Жиынға Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің делегациялары мен ұйымның тұрақты жұмыс істейтін органдарының басшыларымен қатар, бақылаушы және серіктес елдердің көшбасшылары, құрметті қонақтар, Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Антониу Гутерриш және басқа да халықаралық ұйымдардың жоғары лауазымды өкілдері қатысты.

Өзбекстан Президенті өз сөзінде қазіргі әлемдегі ауқымды өзгерістер жағдайында БҰҰ мен өңірлік ұйымдардың рөліне тоқталды.

– Мемлекеттер мен аймақтық бірлестіктер жаһандық институттардың әмбебап міндеттерін неғұрлым тиімді атқаруына қалай ықпал ете алатынын айқындау маңызды, – деді Мемлекет басшысы.

Осы ұстанымға сәйкес, БҰҰ өзінің негізгі үйлестіруші рөлін сақтап қалуы қажет. Ал өңірлік ұйымдар жергілікті жағдай, қажеттілік пен мүмкіндіктерді ескере отырып, ортақ қағидаттар мен қабылданған шешімдердің жүзеге асуына қолдау көрсетіп, жаһандық күш-жігерді толықтыра түсуі тиіс.

Осы тұрғыдан алғанда, «ШЫҰ плюс» форматы мемлекеттерді, аймақтар мен халықаралық ұйымдарды ортақ күн тәртібі төңірегіне топтастыратын маңызды алаңға айнала алады. Мұнда түрлі бастамаларды өзара үйлестірумен қатар, жаһандық басқару жүйесінің жаңа архитектурасын қалыптастыру жөнінде мазмұнды пікір алмасуға мүмкіндік бар.

Өзбекстан Еуразия кеңістігінде ашық әрі өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға мүдделі.

– Біз үшін өзара байланыстылық – стратегиялық дербестік пен тұрақтылықтың кепілі. Біз жаңа бөліну шептерін қалыптастырмайтын, керісінше мүмкіндіктер аясын кеңейтетін көпполярлы әлемді қолдаймыз. Өңірлік жобалар мен бастамалар бір-бірімен бәсекелеспей, керісінше өзара тиімді толықтырып отыруы керек, – деді Мемлекет басшысы.

Кездесудің күн тәртібіне сәйкес, Өзбекстан басшысы ынтымақтастықты дамытудың бірқатар перспективалы бағыттарын ұсынды.

Атап айтқанда, «ШЫҰ плюс» форматын орнықты экономикалық өсім, озық технологияларды енгізу, климаттың өзгеруіне бейімделу, адами капиталды дамыту, баршаға қолжетімді білім беру және жастарды қолдау мәселелері бойынша өңіраралық диалог алаңына айналдыру ұсынылды.

Тәжірибе алмасу, ұстанымдарды үйлестіру және БҰҰ аясында ортақ шешімдерді ілгерілету мақсатында «ШЫҰ плюс» форматы өңірлік ұйымдар арасындағы ынтымақтастық желісін қалыптастыратын тиімді платформа бола алады.

БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуде өңірлік ұйымдардың әлеуетін барынша пайдалану да маңызды міндеттердің бірі ретінде атап өтілді.

Тәжірибе алмасудың тиімді тетігі ретінде табиғи ресурстарды пайдалану, «жасыл» энергетика, цифрлық қызметтер және денсаулық сақтау салаларындағы өңіраралық жобалар мен технологиялардың Ашық банкін құру ұсынылды.

Экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге де ерекше мән берілді.

– Кәсіпкерлік орта нақты нәтижені нарықтарға шығу рәсімдерінің жеңілдетілуі, трансшекаралық көлік дәліздерінің іске қосылуы және тікелей инвестициялар ағыны арқылы сезінуі тиіс, – деді Президент.

Осындай нақты нәтижелерге қол жеткізу үшін «ШЫҰ Инвест» форумын тұрақты жұмыс істейтін платформаға айналдыру бастамасы көтерілді.

Саяси жүйесі, мәдени дәстүрі мен халықаралық үдерістерге көзқарасы әртүрлі мемлекеттердің ынтымақтастық саласында жинақтаған бірегей тәжірибесін одан әрі дамыту мақсатында «ШЫҰ плюс» мәдениеттер мен өркениеттердің тұрақты форумын құру ұсынылды. Бұл ауқымды диалог алаңын ғылым мен ағартушылықтың ежелгі орталығы Хиуа қаласында өткізу бастамасы айтылды.

Сөзінің соңында Мемлекет басшысы «ШЫҰ плюс» форматы – уақыт талабынан туындаған маңызды диалог алаңы екенін, мемлекеттер мен өңірлер арасындағы ортақ мүдде мен өзара түсіністік нүктелері неғұрлым көп болған сайын, тұрақтылық пен сенімнің негізі де соғұрлым берік бола түсетінін атап өтті.