Іс-шараға Президент Шавкат Мирзиёев қатысып, халқымызды ұлық мерекемен құттықтады.
Мемлекет басшысы ұлы мерекенің бірегейі Жаңа Ташкентте өтіп жатқаны мерекелік көңіл-күйді одан сайын арттырып отырғанын атап өтті. Жаңа Ташкент елордамыздың ажарын айшықтап, Жаңа Өзбекстанның қуаты мен әлеуетін танытатын нағыз даму орталығына айналатынына сенім білдірілді.
Президентіміз халықтың 1991 жылы өз ерік-жігері мен табандылығының арқасында мемлекеттік тәуелсіздікке қол жеткізгенін атап өтті. Ұлы тәуелсіздігіміздің тамыры ежелгі мемлекеттілік дәстүрлеріміз бен өркениетімізден бастау алып, оның тарихы үш мың жылдан астыны айтылды.
Тәуелсіздік халқымызға өзінің абыройы мен мәртебесін, қасиетті дінін, ана тілін және ұмытыла бастаған ұлттық құндылықтарын қайтарды. Салтанатты шарада бүгінгі еркіндіктегі өмір үшін жанын қиған ұлы бабаларымыз бен жәдидтердің рухына, тәуелсіздігімізді нығайтуға үлес қосқан барша марқұм отандастарымыздың еңбегі мен ерлігіне құрмет көрсетілді.
Тұңғыш Президентіміз, көрнекті саясаткер әрімемлекет қайраткері Ислам Абдуғаниевич Каримовтің еңбегі зор құрметпен еске алынды.
Мемлекет басшысы тәуелсіздіктің маңызы, ең алдымен, адам қадірі мен еркіндіктегі өмірден көрініс табатынын атап өтті.
Реформалардың алғашқы күндерінен бастап халықтың үніне құлақ асу, елдің мұң-мұқтажын шешу басты мақсат ретінде белгіленіп, «Адам қадірі үшін!» деген қағида мемлекеттік саясаттың өзегіне айналды. Ең алдымен, халықты жылдар бойы қинаған «мақта құлдығы», «мәжбүрлі және балалар еңбегі», «валютаны айырбастауға қойылған шектеулер», «прописка» сияқты мәселелердің бәрі оңтайлы шешімін тапты.
Ең бастысы, азаматтардың жүрегіндегі қорқыныш пен алаңның орнын сенім мен тыныштық басты. Үлкен саяси ерік-жігердің арқасында Өзбекстан әлемге кеңінен ашылып, шекара мәселелері шешілді, көршілес мемлекеттермен достық пен ынтымақтастық нығая түсті.
Валюта, салық, кеден және инвестициялық саясаттағы түбегейлі өзгерістердің нәтижесінде елдің Экономикалық еркіндік индексіндегі көрсеткіші 80 сатыға жақсарды. Бұған дейін экономикаға жылына 2–3 миллиард доллар көлемінде шетелдік инвестиция тартылса, қазір бұл көрсеткіш 40–50 миллиард долларға жетті. Инвестициялармен бірге елге озық технологиялар, заманауи білім мен жаңа экономикалық мүмкіндіктер де келіп жатыр.
Үш жыл бұрын 2030 жылы жалпы ішкі өнім көлемін 160 миллиард долларға жеткізу жоспарланған еді. Әлемдік логистикадағы үзілістер мен жаһандағы тұрақсыздыққа қарамастан, бұл меже биылдың өзінде артығымен орындалатыны және Өзбекстан табысы ортадан жоғары мемлекеттер қатарына қосылатыны атап өтілді.
Мұндай нәтижелерге халқымыздың қажырлы еңбегі, зияткерлік әлеуеті, ұлт пен мемлекет бірлігінің арқасында қол жеткізіліп отырғаны ерекше атап өтілді.
Жаңа дәуірде 650 мыңнан астам отбасы заманауи тұрғын үйге ие болып, мыңдаған махаллаға Жаңа Өзбекстанның жаңа келбеті еніп келеді. Кедейлік мәселесі ашық мойындалып, мұқтаж отбасылардың табысын, кәсібін, денсаулығын, балаларының білім алуын және тұрмыс жағдайын жақсартуға бағытталған «махаллабай» жұмыс жүйесі жолға қойылды.
