Бұл туралы Санитариялық-эпидемиологиялық тыныштық және қоғамдық денсаулық комитеті мәлімдеді.

Комитеттің хабарлауынша, Эбола вирусы негізінен Африка құрлығында кездесетін ауыр жұқпалы ауру. Ол науқас адамнан немесе жануардан қан және басқа да биологиялық сұйықтықтар арқылы жұғады.

Мәліметтерге орай, биыл Африка елдерінде Эбола ауруының 263 расталған жағдайы тіркелген. Қазіргі уақытта Конго Демократиялық Республикасы індеттің негізгі ошағы болып саналады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы аурудың жаһандық пандемияға айналу ықтималдығын төмен деп бағалап отыр.

Комитеттің мәліметінше, аурудың елге кіріп келуінің алдын алу мақсатында мемлекеттік шекаралар арқылы келетін азаматтарға тұрақты медициналық бақылау жүргізілуде.

Сонымен қатар, азаматтарға Эбола вирусы кең таралған мемлекеттерге бармау, жеке гигиена талаптарын қатаң сақтау және қауіпті аймақтардан оралғаннан кейін өз денсаулығын мұқият бақылау ұсынылды.

Мамандар дене қызуының көтерілуі, әлсіздік, құсу немесе іш өту сияқты белгілер байқалған жағдайда дереу дәрігерге қаралу қажеттігін ескертті.