Өзбекстанда шетелде жұмыс істеуге ниетті азаматтарды нақты жұмыс орындарына мақсатты түрде даярлауға назар аударылып отыр. Бұл ретте тіл үйрету, кәсіптік дағдыларды қалыптастыру, біліктілікті растау және жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу үдерістерін өзара ұштастыру маңызды. Министрлер Кабинеті жанындағы Көші-қон агенттігі құрған бұл орталық осы міндеттерді жүзеге асыруға бағытталған.

Мемлекет басшысына орталықтың мүмкіндіктері, оқу бағдарламалары және шетелдік серіктестермен бірлесіп қолға алынған жобалар туралы мәлімет берілді.

– Он жыл бұрын заңды еңбек көші-қоны бойынша санаулы мемлекетпен ғана келісіміміз бар еді. Бүгінде ашықтық саясатымыздың арқасында жастарымызға көптеген елде лайықты жұмыс мүмкіндіктері ашылып отыр. Мен жастарымызды шетелге жай жұмысшы емес, білікті маман ретінде жібергім келеді. Мақсатымыз – оларға кәсіп үйретіп, жаңа орта мен мәдениетке бейімделуіне көмектесу, – деді Президент.

Шамамен 3,5 гектар аумақты алып жатқан орталықта азаматтың алғашқы өтінішінен бастап, құжаттарын рәсімдеу, тіл мен кәсіп үйрену, емтихан тапсыру және шетелге жұмысқа аттануына дейінгі барлық үдеріс бір жерде ұйымдастырылған. Фронт-офисте кеңес беріліп, виза рәсімдеуге көмек көрсетіледі. Мұнда банк қызметтері, әуе билеттері кассалары мен байланыс орталығы да жұмыс істейді.

Кешенде 600 орындық оқу корпусы, 180 орындық практикалық сабақ бөлмелері, 120 орындық емтихан орталығы және 400 орындық жатақхана бар. Қазір 6 халықаралық жоба аясында 240 тыңдаушы білім алып жатыр. Олардың оқу ақысы мен жатақханасы тегін.

Мемлекет басшысы тіл және кәсіптік оқыту кабинеттеріндегі сабақтармен танысты. Орталықта неміс, ағылшын, жапон, корей, чех, поляк, итальян және словак тілдері оқытылады. Тілдік дайындық бағдарламалары 6 айдан 10 айға дейін жалғасады. Оқу мазмұны шетелдік жұмыс берушілердің сұранысына қарай жаңартылып отырады.

Кәсіптік білім беру 12 бағдарламаны қамтиды. Тыңдаушылар медицина, дәнекерлеу, электр және сантехникалық жұмыстар, қойма логистикасы, құрылыс, қонақүй және мейрамхана қызметі, аспаздық сияқты бағыттар бойынша даярланып жатыр.

– Қай елге барсаңыздар да, сол мемлекетте мәдениетімізді, салт-дәстүріміз бен тарихымызды таныстырыңыздар. Жақында Жапонияның Нагоя қаласының мэрі жастарымыздың мәдениеті мен әдептілігіне тәнті болып, маған хат жолдады. Сіздер туралы да «ұлы тарихы бар ұлы елдің ұрпақтары екен» деген пікір айтылғанын қалаймын, – деді Президент тыңдаушылармен әңгімелесу барысында.

Мемлекет басшысы практикалық симуляция кабинеттерінде коммуналдық және құрылыс салаларына қатысты сабақтардың барысымен танысты. Мұнда тыңдаушылар жұмыс орнындағы жағдайға барынша жақын ортада кәсіби дағдыларын шыңдайды. Атап айтқанда, сантехникалық және электр жүйелерімен жұмыс істеуді үйренеді, ал дәнекерлеушілер ISO 9606 халықаралық стандарттары бойынша даярланады. Оқу жабдықтары Германия, Қытай және Ресейден жеткізілген.

Бұдан кейін Мемлекет басшысы емтихан кабинеттерін аралады. Орталықта тыңдаушыларды халықаралық тіл сертификаттарын алуға даярлауға баса мән беріліп, ÖSD, TELC, J-CERT және EPS TOPIK емтихандарын тапсыру мүмкіндігі жасалған.

– Ағылшын тіліне қандай жағдай жасасақ, неміс және жапон тілдерін де солай үйретеміз. Мектепті бітіргеннен кейін кепілді жұмыс орны болуы үшін тілді де, кәсіпті де мектеп қабырғасынан бастап оқытуымыз керек, – деді Президент.

Даярлық жұмыстары шетелдік серіктестермен бірлесіп жүргізілуде. «Proud Partners», «Onodera User Run», «Deutsche Bahn», «RecruitMed GmbH», «PentaHospital» компаниялары және Перуджа университетінің қатысуымен жүзеге асырылып жатқан жобалар азаматтарды жұмыс берушілердің талаптарына сай оқытып, жұмысқа орналастыруға жәрдемдесуге бағытталған.

Тыңдаушылар үшін коворкинг, спорт алаңдары мен демалыс орындары да қарастырылған. Орталықта 40 жергілікті қызметкер мен оқытушы, сондай-ақ 6 шетелдік тіл мұғалімі жұмыс істейді.

Мемлекет басшысы шетелдік жұмыс берушілердің сұранысын ескере отырып, үміткерлерді іріктеу, тіл мен кәсіпке оқыту және жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу үдерістерін бір арнаға тоғыстырған осы тәжірибені басқа өңірлерде де енгізу жөнінде ұсыныстар айтты.