Жүйелі жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде кедейлік деңгейі 2017 жылғы 35 пайыздан 4 пайызға дейін төмендеді. Бұл көрсеткіштердің артында тұрмысына береке кіріп, өмір сапасы жақсарған 10 миллион адамның қуанышы мен шүкіршілігі самсап тұрғаны атап өтілді. Осылайша, әлеуметтік саясаттың басты өлшемі құр цифрлар емес, адам мен отбасы өміріндегі нақты өзгерістер болуы керектігі берік орнықты.
Президент білімді, болашақ мамандықтарды жетік меңгерген және өз бетінше ойлай алатын жаңа буын мамандары елдің әлемдік қауымдастықта лайықты орын иеленуі үшін аса қажет екенін атап өтті. Осыған байланысты білім беру жүйесіне сапа мен жаңа мазмұн енгізіліп, мұғалімнің беделі қалпына келтіріліп, еңбекақысы кезең-кезеңімен арттырылып келеді.
Артта қалған он жылда халық саны 8 миллионға артқанымен, мектепке дейінгі біліммен қамту деңгейі 78 пайызға жеткізілді, мектептерде 1,5 миллион қосымша оқушы орны құрылды. Президенттік, шығармашылық және мамандандырылған мектептер, сондай-ақ шет тілдері мен кәсіптік дағдыларды меңгеруге жасалған мүмкіндіктер білім беру жүйесіне жаңа мазмұн әкелді.
Жоғары оқу орындарындағы студенттер саны 1 миллион 600 мыңға жетті. Ата-аналар үшін баласының жоғары білім алуы енді арман ғана емес, қол жеткізуге болатын мақсатқа айналды.
Біліммен қатар ғылым, заманауи технологиялар мен инновациялар ел дамуының шешуші факторлары ретінде белгіленді. Ақпараттық технологиялар, жасанды интеллект және креативті экономиканы дамытуға жаңа серпін беріліп, 10 миллион жасты цифрлық индустрия мен болашақ мамандықтарға тарту мақсат етілді.
Мемлекет басшысы Өзбекстан технология саласында әлемге озық бастамалар ұсынатын орталыққа айналуы, ал өзбек тілі цифрлық әлемде ғылым мен технология жасалатын тіл болуы керектігін атап өтті.
Халық денсаулығын қорғауға бөлінетін қаржы кейінгі жылдары 8 еседен астам өсті. Сапалы медициналық қызмет алу мүмкіндігі Ташкентте де, өңірлерде де кеңейіп, 652 жаңа медициналық мекеме салынды және жеке сектордың дамуына кең жол ашылды.
Соның нәтижесінде медициналық қызметтердің көлемі 3 есеге артты. Бұған дейін шетелде жасалған 100-ден астам күрделі диагностика және емдеу әдісі елімізде енгізілді. Халықтың орташа өмір сүру ұзақтығы 1991 жылғы 66,4 жастан 2025 жылы 75,4 жасқа дейін ұзарды, ал сәби мен ана өлімі 4 есеге азайды.
Халқымыздың баға жетпес рухани мұрасына лайықты түрде Ислам өркениеті орталығы, Имам Бұхари және Бұрһаниддин Марғинони атындағы мемориалдық кешендер секілді бірегей ғылыми-ағартушылық орталықтар бой көтерді. Бұл нысандардың елімізде ғана емес, ислам әлемінде және бүкіл дүниежүзінде жоғары бағаланып отырғаны атап өтілді. Ұлы бабаларымыздың ғылыми-рухани мұрасын зерттеп, оны әлемге кеңінен насихаттауға бағытталған осындай жасампаз жұмыстар бұдан әрі де жүйелі түрде жалғастырылады.
Мемлекет басшысы Жаңа Өзбекстанның жастарын елдің ең үлкен байлығы әрі ертеңгі күннің шешуші күші деп атады.
Токио мен Парижде өткен Олимпиада және Паралимпиада ойындарындағы тарихи жетістіктер, футболшыларымыздың алғаш рет әлем чемпионатына қатысуы, жастардың халықаралық пән олимпиадалары, байқаулар мен фестивальдердегі жеңістері халқымызға зор мақтаныш сыйлауда. Самарқандта өтетін Дүниежүзілік шахмат олимпиадасы мен гроссмейстер Жавахир Синдоровтың шахматтан әлем чемпионы атағы үшін күресі қарсаңында жастарымызға сәттілі тілектері айтылды. Ұл-қыздарымыз алға ұмтылудан және үздіксіз ізденуден ешқашан тоқтамауға шақырылды.
