Енді бұл аймақ арқылы санаулы ғана мұнай танкерлері өтуде.
Енді Тегеран бұғаз астынан өткен интернет кабельдерінен де табыс таппақ.
Әңгіме халықаралық деректерді тасымалдайтын үш ірі байланыс желісі туралы болып отыр.
Олар арқылы күн сайын шамамен 10 миллиард долларлық қаржылық операциялар жүргізіледі.
Тегеран жаңа төлемдерден мұнай экспорты салдарынан туындаған шығындарды жабу үшін пайдаланбақ.
Иран билігінің мәліметінше, бұл шығындар тәулігіне 220 миллион долларға жеткен.
Мұндай шығындар АҚШ әскери-теңіз флоты Иран порттарын бұғаттағаннан кейін пайда болды, деп хабарлады Kazinform.
— Иран бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, Тегеран кабельдерді пайдаланатын шетелдік компанияларды жыл сайын лицензиялық төлем төлеуге міндеттеуі мүмкін. Бұл жоспар тек экономикалық емес, саяси салдарға да әкелуі ықтимал. Meta, Amazon және Microsoft секілді америкалық технологиялық алпауыттар Ормуз арқылы өтетін кабельдерді пайдаланса, “Иран заңымен” жұмыс істеуге мәжбүр болады. Бұған цензура талаптары да кіреді, — делінген баспасөз хабарында.
Бұған дейін Эбрахим Ризаи АҚШ пен Израиль тарапынан жаңа шабуыл болған жағдайда, Тегеран уранды байыту деңгейін 90 пайызға дейін арттыруы мүмкін екенін айтқан еді.
Ол — Иран парламентінің Сыртқы саясат және ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілі.