Өзбекстанда кейінгі жылдары жеке секторды дамыту және инвестиция тарту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды. Қазіргі таңда экономикадағы мемлекеттік үлес 42 пайызды құраса, мемлекет қатысатын кәсіпорындар саны 1 685-ке жетті. Атап айтқанда, өткен жылы шамамен 30 триллион сумдық мемлекеттік активтер жекешелендіріліп, бюджетке 10 триллион сумнан астам кірім түсті. Жер учаскелерін сату көлемі де тұрақты өсіп, 6 триллион сум нәтижеге қол жеткізілді.
Жекешелендіруден мүдделілік жүйесі енгізіліп, өңірлерде 2,6 триллион сум, ал махаллаларда 7 миллиард сум қаражат қалды. Мемлекеттік кәсіпорындар бюджетке 49 триллион сум дивиденд төледі. Жалпы, соңғы бес жылда жекешелендіру есебінен мемлекеттік кәсіпорындар саны 60 пайызға қысқарды.
Сындарлы рухта өткен жиында салада шешімін табуы тиіс мәселелер де атап өтілді.
Ең алдымен, жекешелендіру барысында жұмыс орындарын сақтау, жаңа меншік иелері тарапынан заманауи технологияларды енгізу және өндіріс тиімділігін арттыру талаптарын күшейту қажеттігі айтылды. Өткен жылы тиімсіз жұмыс істеп тұрған мемлекеттік кәсіпорындар саны 362-ге жеткені бұл бағыттағы жұмыстарды жеделдету қажет екенін көрсетті.
Таныстырылымда мемлекеттік кәсіпорындарды талдау жүйесінде заманауи цифрлық құралдар мен жасанды интеллект мүмкіндіктері жеткілікті деңгейде пайдаланылмай отырғаны айтылды. Қаржылық жағдайы нашарлаған 451 кәсіпорын 2024 жылы 14 триллион сум, ал өткен жылы 362 кәсіпорын 4 триллион сум шығынға ұшыраған. Осыған байланысты мемлекеттік кәсіпорындардың қызметін терең талдау, қаржылық тұрақтылығын бағалау және мәселелерді ерте анықтау үшін жаңа механизм енгізу қажеттігі көрсетілді.
Жекешелендіруде талдамалық тәсілдің жеткіліксіз қолданылып отырғаны да атап өтілді. Бұдан былай бұл үдеріс салалық тәсіл негізінде ұйымдастырылып, әр сала жеке талданып, оның әлеуметтік-экономикалық салдары бағаланып, бәсекелестік орта зерттеліп, ұсыныстар осы негізде әзірленетін болады.
Өңірлерде мемлекеттік мүлікті тиімді пайдалану, бос тұрған алаңдарды экономикалық айналымға енгізу мүмкіндіктері толық пайдаланылмай отырғаны айтылды. Осыған байланысты мемлекеттік жылжымайтын мүлік объектілерін кезең-кезеңімен бірыңғай басқару жүйесіне өткізу, бір қызметкерге шаққандағы орташа алаңды 27 шаршы метрден 12–15 шаршы метрге дейін қысқарту ұсынылды. Осы арқылы 4,9 миллион шаршы метр алаңды экономикалық айналымға енгізу, бос ғимараттарды сауда мен жалға беру, сондай-ақ сақтау және коммуналдық шығындарды азайту мүмкіндігі туындайды.
Жиында кәсіпкерлерге берілген, бірақ толық игерілмеген жер учаскелері мәселесіне де ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, 2022–2025 жылдары бөлінген 11,4 мың гектар жердің 3,1 мың гектарында экономикалық қызмет толық жолға қойылмағаны айтылды.
Осыған байланысты жер учаскелерінің нақты жағдайын онлайн мониторинг жасау, оларды дайын жобалар негізінде аукционға шығару және инвестиция тарту талаптарын күшейту қажеттігі айтылды. Бұл үшін «E-auksion», «Yerelektron», «Узбеккосмос», «Шаффоф қурилиш» және «UzKAD» сияқты ақпараттық жүйелерді өзара интеграциялау арқылы тиімсіз пайдаланылып жатқан жерлерді анықтау жүйесін енгізу ұсынылды.
Аталған жерлерді экономикалық айналымға енгізуде жергілікті әкімдіктердің рөлін күшейту тапсырылды. Енді кәсіпкерлік мақсаттарға арналған жер телімдері рұқсат құжаттарымен бірге дайын бизнес-жоба ретінде аукционға шығарылады.
Сондай-ақ ірі активтерді, соның ішінде «UzAuto Motors» және оның құрамындағы кәсіпорындарды, «Навоиазот», сондай-ақ жылу электр станцияларын жекешелендіруге дайындау жұмыстары туралы ақпарат берілді.
Мемлекеттік активтерді басқару агенттігінде цифрлық технологиялар жобалық офисін құру ұсынылды. Бұл жүйе аясында жекешелендірудің барлық кезеңдері онлайн бақылауда болады, ал мемлекеттік кәсіпорындардың қаржылық талдауы мен түсімдерді бөлу процестеріне жасанды интеллект элементтері енгізіледі.
Мемлекет басшысы экономикадағы мемлекеттік үлесті одан әрі қысқарту, активтерді тиімді пайдалану және жекешелендіру үдерістерін заманауи тәсілдер негізінде жеделдету бойынша жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар берді.