Іс-шараға «Янги Ўзбекистон» және «Правда Востока» газеттері редакциясының бас редакторы Салим Дониёров, бас редактордың орынбасары Абу Бакир Ўрозов, Наманган мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры Баходир Хусанов, Өзбекстан Жазушылар одағы Наманган облыстық бөлімшесінің төрағасы Зиёвуддин Мансур, Өзбекстан Журналистер одағы Наманган облыстық бөлімшесінің төрайымы Гулчеҳра Бувамирзаева, ақын, ардагер журналист Носиржон Деҳқонов, белгілі зиялы қауым өкілдері, жазушылар, институттың профессор-оқытушылары, студент жастар және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Шараның негізгі мақсаты – жастарды елімізде жүргізіліп жатқан реформалардың мазмұнымен жақыннан таныстыру, олардың қоғамдық-саяси үдерістерге қатысу белсенділігін арттыру және бұқаралық ақпарат құралдарына деген қызығушылығын күшейту . Кеш барысында сөз сөйлегендер соңғы он жыл ішінде елде жүзеге асырылған түбегейлі реформалар, олардың кезеңдері мен қол жеткізілген нәтижелері туралы жан-жақты баяндады.

Сонымен қатар Наманган облысында да әлеуметтік-экономикалық дамуды қамтамасыз ету, өңір инфрақұрылымын жақсарту, халықты жұмыспен қамту бағытында маңызды жобалардың жүзеге асырылып жатқаны да айтылды. Білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларындағы жаңғырулар аумақ тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға қызмет етіп отырғаны атап өтілді.

Шара барысында Өзбекстан Республикасының еңбек сіңірген журналисі Салим Дониёровтың «Янги Ўзбекистон орзуси» атты кітабы қалың жұртшылыққа таныстырылып, шығармашылық зиялы қауым, педагогтер мен жастар кітаптың мазмұны жөнінде баяндама жасады.

Кеш барысында газеттерде жарияланып жүрген сараптамалық мақалалар, сұхбаттар мен өзекті тақырыптардағы материалдар мысалында журналистиканың қоғам дамуындағы орны кеңінен талқыланды. Қатысушыларға аталған ұлттық басылымдардың белсенді қызметі, қоғамдағы ашықтық пен жариялылықты қамтамасыз етудегі рөлі туралы жан-жақты мәлімет берілді. Сондай-ақ газеттердің әлеуметтік желілердегі қызметі мен контент дайындау бағытындағы жұмыстары туралы ақпарат ұсынылды.

Кездесу соңында қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарға жан-жақты жауап алып, реформалардың тиімділігі жөніндегі пікірлерімен бөлісті.