Президент Өзбекстан дамудың мүлде жаңа кезеңіне қадам басып отырғанын атап өтті. «Алдағы онжылдық біз үшін ұлттық өрлеу дәуірі болады», – деді Мемлекет басшысы және осы мақсатқа халқымыздың ақыл-парасаты, еңбегі мен бірлігі арқылы қол жеткізілетінін атап өтті.
Осыған орай алдағы жылдары адам қадірін одан әрі арттыруға бағытталған жеті ұлттық бағдарлама жүзеге асырылады. Олар білім мен денсаулық сақтаудан бастап, жоғары технологиялы экономика, экология, әділет, махалла және сыртқы саясатқа дейінгі басым бағыттарды ортақ мақсат төңірегіне біріктіреді.
Бірінші ұлттық бағдарлама білім мен білікті ел дамуының негізгі капиталына айналдыруға бағытталады.
Екінші ұлттық бағдарлама халқымыздың дені сау болып, ұзақ өмір сүруін қамтамасыз етуге қызмет етеді.
Үшінші ұлттық бағдарлама экономиканы жоғары технологиялар мен еңбек өнімділігіне негізделген модельге көшіруге бағытталған.
Төртінші ұлттық бағдарлама су мен табиғатқа деген көзқарасты түбегейлі өзгертуге бағытталады.
Бесінші ұлттық бағдарлама сот тәуелсіздігін күшейтіп, заң үстемдігін ортақ құндылыққа айналдыруды көздейді.
Алтыншы ұлттық бағдарлама махалланы қоғам дамуының негізгі тапсырыс берушісіне айналдырады.
Жетінші ұлттық бағдарлама Өзбекстанның бейбітшілік пен достық мекені, толерантты ел ретіндегі беделін жан-жақты арттыруға бағытталады.
Еліміздің ашық, прагматикалық және бейбітсүйгіш саясаты ұзақ мерзімді дамуды қамтамасыз етуге қызмет етіп келеді. Орталық Азияда тату көршілік, стратегиялық серіктестік және достық байланыстарды кеңейтуде тарихи жетістіктерге қол жеткізіліп, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы, Еуропалық Одақ, Америка, Азия-Тынық мұхиты өңірі және араб-мұсылман әлемі елдерімен қарым-қатынас нығайды.
Шығыс Еуропа, Африка және Латын Америкасында жаңа ынтымақтастық бағыттары ашылып, Өзбекстанмен дипломатиялық қарым-қатынас орнатқан мемлекеттер саны 170-ке жуықтады. Көпвекторлы, байыпты әрі теңгерімді сыртқы саясат пен экономикалық дипломатия жүйелі түрде жалғастырылады.
Өзбекстан 2027–2029 жылдары Қосылмау қозғалысына алғаш рет төрағалық етіп, 120-дан астам мемлекетті біріктіретін осы жаһандық құрылымның тиімділігін арттыруға бағытталған бастамаларды алға тартады. Ауғанстанға қатысты сындарлы саясаттың да дәйекті түрде жалғастырылатыны атап өтілді.
Мемлекет басшысы салтанатты шараға қатысқан дипломатиялық корпус өкілдеріне, шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлеріне, сондай-ақ АҚШ, Түркия және Сингапурдан келген жоғары лауазымды қонақтарға нәтижелі ынтымақтастық үшін алғыс білдірді.
Президент сөзінің соңында халқымызға зор сеніммен: «Біз бүгін кешегіден күштіміз. Нәсіп болса, ертең бұдан да күшті боламыз. Отыз бес жылдық тәуелсіз даму жолы бір ақиқатты көрсетті: халық пен мемлекет бір мақсат жолында бірігіп, табанды түрде әрекет етсе, алынбайтын асу болмайды».
Өзбекстан басшысы халқымызды біртұтас Отан, біртұтас халық ретінде жаңа өмір мен ұлы болашақты бірге құруға шақырды. Еліміздің алтын дәуірі мен жаңа ұлы тарихы халқымыздың қайсарлығы, қажырлы еңбегі мен бірлігінің арқасында жасалатынына сенім білдірді.
Мемлекет басшысы халқымызды Өзбекстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігінің 35 жылдығымен тағы да құттықтап, елімізде бейбітшілік, әр шаңырақта береке мен бақ-дәулет болуын, азат елдің айбынын асқақтатып, тәуелсіздіктің тұғырын бекемдеп келе жатқан халыққа ақжолтай тілек арнап, барша жұртты бірлік пен жасампаздыққа үндеген сөзін: «Жасасын Өзбекстан Республикасы! Жасайбер Өзбекстан халқы!» – деген үндеумен аяқтады.