықтары (CDC) енгізіп отыр.
Жаңа тәртіпке орай, әрбір жолаушы АҚШ-қа ұшар алдындағы 21 күн ішінде Конго Демократиялық Республикасының (КДР) аумағында болмағанын растайтын қағаз немесе электрондық декларацияны толтырып, оған қол қоюы керек.
Бұл ретте КДР әуежайы арқылы транзитпен өту де осы елдің аумағында болған деп есептеледі. Тіпті жолаушы ұшақтан немесе әуежайдан шықпаған жағдайда да декларацияны толтыруға міндетті.
18 жасқа толмаған жолаушылар үшін декларациясын олардың ата-анасы, қамқоршысы немесе басқа да өкілетті тұлғасы толтырып, қол қояды.
Декларацияны ұсынбаған жолаушылар рейске жіберілмейді. Сондай-ақ біле тұра жалған ақпарат беру АҚШ заңнамасына сәйкес қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін.
Жолаушыларға жаңа талаптармен алдын ала танысып, әуежайға келмей тұрып декларацияны дайындап қою ұсынылады.
Декларация формасы мен қосымша ақпаратты осы сілтеме арқылы танысуға болады.