Мемлекет басшысының 2025 жылғы 27 қаңтардағы «Өзбекстан Республикасының көлік-логистика жүйесін одан әрі дамыту туралы» қаулысына сәйкес, Ташкент қаласын Паркент ауданымен жалғайтын жаңа электрлендірілген теміржол желісі салынды. Биыл қыркүйек айынан бастап Ташкент – Паркент бағытында электропойыз қатынасы іске қосылды.
Жаңа теміржол желісі Ташкент қаласымен Паркент ауданы арасындағы көлік қатынасын жақсартып, тұрғындардың жүріп-тұру мүмкіндігін кеңейтуге, ауданның туристік тартымдылығын арттыруға, кәсіпкерлік пен қызмет көрсету салаларын дамытуға мүмкіндік беріп отыр.
Жоба аясында 535,4 миллиард сум қаржыға ұзындығы 24 шақырым болатын «Байтқорған – Паркент» электрлендірілген теміржол желісі салынды. Бір жаңа станция, үш көпір, автокөлік жолына арналған өткел, 77 су өткізу нысаны және 16 автомобиль мен теміржол қиылысы бой көтерді.
Сонымен қатар 24 шақырымдық контакт желісі мен электр беру желісі тартылды. Жоба нәтижесінде 40 жаңа жұмыс орны ашылды.
Ташкент пен Паркент арасындағы жалпы ұзындығы 57,6 шақырым бағытта алты вагоннан тұратын заманауи «ЭП3Д» электропойызы қатынайды. Құны 124 миллиард сум болатын пойыз 586 жолаушыға арналған және сағатына 120 шақырымға дейін жылдамдықпен жүре алады.
Электропойыз Ташкенттен Паркентке дейінгі жолды 1 сағат 13 минутта жүріп өтеді. Жолақысы 10 мың сум. Бұл осы бағыттағы такси қызметінің орташа құнынан 2,5 есе арзан.
Жаңа бағыт тәулігіне 2 мыңға дейін, жылына 300 мың жолаушы тасымалдауға мүмкіндік береді.
Электропойыз вагондары климатты бақылау жүйесі, жайлы орындықтар, USB қуаттау құрылғылары және тегін Wi-Fi желісімен жабдықталған. Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған көтергіштер мен арнайы орындар, велосипед тасымалдауға арналған құрылғылар, электронды ақпараттық таблолар орнатылған. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін бейнебақылау және соқтығысқан жағдайда соққы күшін бәсеңдететін жүйелер қарастырылған.
Сапар барысында Президент Ташкент облысының экономикалық әлеуетін тиімді пайдалану мәселелеріне де назар аударды. Атап айтқанда, жер ресурстарын ұтымды игеру, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ауыл шаруашылығы мен өнім өңдеу салаларының мүмкіндіктерін кемінде екі есе арттыруға әлеует бар екені атап өтілді.
Мемлекет басшысы Паркенттің жаңа вокзалын аралап көріп, теміржол инфрақұрылымын жетілдіру, вокзалдардағы қызмет сапасын арттыру, жолаушыларға қолайлы жағдай жасау, қатынастың тиімділігін қамтамасыз ету және теміржол бойындағы аумақтарды абаттандыру жөнінде жауапты тұлғаларға тапсырмалар берді.