Соңғы екі жылда салық базасының кеңеюі есебінен бюджетке түсетін кірім көлемі экономика өсімінен де жылдам артып келеді. Халықаралық валюта қоры бұл нәтижелерге салық әкімшілігін күшейту және көлеңкелі экономиканы қысқарту арқылы қол жеткізіліп отырғанын атап өтті. Сонымен қатар, жүйелі реформалар арқылы 2030 жылға қарай салық түсімдерін 491,5 триллион сумға жеткізу, ал жасырын экономиканың үлесін 28 пайыздан 19,6 пайызға дейін төмендету көзделген.

Жиында салық түсімдерін арттырудағы негізгі резерв – көлеңкелі экономиканы қысқарту екені атап өтілді.

Мемлекет басшысы цифрлық талдау мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін кеңінен пайдаланып, «ақылды» бақылау жүйесін енгізу арқылы биыл бюджетке қосымша 30 триллион сум кірісті қамтамасыз ету қажеттігін айтты. Бұл сауда және қызмет көрсету, өнеркәсіп, құрылыс, қоғамдық тамақтану және басқа да салаларда P2P операцияларды мониторингтеу, тауарларды таңбалау, цифрлық бақылауды күшейту, жүктерді құжатсыз тасымалдауды автоматты анықтау және бейресми жұмыспен қамтуды заңдастыру арқылы жүзеге асырылуы мүмкін.

Сондай-ақ базарлар мен сауда кешендерінде бақылаудың толық жолға қойылмағаны, цифрландыру деңгейінің төмендігі салдарынан бұл бағыттағы мүмкіндіктер толық пайдаланылмай отырғаны айтылды. Қазіргі таңда бұл нысандарда 72 мыңнан астам бөлшек сауда субъектісі жұмыс істейді. Алайда олардың 38 мыңнан астамы айлық тауар айналымын 1 миллион сумнан төмен көрсеткен, ал 40 мыңнан астамы күніне небәрі 2–3 чек береді. Бұдан бөлек, 12 мың сауда нүктесі бойынша жалдау шарттары тіркелмеген. Соның салдарынан 37 мың кәсіпкер айына 500 мың сумнан аз салық төлеген.

Осыған байланысты базарлар мен сауда кешендерін толық цифрландыру, бақылау, салық қызметі және цифрлық мониторингті өзара интеграциялау қажеттігі көрсетілді.

Жиында стратегиялық емес ірі салық төлеушілерге өңірлерде қызмет көрсету мәселесі де қаралды.

Атап айтқанда, 209 мың ҚҚС төлеушінің салық органдарынан алыс орналасуы қызмет көрсету мен бақылау тиімділігін төмендеткені айтылды. Осыған байланысты 500 стратегиялық емес кәсіпорынды облыс деңгейіне, ал 103 мыңнан астам ауыл шаруашылығы, сауда және қоғамдық тамақтану кәсіпорындарын аудан деңгейіне беру ұсынылды. Бұл тәсіл қызмет сапасын арттырып, мәселелерді жедел шешуге және бақылау тиімділігін күшейтуге мүмкіндік береді.

Кәсіпкерлер үшін салық әкімшілігін жеңілдету мәселесіне де ерекше назар аударылды.

Сауалнама нәтижелері бойынша кәсіпкерлер тексерістердің көптігіне, есеп тапсыру мен салық төлеу рәсімдерінің күрделілігіне наразылық білдірген. Осыған орай «автокамерал» бақылауды жазалау құралы емес, қателерді ерте анықтап, түзетуге бағытталған профилактикалық жүйеге айналдыру, кәсіпорындарды тәуекел деңгейіне қарай «жасыл», «сары» және «қызыл» санаттарға бөлу қажеттігі айтылды.

Сонымен қатар 6 түрлі есептілікті адам араласуынсыз автоматты түрде қалыптастыру және бірыңғай салық шотына көшу барысы туралы ақпарат берілді. Қазіргі таңда 198 мың жағдайда есеп тапсыру мерзімі бұзылған, 14,7 мың салық төлеуші есеп бермегені үшін 396,6 миллиард сум айыппұл салынған. Сондай-ақ төлем шоттарының көптігі салдарынан 20 мыңға жуық қателік жіберілген.

Жаңа жүйе енгізілген жағдайда негізсіз салық қарыздары, артық төлемдер мен өсімпұлдар азайып, кәсіпкерлер шамамен 8,4 триллион сум үнемдей алады. Сонымен бірге тексерістер саны қысқарып, есептілік сапасы жақсарып, өтініштерді қарау жеделдейді және колл-орталықтардың жұмысы едәуір тиімді болмақ.

Таныстырылымда салық органдары қызметіндегі басты мәселе ретінде кадрлық әлеует те көтерілді.

Соңғы жылдары бұл бағыттағы жұмыстар жеткіліксіз жүргізіліп, кадр тұрақсыздығы артқаны айтылды. Қызметкерлердің біліктілігін арттыру деңгейі төмен, материалдық ынталандыру жүйесі заман талабына сай емес, әлеуметтік қолдау жеткіліксіз екені атап өтілді. Мәселен, 2022 жылы 3 мыңнан астам қызметкер біліктілігін арттырса, өткен жылы бұл көрсеткіш небәрі 700 адамды құраған.

Осыған байланысты кадрларды даярлау мен қайта оқыту, үздіксіз білім беру жүйесін қалыптастыру, материалдық және әлеуметтік ынталандыруды күшейту бойынша жаңа ұсыныстар берілді. Сондай-ақ Салық комитеті жанындағы Салық академиясының материалдық-техникалық базасын нығайту шаралары белгіленді.

Мемлекет басшысы салық әкімшілігіне цифрлық технологиялар, талдау және жасанды интеллект негізінде мүлде жаңа жұмыс тәсілдерін енгізу, кәсіпкерлер үшін қолайлы әрі әділ салық ортасын қалыптастыру, сондай-ақ білікті кадрлар корпусын дамыту бойынша нақты тапсырмалар берді.

Салық жүйесін «тексеруден – сервиске» қағидаты негізінде трансформациялау, қызмет көрсету сапасын арттыру және бақылаудың заманауи, тиімді тетіктерін енгізу басым бағыт ретінде айқындалды.